Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңажылдық ғажайып

31.12.2020, 9:30 301

Жаңа жыл жақындап қалды. Мектепте дайындық баст­алды. 6-сынып та жаңа жылды қарсы алуға кірісті. Барлық оқушылар көрсететін өнерін қызу талқылап жатты. Тек соңғы партада отырған Ару ғана әдеттегідей ештеңеге араласпастан, үндемей отырды. Бұл Ару үшін қалыпты жағдай еді. Өйткені, оны ешкім елемейтін. Мұғалімдер де Аруды ортаға тартып, ынталандыруға  тырыс­пайтын.

Дегенмен, Аруды қызықтыратын бір өнер бар еді. Ол сахнаға шығып, билеуді қалайтын. Көрермендерге керемет биі арқылы ғажап әсер  сыйлап, ыстық  ілтипат­қа ие  болғысы  келетін. Алайда Арудың ата-анасы би өнерін «пайдасыз бір дүние» деп ойлайтын және қызда­рының бұл өнерге әуес болға­нын қаламайтын. Оның үсті­не, мұғалімдер де би өнеріне аса бір мән бермейтін.

Мектептен оралған Ару сыныптастарының бүгінгі жаңажылдық дайындығын есіне алып, тағы да қиялға батты. Кенет оның қиялын әдемі бір саз үні бұзды. Осы сәтте Арудың бөлмесіне бір жасқа енді ғана толған інісі томпаңдай кірді. Қо­лында әуен ойнаған ұялы телефон бар еді. Аруға әуеннің ұнағаны соншалық, ол өзінің қалай әуенге қосылып, билеп кеткенін байқамай қалды. Билеп жүр­генде інісінің өзіне таңыр­қай қарап, қол соғып­ отырғанын бай­қады да, есіне анасының: «Сәбилер таза, бейкүнә  болады. Олар ешқашан өзін де, өзгені де алдамайды» деген сөзі түсті. Ару сонда: «Егер сәбилер алдамайтын болса, демек, менің биім ініме ұнағаны ғой. Мүмкін, мен, шынымен де, жақсы билей­тін шығармын» деп ойла­ды. Арудың бойына бел­гісіз бір күш-жігер ұялап, өз-өзіне сенімділігі арта түсті. Енді ол жаңа жылда сахнаға шығып, өзінің өнерлі екенін, өзгелерден кем еместігін дәлелдегісі келіп кетті. Осы мақсатпен Ару құпия түрде жаңажылдық кешке қызу дайындала  бастады.

Көптен күткен жаңа­жылдық мерекелік кеш те бас­тал­ды. Залға барлық мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар жиналған. Кеш өнерпаздар өнерімен өрнектеліп, көңіл­дене түсті. Кезек Аруға да жетті. Арудың сахнаға шығатынын естігенде ата-анасы, мұғалімдері мен сыныптас­та­ры алғашында аң-таң қалып, артынша «ұятқа қалады-ау!» деп қобалжи бастады. Сахна­ға алғаш шыққан Арудың да қол-аяғы аздап дірілдеп, қара терге түсе бастады. Залдағылар да «енді не болар екен?» дегендей оған үнсіз қарап қалған. Кенет құлағына біреу: «Қазір билемесең, енді мұндай мүмкіндігің бол­майды. Биің арқылы «Үндемейтін, қарапайым жандар «дарынсыз адамдар» деген ұғымды жоққа шығар. Саған үмітпен өзің сияқты өз қабілетіне сенімсіз қаншама оқу­шы­ қарап отыр. Олардың да бойына батылдық сыйла, өзін бағалауды үйрет. Жаңажылдық ғажап жаса!» деп сыбыр­лағандай боп селк еткізді. Көзін ашып, залға қараса, кейбір оқушылар Арудың  қателескенін  қалап, мазақ ететін сәттерін күтіп отырғандай көрінді. Ару іші­нен:  «Жоқ, адамдардың  бәрі бірдей. Тек, Құдай оларға әр­түрлі қабілет берді. Біреуін біреуінен кем қылмайды. Қабілетімді байқап көрмей тұрып, өзімді қалай дарынсызбын дей алам. Қане, Ару, жинал!» деп өзін қайрап алды. Осылайша бойына күш-жігерін қайта жинаған Ару өзі дайындалған өнерін көрсете  бастады.

Арудың биі көпшілікті таңғал­дырды. Тіпті, би өнерін қолдамайтын ата-анасы, елемей­тін мұғалім­дерімен қатар, оны өзінен төмен санайтын сыныптастары да орындарынан қалай тұрып, қошемет көрсеткендерін аң­ғармай  да  қалды.

Бұл би өз қабілетіне сенім­сіз, арманына күмәнмен қа­райтын талай оқушы үшін де үлкен толқыныс туғызды. Осыдан бастап өзін қабілетсіз санап келген барлық оқу­шылар бойына сенімділік ұялады. Олар да қабілетін көрсетіп, өзін дарынсыз санайтындарға жауап бергісі келді. Ал, Арудың ата-анасы қызына қолдау танытпағанына, мұғалімдері оқушысын дарын­сыздар қатарына қо­сып, ынталандыруға тырыспағандарына, сыныптастары оны төмен санап, кемсіткендеріне  қатты  өкінді.

Өзгелерге ықпал жасап, бойларына рух, күш-жігер ұялату, арманы үшін күресуге үйрете білу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін таңға­жайып. Өйт­кені, нағыз ғажапты қандай да бір тылсым күш емес, адамдардың өзі жасай алады. Осы сәтте, Ару өзінің  жаңажылдық  ғажайып  жаса­ғанын  түсінді.

Гүлназ  НҰРБАЙҚЫЗЫ,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: