Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балабақшамен қамту Қызылордада 100%-ға орындалған

24.09.2020, 17:30 833

HALYQLINE.KZ Облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова ҚР Президенті Жолдауынан туындайтын міндеттер мен алдағы жоспарлар туралы өңірлік коммуникациялар брифингінде толығырақ айтып өтті.

– Президент Жолдауда «сапалы білім алу үшін сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеген жөн» деп атап өтті. Әрине, өткен жылдың 4 тоқсанында тек қашықтан оқыту форматын таңдасақ, биыл екі түрлі жолмен оқуды бастадық.

Ата-аналардың өтініштерін негізінде 1-4-сыныптар үшін кезекші топтарды ашып, балалардың мектепте білім алуына жағдай жасадық. Бұл ретте 27366 оқушыға 1911 топта дәстүрлі форматта білім берілуде. Сонымен бірге, шалғай орналасқан елді-мекендегі 65 мектептен 6617 (4%). оқушы дәстүрлі оқытылуда. Ал, 134 711 оқушы қашықтан оқытылуда. Бұл балалар BilimLand (198 мектеп), Дарын-онлайн (30 мектеп) интернет платформалары арқылы білім алуда, – деді облыстың бас ұстазы.

Президент міндеттеген тағы бір бағыт – 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту. Біздің облыста бұл бағыттағы тапсырма, яғни 3 пен 6 жастағы балалар 100% балабақшамен қамтылған.

Облыста 667 мектепке дейінгі білім беру ұйымдары жұмыс істейді, оның 161-і – мемлекеттік, 413-і – жекеменшік балабақшалар, 93-і – шағын орталық. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 58 282 бала тәрбиеленуде. Жекеменшік балабақшалардың үлесі облыста 72% құрайды.

Мектепке дейінгі ұйымдарда 6180 педагог жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта Білім және ғылым министрлігі тарапынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқудың жаңа моделі әзірленуде.

Балабақшада берілетін тәрбие мен білімнің сапасын бәсекелестікке түсіріп, оны дамыту мақсатында қаржыландырудың әдістемесі де жаңарған.

Әрине, қазір мемлекетік жекеменшік әріптестік аясында балабақшалар салынып, балалардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Балабақша салуда бизнес сектордың орны ерекше. Президент атап өткен ата-аналардың кез келген балабақшаны таңдай алу мүмкіндігі кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Бұл ретте аймағымызда кешенді жұмыстар жүргізілуде.

– Мемлекет Басшысы ауыл мен қала арасында алшақтықты жою мәселесін үнемі назарға алып келеді. Биылғы Жолдауында да дарынды оқушыларды қолдау мәселесіне айрықша тоқталды. Біздің облыста дарынды, талапты, идеяға құмар оқушылар аз емес. Оларды жан-жақты қолдау шаралары тұрақты жүргізіліп келеді. Биыл біз ауыл мен қала балаларының арасындағы оқу алшақтығын жою бағытында «Ауыл мектебі» жобасын қолға алдық. Пилоттық жоба Өңірдегі 3 мектепте бастау алды. (Қызылорда қаласына қарасты Махамбет ауылындағы №143 орта мектебі, Жаңақорған ауданы, Құттықожа ауылындағы №164 жалпы орта мектебі және Сырдария ауданы, №132 орта мектебі). Жоба аясында мектептердің оқу процесі мен материалдық-техникалық базасын зерделеу, білім беру ортасының мониторингі, мұғалімдердің кәсіби сұраныстарын ескеру, ата-аналар мен қоғамның мектеп өміріне қатысуын анықтау үшін арнайы топ құрылып, жұмыс жүргізуде, – деді Ақзира Бақтыбайқызы.

Ауыл педагогтеріне артылар міндет – өздерінің кәсіби біліктіліктерін арттыру, үздіксіз білімін жетілдіру, өзара тәжірибе алмасу және балалардың шығармашылығын арттыру.

Яғни, пилоттық жоба сәтті жүзеге асса, бұл мектептердегі тәжірибе барлық білім ошақтарына келесі жылдан бастап енгізілмек.

Сонымен бірге өңірдегі дарынды балаларымыз түрлі халықаралық, республикалық конкурстарға қатысып, аймақ абыройын асыруда.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының Назарбаевтың «Елбасы» қорының бастамасымен жас таланттар мен көшбасшыларды қолдау мақсатындағы «Ел үміті» жобасы өз жұмысын бастап кетті.

Жоба бойынша «Мың бала» олимпиадасына біздің аймақтан ауылдық жерден 256 бала қатысып, оның 75 оқушы жеңімпаз атанған. Жеңімпаз оқушылар маманданды-рылған мектептерге оқуға жолдама алады.

Жолдауда Президент педагогтарды қолдау және айлық жалақасын арттыру мәселесінде нақты міндеттерді жүктеді.

Өздеріңізге белгілі, «Педагог мәртебесі» туралы арнайы Заң қабылданып, ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңімен жоғарылап келеді.

Заң педагогтың құқықтық және әлеуметтік жағынан қорғалуына кепілдік береді. Мектептерде «Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес» құрылып, жұмыстар басталатын болады.

Заңға сәйкес 2020 жылдан педагогтардың еңбекақысы 25%-ға, шеберлігі үшін жалақыға 30 бен 50 пайыз аралығында, жаңа қосымша ақы төленуде. Мұнан бөлек кейбір педагогтардың еңбек демалыс кезеңі 42 күннен 56 күнге артты. Орта білім беру ұйымдарында магистрлік дәрежесіне 26 мың теңге қосымша ақы төленуде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: