Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаралы шағала қанаты

14.05.2020, 16:58 1720

HALYQLINE.KZ «Белараңның» шағалаларының түрі бөлек. Мұнда ақ тұмсық, қара тұмсық шағалалар бар. Ол таза балықпен қоректенетін болғандықтан «әуес ас» деп балықшылар кейде атып алып, қуырып жейтіні бар.

…Түс ауа Аралдың салқын самалы соқты. Күн қызуы да басылғандай. Әбең мен Ілекең қолдарына мылтық ұстай шықты. Балықшылар ауылынан алыстау жерге барып, әуелі консерві банкісін атып көрді.

− Әбе, соғыста артиллерист болып едіңіз, мерген бе десем, соғысты «көрген» болып шықтың ғой.

− Дұрыс айтасың. Ілеке-ау. Мен ауыр артиллерияда соғыстым. Ол фашистердің плацдармдарына шабуыл алдында кемінде 15-20 шақырым жерден атады. Оның қайда тиіп жатқанын мен қайдан білейін. Бәленбай фашисті өлтірдім деп те айта алмаймын.

− Е, онда қуғанда артта, қашқанда алда болдым десеңші…

Өз қалжыңдарына екеуі де мәз.

− «Курландияны» сол үшін жақтырмайтын болдың ғой…

− Сен қадалған жеріңнен қан алмай отыр. Одан да ана қара тұмсық шағаланы ат. Мергендігіңді көрейін.

− Қара, қара, Әбе! Қара тұмсық шағалалар көрінісімен ақ тұмсық шағалалар ізім-қайым жоғалды.

− Көрдің бе, Ілияс дос. Мықты кеме келгенде қайық судан шығады. Сен келіп ең қонақ шақырғыш ағайындарға зар болдық. Ештеңе керек емес деп зәрелерін алғанбыз ғой…

− Әбе, осы дұрыс. Қонақ мезі қылып жібереді. Менің іздегенім тыныштық, Сен мені сиқырлы Аралға алып келдің. Қандай тамаша!

− Ірі қанат қара тұмсық шағалалар истребитель самолеттар секілді зу-зу етіп ұшып жүр. Биіктен самғап, балықтарды бүріп әкетіп жатыр.

− Біздің нәпақамызды жеп жатыр. Қаратұмсыққа жем боламыз ба? Ат, − дейді Әбең.

Ілияс ары атты, бері атты. Бірақ қаратұмсық шағалалар Ілиястың оғына пысқырмайды. Балықтарды іліп әкетіп жатыр, бүріп әкетіп жатыр.

− Ат деймін, көздеп ат…

Мылтық тарс-тарс атылғанмен бір бытыра дарысашы.

− Бытыраны жел шашыратып жатыр.

− Ендеше желдің жылдамдығын ескере атсаңшы.

− Солай-ақ атып жатырмын. Бірақ менен мерген шықпады. Ана топқа қаратып бір атайын.

Ажал оғы бұрқ ете түсті. Бір уыс бытыра топтана ұшып бара жатқан құсқа қарай жөңкіді. Бір шағала қанатын салбыратып, желге қарсы ұша алмай, бір қанатын сабалап, әудем жерге барып қанатын сыза құлады.

− Түсірдің, түсірдің…

Мылтық жайына қалды. Отыздың отты шағында жүрген екі дос балаша секіріп, қаратұмсық шағаланы қаумалай жүріп ұстап алды.

− Бір қуырдақ боларлық екен. Ірі, бір өзі бір табақ ет болады.

− Әбеке-ау, бұл тірі шағала ғой. Оны қалай жейміз? Әшейін топшысын жанай тиіпті. Байлап, матап қойсаң, бір-екі күнде ұшып та кетеді. Балығын беріп, суын ішкіземіз.

Әбекең шағала сырын жақсы біледі. Қарап шықты да, сақ-сақ күлді.

− Әбе, неге күлесің?

− Неге күлмейін? Бұл қорқақ шағала екен. «Ханде хок» десең фашист құсап қолын көтере қалады. Мынау да соның бірі. Бытыра жанай тигенге есі кетіп, құлай салды.

Бұл күн осылай аяқталды. Босағада жатқан қаратұмсық біраздан кейін есін жиды ма, әлде қауіптің жоғын сезді ме, шаңқ етіп ұшты да ғайып болды.

Екі дос құс қуырдақсыз қалса да, аш қалмады. Оларды бекіре балықтан жасалған бесбармақ күтіп тұр еді…

Уәлихан ҚАЛИЖАН.

Facebook-тегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: