Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орыс тілінен өзге пәннің мұғалімі сабақ беріп жүр

13.03.2020, 17:02 1065

Аймақта апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесі әлі бар. Қайсыбір жылдары аймақ ағжағалылары «облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер түгелдей жойылды» деп сүйіншілетіп жүр еді. Енді Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова осылай дейді. Бұны былай қойғанда мектептерде, оның ішінде ауыл мектептерінде орыс тілінің мұғалімдері жетіспей жатыр. Қазіргі таңда жетіспейтін мұғалімдердің орнын пәнге сай келмейтін, бағыты мүлдем басқа мұғалімдер ауыстыруға мәжбүр.

– Облыста жалпы білім беретін 293 мектеп бар. Онда қазір барлығы 161469 оқушы білім алуда. Үш ауысымда оқуға мәжбүрі болып отырған – 7, апатты жағдайда тұрған 2 мектеп бар.  Оның бірі – Жалағаш ауданы Шәменов ауылындағы №34 мектеп. Оған 100 млн теңгедей қаражат керек. Ал екіншісі – Жаңақорған ауданындағы №169 мектеп. Білім ошағына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 500 млн теңге қажет,- деді Ғалия Дәулетова.

Оның айтуынша, мектептердің үш ауысымды мерзімге ауысуға облыс орталығына көшіп келушілердің көптігіне байланысты болып отыр. Халық санының артуы дегеннен шығады, енді бас шаһарда жаңадан құрылып жатқан шағын аудандарда мектеп құрылыстары басталуы мүмкін. Атап айтқанда, «Саяхат», «Арай-3», «Бәйтерек», «Наурыз» мөлтек аудандарында құрылыстар басталады. Үш ауысымдағы мектептер санын азайтуға жаңадан бой көтергелі жатқан мектептер септігін тигізбек.

Қызылорда қаласындағы білім беру ұйымдарында жыл сайын 20-ға жуық орыс тілінде бастауыш сынып педагогтері жетіспейді екен. Орыс сыныптарында физика, химия, биология, математика пәндерінің мұғалімдері зейнетке шықса да сабақ беруді жалғастыруға мәжбүр. Кадр тапшылығы білім саласында күйіп тұрғанға ұқсайды. Әсіресе «ауылдарда орыс тілінен өзге пәннің мұғалімдері сабақ беріп жүр» деген ақпарат төбеден жай түскендей әсер қалдырды. Әншейінде «сапалы білім – кемел келешектің кепілі» деп ұрандатқан Үкімет мұндай олқылықтарға неге жол беріп отыр? Білім саласында білінбей кетіп жатқан осындай кемшіліктердің кесірі білім алушыларға жаппай әсерін тигізіп жатыр. Әйтпесе, орыс тілінен химия пәнінің немесе математика пәнінің мұғалімі сабақ беруі есекке ер салғандай ерсі емес пе? Шынымен жанға батады, өйткені бұл жерде бала болашағы тұр. Ал келешек өскіннің білім сапасына жүрдім-бардым қарауға болмайды.

Қызылорда облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалия Дәулетова бұл мәселе барлығын бірдей алаңдатып отырғандығын және жедел шаралар ұйымдастырылып жатқандығын айтты. Енді жоғарыда аталған пәндердің мамандары тапшылығының орнын толтыру үшін аймақтағы жоғары білім беретін университет, колледждерде педагог мамандар даярлау жұмыстары қолға алынып жатыр екен. Мәселен, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті 2020-2021 оқу жылына педагогикалық мамандықтар үшін 25 ректор грантын бөлуді қарастырған. Колледждерде орыс тілінде бастауыш сынып мұғалімдерін даярлау үшін жергілікті бюджеттен 2020-2021 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс бөлу туралы шешім қабылдаған. Айта кетейік, қазір облыста 30 техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары бар. Оның 17-сі – мемлекеттік, 13-і – мемлекеттік емес білім орындары. Оларда 100-ге жуық мамандық бойынша 20 мыңнан аса студент білім алып жатыр.

Орта білім беретін мектептердегі әжетхана мәселесі де күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Осыған дейін көптеген мектептерде жас жеткіншектер арасында тәртіп бұзушылықтардың дені әжетханалардың мектептен сырт орналасуына байланысты болған еді. Бүгінде сыртта орналасқан 100-ге жуық әжетхана бар. Енді оның барлығы алдағы оқу жылына дейін ғимараттардың ішіне орналастырылмақ.

Заман ағымына сай қазір көптеген мамандық өз маңыздылығын жоғалтуда. Ақпараттық ағын, технология дамыған сайын заманға сай жаңа мамандықтар қолданысқа еніп жатыр. Біздің өңірде кәсіптік-техникалық мамандық даярлауға лицензия алып, алайда ол талаптардың үдесінен шыға алмай жүрген колледждер бар. Солардың 15-і 176 мамандық бойынша лицензияларын кері қайтаруға мәжбүр. Өйткені көп мамандықтарға қазір сұраныс өте аз.

Білім саласына қатысты мамандардың біліктіліктерін көтеру, мұғалімдерді әлеуметтік қолдау, мамандарды қайта даярлау, мектептердегі материалдық-техникалық базаны нығайту мәселелері департамент тарапынан тұрақты түрде жүргізіліп келе жатыр екен. Сондай-ақ саладағы кемшін тұстарды түзеуге барынша күш салып жатқандықтарын да жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: