Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңбырлы күн

21.01.2021, 9:30 1119

Ауа райының сүйектен өтерлік салқыны бар күндерінің бірі. Айналаны түгел басқан көктұманды қақ жарып, жоғарыға көтерілетін бұрылыстан көлікпен өттім. Оның қасымда отыр дегені болмаса, үні шықпады. Екеуміз де мұның соңғы кездесу екенін білдік.

Жол бойына оны алғаш кездестірген сәттен бастап бірге өткізген барлық сәттерді есіме түсіріп келемін. Қандай бақытты едік!.. Біздің қарым-қатынасымызды бұзған бір ғана нәрсе еді. Ол – дін. Иә, ол басқа дінді ұстанған, сондықтан біздің ата-анамыз шексіз сезіміміз болса да қарсы шықты. Менің бар ашу-ызам көліктің спидометрінде ғана көрініп келеді.

 – Өтінемін, ақырын жүріңізші, – деді ұзақ үнсіздіктен кейін.

Көзімнің қырымен қарап едім, сөмкесінің үстіндегі қолы дір-дір етіп отырғанын көрдім.

 – Тоқтай аласыз ба? – деді.

Ол маған ауырып отырғандай көрінді. Мен жол бойындағы гүлдеп тұрған ағаш түбіне тоқтадым. Жерге гүлін төгіп, табанындағы жерді түгел қызыл гүлмен көмкеріп тастаған.

 – Неге мені тоқтаттың?

Ол сөмкесінен оралған шыныны шығарды. Бұл – оның сүйікті бренді.

 – Мынаны алыңызшы. Мені ұмытпаңызшы, өтінемін, – деді.

Оның көздері жасаурай бастады. Мен не айтарымды білмедім. Жүрегім мұздап бара жатқанын сездім.

 – Жоқ, мен қымбат сыйды ала алмаймын. Бұл хош иіс сені күн сайын еске түсіреді. Мен сенімен бірге болған барлық күндерді менің өмірімнен мәңгіге өшіре алмаймын…

Сөзімді аяқтамастан ол егіліп жылай бастады. Оны кездестіргеннен бері оның дәл бұлай жылағанын бірінші рет көрдім. Мен де бетіме тарау-тарау боп аққан көз жасымды тыя алмадым. Оның қолын қатты қыстым да жыламауын өтіндім. Қолынан сүйдім. Нөсерлеп жауған жауын аязбен көліктің әйнегіне мұз болып жабысып, бізді бар жамандықтан қорғап тұрғандай көрінді. Оны жұмыс орнына соңғы рет әкеп тастағаннан соң ол жерден жалғыз өзім қайттым. Қолыма хош иісті әтірдің иісі сіңіп қалыпты.

ANAND VISHNU PRAKASH,

Ағылшын тілінен аударған Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: