Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зауал

04.10.2020, 10:00 579

Таңғы салқыннан дiрдек қаға бiр уыс болып жатқан денеге жан бiттi. Бет-ауызын жүн-жұрқа басқан сопақ бас оқыс сiлкiгендей кейiп танытып, сәлден соң қысық көздiң кiрпiктерi қимылдай бастады. Кiтапбай көзiн ашты. Айнала жым-жырт. Манаураған марғау даланы ұйқысынан оятқысы келгендей көкжиектен басын қылтитқан алып қызыл шар көкке қарай баяу өрмелеп барады екен. Иен дала күн нұрына шомылғандай жер-дүние жап-жарық.

Жанындағылар түнiмен тас шауып сiлелегендей жағалай жайрап қалыпты. Түнiмен iшкен төрт жiгiттiң ортасында, ит тартқан шанаштай төрт жерде ұйпа-тұйпасы шығып, айра-жайра болып шашылып жатыр.

– Тiфу, ұятсыз, түнiмен түк көрмегендей болып жатуын, ұрғашының нағыз тойымсызы болмасаң неғылсын.

Кiтапбай олардан бiржолата түңiлген жандай жүн басқан жүзiн бұрып әкеттi. Түнi бойы iшiлген iшiмдiк пен үстi-үстi шегiлген көп темекiнiң қолқа қапқан жағымсыз иiсi жүрегiн лоқсытты. Құсқысы келiп, орнынан сүйретiле тұрып, олай-былай жүгiрген болды, бiрақ қанша қиналса да құса алмады. Iштей өзiн-өзi боқтады. Бас жазбаса жазыла алмайтынына көзi жеттi. Бойына қан тарасын дегендей олай-бұлай секiрiп, жаттығу жасағандай аяқ-қолын тырбаңдатты. Ара-арасында бөлiне түйiлген қомақты түйiншектi сүйсiне сипап қойып «бұл жолғы табыс жаман болған жоқ» деп ыңылдады. Жүрiп-жүрiп алқынған соң айғайға басты.

– Әй, алқаштар, жетi аталарың ұйқыдан өлсе де тұрыңдар, жолға шығамыз! – Даланы басына көтерiп, бақырып-шақырған қарлығыңқы дауыстан мезi болған алқаштар бiр-бiрлерiн боқтап-боралап ояна бастады.

– Бұл ит ақыр соңында ұйқыны да қызғанайын дедi-ау, Книжник, қызғаншақсың ғой оңбаған. – Алпамса денелi Шаштай-Шурик iннiң аузын аңлыған сарышұнақ тышқандай шиқылдай күлдi.

– Хи, хи, хи, ол ит емес, ол нағыз шошқа. – Мұрыны қолағаштай, бетауызы сатал-сатал Мәсен-Миша алтын тiстерiн жарқырата ыржалаң қақты.

Қолды-аяққа тұрмай құлдыраңдаған Құлбай-Костя ежелгi әдетiмен бөтелке iздеп кеттi. Мәсен-Миша қасында бөксесi бас биенiң сабасындай болып төңкерiлiп жатқан қызды «Жанна, жаным, вставай, родная» деп асты-үстiне түсiп оятуға кiрiстi.

Түнiмен төрт еркектi құшағына тоғытып, рақатқа батқан сылқымның ашуы қатты ма, әлде ұйқысы тәттi ме, әйтеуiр отта тұрып тасып төгiлген құмандай:

– Идите вы к черту! – деп бұлқан-талқаны шықты. – Спать хочу! – Даланы басына көтере барқырады. Оған болатын Миша-Мәсен бе, қарқ-қарқ күлiп, домалақ бөксенi шапалақпен шарт еткiздi.

– Жанна, вставай, жаным, а то не дай бог останешся в степи, – деп сұңқылдауы сол екен, күмiс шашты қыз:

– Вот гады, все равно спать не дают! –  деп орнынан атып тұрды.

Мына бәтшағардың тiлiнiң ащысын-ай, тағы да бiр-бiрден жәукемдеймiз бе, қайтемiз-ей?! – дедi шиқылдай күлген Шаштай-Шурик

– Онда өзiң бастап жiбер, – дедi аузы жылдам Кiтапбай-Книжка.

– Ой, құрып кетсiншi әрi, түнiмен тойдық қой. Оның мына Мишаға айтқан сөзi жаныма батып кеттi. Мен Миша болсам, аузына емiзiк салып қояр едiм, әттең Мишекең момын ғой.

Мына сөзге шыдамаған Миша, ұшып-тұрып Жаннаның май құйрығынан бiр тептi.

– Ой, мама, когда все это кончится?! – Қыз бақырды, жiгiттер жағы қарқ-қарқ күлiсiп, мәз-майрам болысты. Арада сүт пiсiрiм уақыт өткенде көк «Москвичтiң» жанына жиналғандар бас жазу рәсiмiне кiрiстi. Алғашқы сөздiң жоралғысын Шаштай-Шурик айтты.

– Жiгiттер, ақша көп болсын, уайым жоқ болсын! – деп жағалай стакан түйiстiре шыққан ол мөп-мөлдiр ащы суды өңешiне құлқ еткiзiп құя салды. Алғашында қақалып-шашалып қиналған Кiтапбай-Книжка да тартып жiберiп тынышталды.

– Ту, дыңғырып кеттi ғой, – дедi аузын ашса алтын тiстерi жарқырай көрiнетiн Миша-Мәсен.

– Ну, как, жаным, поиграем?

– Да, перестань ты, осточертело! – Жанна бөксесiне қарай жүгiрген Миша-Мәсеннiң қолын қағып тастады.

– Ойпырым-ай, Миша, мен көрген екi аяқтының төзiмсiзi де, тойымсызы да сен екенсiң. Түнiмен несi қалды дейсiң, қойсайшы, бұл қаншықты қазiр ұлытып тастап кетемiз, – дедi шиқылдай күлген Шаштай-Шурик.

– Сонда не, айдалаға тастап кетемiз бе? – дедi екi көзi алақандай болған Миша-Мәсен.

– Саспа, Шашекең айтты, бiттi. Тесiк моншақты трасса бойымен өткен көрiнген шопыр қағып кетедi. Ақшаларыңды дайындаңдар. – Шаштай-Шуриктiң ызғарлы жүзiн көрген жiгiттер үнсiз берешек ақшаларын санауға кiрiстi. Бiр бума ақшаны қолына алған Шаштай-Шурик:

– Ваш расчет, прощай Жанна! – деп ақшаны қол сөмкесiне сүңгiтiп жiбердi.

– Как? Вы меня здесь оставляете? – Қыздың үкi көздерi шарасынан шығып кеттi.

– Да, дорогая, оставляем. – Шаштай-Шурик күректей алақанымен қыздың бөксесiнен қағып қарқ-қарқ күлдi.

– Ради бога, не оставляйте, очень прошу вас! – Мүсәпiр күйге түскен бикеш жiгiттерге жалтақ-жалтақ қарап жыламсырады.

– Кеттiк, жүрiңдер! – Шаштай-Шуриктiң әмiрiне мойынсұнған жiгiттер машинаға отыра бастады.

«Мiне, қызық пұлы төленген осындай әп-әдемi дүниенi де айдалаға тастайды екен-ау» деп Миша-Мәсен өзiнше күңкiлдедi. Көк «Москвич» үлкен жолға қарай бет түзедi. Жол жиегiнде ұйпа-тұйпасы шыққан, далада қалған дәрменсiз күшiктей қыңсылаған бикеш жер тепкiлеп, жылап-сықтап қала бердi.

«Реви, не реви всеравно от судьбы не уйдешь». Iштей өзiн-өзi жұбатқан бикеш құр көз жасын бұлағаннан ештеңе өнбесiн түсiнгендей бет-ауызын сүртiп, сөмкесiнен қол басындай айна алып опалануға кiрiстi. Тойға дайындалған қалыңдықтай иiссу себiнiп, әлек-шәлегi шықты. Үстi-басын реттеп түк көрмегендей бейкүнә момақан қалыпқа қайта түскенде алыстан гүрiлдеп шыққан машина дауысы естiлген. Тұрған орнынан секiрiп-секiрiп кеткен Жанна үлкен жолға қарай жанұшыра жүгiрдi.

Жүгiрiп келе жатып, iшiнде бiр бума ақшасы бар қол сөмкенi құшырлана қысып-қысып қойды.

Қызылорда қаласына барып, құрбыларымен қайта қауышатыны есiне түскенде тұла-бойына қан жүгiрiп, екi көзi оттай жайнап, көңiл күйi көтерiлiп сала бердi.

Бұл кезде жер бетiнен арқан бойы көтерiлген күн даланы отты жанарымен шарпып, ыстық лебiмен аймалай бастаған едi.

Шiлiңгiр шiлденiң күнi бүгiн де қатты ыситынын сездiргендей. Жер апшысын қуырған алып «Камаз» жүйткiп келедi.

Рөлдi сығымдай ұстаған Жұмабек газды берiңкiреп, жылдамдықты арттыра түстi.

Жазғы каникулға шыққалы берi жанынан тастамай машина айдауды үйретiп, жер көрсетiп жүрген он бес жастағы баласы Нұрланға:

– Қалай балам, шаршаған жоқсың ба? – дедi. Ерке мiнездi Нұрлан «бәрi жақсы, шаршаған жоқпын» дегендей басбармағын көрсеттi. Әкесi баласын арқасынан қағып:

– Мамаңды, бауырларыңды сағынған жоқсың ба? – дедi.

– Папа, оларды өзiң сағынған жоқсың ба? – дедi. Әкелi-балалы рақаттана күлдi.

Бiр кезде Нұрлан:

– Папа, ананы қараңыз, – дедi.

Жол бойында қол көтерiп тұрған әйелдi көрген кабинадағы екеудiң жүзiнен ұшатын тарелка көргендей таңданыс байқалды. Жұмабек «Құдая тоба, жын ба, шайтан ба, айдалада әйел жүредi деген ой кiмнiң ойына келген» деп ойлады. Тоқтайын десе, әлгi әйел көзiне шайтан болып елестейтiн сияқты тоқтамайын десе, айдалада қалған адамды көре-тұра тастап кету адамшылыққа жат қылық, не iстеу керек? Санасын сан түрлi ой шабақтаған Жұмабек ақыры тоқтауға бел буып, газды азайтып, тежегiштi басты.

– Балам қайда барады екен, сұрашы, – дедi кабина есiгiн ашып жатқан Нұрланға.

– Здравствуйте, мужики! – дедi бейтаныс қыз кабинаға емiн-еркiн енiп жатып. – Мне, до Кзыл-Орды. – Мына бiр әйелдiң ай-шай жоқ баса-көктегенiн Жұмабек iштей жақтырмаса да сыр бермедi. Алыс жолға шыққанда машинасына әйел мiнгiзе бермейтiн едi, бiрақ ұлты бөтен әйелдi айдалада қалдырып кетуге ары бармады. Тастап кеткенмен мына сыпылдақтың, күнi ертең қандастарына қосылып алып «қазекеңдер мұндай екен» деп өз ортасында ұлтының абыройын төгiп, ағаш атқа терiс мiнгiзбесiне кiм кепiл.

– Ладно, довезем, – дедi Жұмабек.

– Ой, спасибо, мы с вами договоримся, я не останусь в долгу.

Ұшып-қонып тұрған бойжеткеннiң ауыздыға сөз, аяқтыға жол берер түрi жоқ. Есiмiнiң Жанна екенiн осы жерде бiр оңбағандардың алдап-сулап тастап кеткенiн әсiрелей баяндап шықты. Ернi-ернiне жұқпай отырған Жанна бiр кездерi шаршады бiлем, қаннен-қаперсiз қорылға басты.

Баласының көзiнше сөзiн тұздықтап сөйлейтiн бейтаныс бейпiлауыз келiншектiң әлгiндегi әңгiмесiнен қысылған Жұмабек:

– Мынаның жаман сөздерiне көңiл бөлмей-ақ қой, бейшараны баратын жерiне жеткiзiп салғанымыз дұрыс шығар, – дедi. Әке ойын құптағандай Нұрлан үнсiз бас изедi.

Алып «Камаз» сәске түсте айнадай жарқыраған асфальт жолды тауысып тас жолға шықты. Зулап келе жатқан машина тас жолға шығысымен төрт аяғын тең баса алмай шоқырақтаған аттай кiбiртiктеп қалды. Дөңгелек астынан ұшқан майда тастар бұршақ жауғандай сытырлата кабинаны төпеп келедi.

Шiлденiң күнi жер бетiн отты табаға салып шыжғырғандай күйiп тұр.

*     *      *

Асфальтпен қош айтысып тас жолға табан тiреген көк «Москвич» денесiн билей алмайтын көксау шалдай селкiлдедi де қалды. Жүздерi жабыраңқы, мазалары май iшкендей болып отырған төртеу көкала шаңға көмiлiп келедi.

Рөлде отырған Мәсен-Миша қыңқылдады.

– Бүйткен өмiрдiң әтебiне нәлет, өлiп барам, Шашеке, бас жазып алайықшы, – деп гөй-гөйге басты.

– Өлмейсiң, тарта бер. – Түсi түнерiңкi Шаштай-Шурик Мәсен-Мишаға ажырая бiр қарап, темекiсiн үстi-үстiне құшырлана сорды. Артқы орындыққа жайғасқан Кiтапбай-Книжник те, Құлбай-Костя да Шашекеңнiң сарыуайым басқандай сiркесi су көтермей келе жатқанын көрiп, ұнжырғалары түсiп кеттi. Кешелi-бергi ащы судан басы мәңгiреп отырған Кiтапбай-Книжник сәлден соң есiнеп алып:

– Шiркiн-ай, астыма ұшақ мiнiп Құмқалаға жарты сағатта жетiп барар ма едiм, – деп қиялға берiлдi.

– Өйдөйi деген, арманың көп екен, Кiтекем-ай! – Мәсен-Миша жайын аузын барынша керiп тұрып есiнеп алды. Шаштай-Шурик күлiмсiредi.

– Әй, сендерге дауа жоқ екен, тоқтат, қоңызыңды, бас жазамыз.

– Ура, Шашекең айтты, бiттi! – Қуаныштан аяқ-қолын ербеңдеткен Кiтапбай-Книжник секiрiп-секiрiп алды. – Миша тоқтат! – Көк «Москвич» шиқылдай тоқтады. Кезенелерi кеуiп, бастары мәңгiрiп, үстi-бастары шаңнан көрiнбестей болған төртеу сау етiп түсе қалды.

Бас жазу рәсiмi қайта басталды.

Әрқайсысы екi-үш стаканнан тастап алған соң жан шақырып, жадырай бастады. Дарақы күлкi, даңғой сөзге жол ашылды.

– Әттең, қасымда әлгi сылқым болғанда тағы бiр партия тастап жiберетiн едiм. – Мәсен-Миша екi алақанын уқалады

– Айтпа, айтпа, ай Шурик-ай, бәрiмiздiң обалымызға қалдың. Кiтапбай-Книжник секең-секең етiп, қос қолымен қайта-қайта қос тiзесiн ұрғыштады.

– Өй, сендер де, қойыңдаршы айта бермей, – деп ұялшақ Құлбай-Костя терiс айналды.

– Костя, дұрыс айтады, қалаға барған соң бiр-бiр сылқым тауып берудi өз мойныма алайын. – Шаштай-Шурик айызы қанғандай шиық-шиық күлдi.

Алыстан шаңдатып «Камаз» көрiндi.

Жарықтық машина деп осыны айт, бiреуiн қолға түсiрсек мұрнымызды балта шаппайды.

– Книжник айтты, орындаймыз. Сол үшiн кәнi, тағы бiр-бiрден алып қояйық. – Төртеуi мәз-мәйрам болып тұрған. Осы мезетте алып «Камаз» ұсақ тастарды бұрқырата шашып өте бердi. Кенеттен артқы дөңгелектен ұшқан тастың бiрi «Москвичтiң» маңдай шынысына тиiп, быт-шытын шығарып кеттi.

– Өй, әкеңнiң… мына есуас құртты-ау! – Мәсен-Миша қос қолымен маңдайын басып, жерге отыра кеттi.

– Қазiргiнiң шопыры да бiр, даладағы мал да бiр, әрiлеу жүрсе өле ме, оңбаған! – Кiтапбай-Книжниктiң шыр-пыры шықты.

– Адамға қайыры жоқ, айуан. – Құлбай-Костя да елiрiп шыға келдi.

– Давай, бұл не тұрыс, қуып жетiп көзiне көк шыбын үймелету керек.

Шаштай-Шуриктiң бұйрығына мойынсұнған төртеу машинаға апыл-ғұпыл мiне салып, едәуiр алыстап кеткен «Камаздың» соңынан тартты. Көзi тұманданған Мәсен-Миша жылдамдықты жоғарылатқан сайын көк «Москвич» шашылып қала жаздап, ыңырана ышқынады келiп, ышқынады келiп… Қаны басына шапқан Шаштай-Шурик алапат ашудан қалш-қалш етiп әзер отыр. Кiтапбай-Книжниктiң жүзiнен неге болса да бел байлағандай сыңай байқалады. Ежелден момын Құлбай-Костя бiр сұмдықтың боларын сезгендей бiр бұрышқа тығылып қалған.

Өкпесi алқынған «Москвич» адымы ұзын «Камазды» өлдiм-талдым дегенде ақыры қуып жетiп, өлермендiкке сала басып озды. Үстi-үстiне бепiлдеп, үлкен машинаға тоқта дегендей ишарат бiлдiрдi. Жеңiл машинадағылардың оқыс қимылына онша мән бермеген Жұмабек «бiрдеңе болып қалған шығар» дедi де ауыр «Камазды» жол жиегiне доғарды.

Сол мезетте «Москвичтен» түскен төртеу өзiне қарай жүгiрдi. Олар алқынып жеткен бойда Жұмабекке жабыла кеттi.

– Ой, господи, это ж они, они могут и убить! – деп кабинадағы Жанна бетiн басты.

– Папа, абайла! – Баласы ышқына айқайлады. Қапелiмде дағдарған Жұмабек абдырап, асып-састы.

Шаштай-Шурик жүгiрiп жеткен бойда Жұмабектiң қолын қайырды. Кiтапбай-Книжник бiр қолымен шаштан тартып, екiншi қолымен қылғындыруға кiрiстi. Мәсен-Миша келген бойда кiндiктен төмен қарай ай-шай жоқ тебе бастады.

– Не жазығым бар едi, бауырлар-ау, айтып өлтiрсеңдершi? – Тал түстегi зорлық-зомбылыққа ызаланған Жұмабек ауға түскен шортандай шоршыды. Бiрақ, әулеттi қолдар тыпыр еткiзбестен соққының астына алды.

– Жазығың жатырыңда қағынғансың, сүмелек!

– Сөзiн қарашы өлiмтiктiң ештеңе бiлмейдi ей, мә, саған әкеңнiң, ал сыбағаңды…

– Өй, шешеңдi… ит қорлықпен өлтiрмесем ит болып кетейiн! – Екi бүктетiлген жiгiтте жетi атасының өшi кеткендей екiлене ұмтылған Мәсен-Мишаны шыр-пыр болып әкесiне болысқан Нұрлан шалғайынан тартқылады.

– Ә, иттiң күшiгi, жаныңды жаһаннамға жiберейiн, мә, саған! – Шықшыттан қатты тиген жұдырық Нұрланның көзiнiң отын жарқ еткiздi, шалқалай ұшып түстi. Бала жатқан күйi орнынан тұрмастан қалды. Жол үстiндегi сұмдықтан денесi түршiккен Жанна кабинадан атып шығып:

– Убили, человека убили! – деп ебiл-дебiлi шыға кейiн қарай қашты. «Өлтiрдi» деген суық сөзден ес жиған төртеу сұлық жатқан баланы көрген бойда далбалақтай жүгiрiп, «Москвичке» ұмтылды.

– Бәрi бiттi, дереу қашамыз, Миша.

– Өң түс жоқ төртеу есiктердi сарт-сарт жауып, соңында қалғандарды ала шаңға көмiп кете барды.

Ауыр соққыдан әбден есеңгiреп құлаған Жұмабек ес жиысымен тiзерлей жорғалап Нұрланға ұмтылды. Қараса, баласының екi көзi тарс жұмулы, денесiнде жан жоқ, құлағанда қарақұсы тасқа тиiп тiл тартпастан кетiптi. Шүйдесiнен қоп-қою қара қан ағып жатыр. Жұмабек шошып кеттi.

– Балам-ау, ажалыңа алып шыққан екенмiн-ау!? – деп басын баласының кеудесiне төпелей ұрып, өкiрiп жылап жiбердi. – Құдайым-ау, перiштедей бейкүнә баланың не жазығы бар едi, оны алғанша менi неге алмадың!? – Жылап жүрiп, былық-сылық еткен жансыз дененi жерден тiк көтерiп алды, жылап жүрiп, баласының мүрдесiн кабинаға салып жатқызды. Машинаны оталдырды. Рөлдi сығымдай ұстап:

– Жанға жан, қанға қан! – деп тiстендi. – Екi аяқты, бiр басты айуандар, имандарыңды үйiре берiңдер!

Тас жолдың шаңын бұрқ еткiзген алып «Камаз» орнынан жолбарысша атылып заулай жөнелдi. Жүзiн тарам-тарам жас жуған Жұмабектiң өрт сөндiргендей қап-қара болып түтiгiп кеткен жүзiнен шектен тыс өшпендiлiктiң сұп-суық ызғары ескендей. «Камаз» жер апшысын қуыра құстай ұшып келедi. Ол көк «Москвичтi» сүт пiсiрiм уақытта тап бастырмай қуып жеттi.

– Ойбай, жаңағы пәле жетiп қалды! – дедi тұла-бойын үрей буып дiрдек қаққан Мәсен-Миша.

– Бұдан құтыла алмаймыз, – дедi өмiрден түңiлген Кiтапбай-Книжник.

– Өлген деген осы шығар, уһ! – Шаштай-Шуриктiң түсi боп-боз болып, артына бұрылып қараған күйi қатты да қалды.

– Құдай-ау, менiң не жазығым бар едi? – Бетiн басқан Құлбай-Костя шыңғырып жiбердi.

Осы мезет көк «Москвичтi» қуып жеткен алып «Камаз» бар екпiнiмен жеңiл машинаны жермен-жексен етiп таптап өте шықты. Жұмабектiң құлағы адамдардың шырқырап шыңғырғанын да, көк темiрдiң күтiр-күтiр қирағанын да естiген жоқ.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: