Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алмас пен Қосмүйіз киік

10.10.2020, 10:00 2423

(Атаның ертегісі)

«Ерте заманда желменен жарысқан қасиетті Қосмүйіз деген киік өмір сүріпті. Ол әлемнің барлық жерінде болып, өзінің балаларын жетілдіру үшін жанға жайлы, өзі тыныш әрі қауіпсіз жер іздейді. Шөбі шүйгін, суы мол жайылым іздеп біраз жол жүреді. Африкада болады, Америкада болады, Ресей мен Қытай жерлерінде де болады. Алайда Қазақстаннан артық жайлы мекен таппайды. «Сырдария» деген өзеннің жағасына келіп, су ішіп, шөбін жеп тыныққаннан кейін, сол жерде тұрақтауды жөн көреді. Табиғатына тамсанып: «Е, мынау менің мекенім, енді осы жерде құралайларым өседі. Ұрпағымыз көбейеді. Мен іздеген жердің нақ өзі екенсің, Сырдария!» деп қатты қуанады. Сонымен айналаға зер салып, бақылауды жөн көреді. Қараса, қанша шөбі шүйгін, суы мол жайылым болғанымен, бұл жерде адамдар көп екен. Олардан қорқып, үрейленеді. Адамдарды танып-білу үшін жолда кездескендерден сұрай бастайды. Бірінші болып аққуды көреді.

– Аққу-аққу, мен адамдардан қорқамын, маған олар осы жерге тұруға рұқсат бере ме? – деп сұрайды.

– Аққу болса: «Қорықпа киік, адам баласы мейірімді, қайырымды, мысалы, мені «аққуды атқаның – досыңды сатқаның» деп құрметтейді, саған да тез үйреніп кетеді», – деп сенім білдіреді.

Аққудың бұл айтқан сөзіне қуанып, жолда кездестірген жылқыдан да осылай сұрайды.

– Айтасың-ау, Қосмүйіз, адамдар жақсы, еңбегіңді бағалайды. Мысалы, мен олардың жүгін тасып, керек жеріне дер кезінде жеткізіп беремін, олар болса, маған жем-шөп, су береді. Адалдыққа адалдықпен жауап беруді осы адамдардан үйренуіміз қажет, – деп жылқы киікке ақыл айтады.

Енді тағы біреуден сұрап көрейін деп келе жатқанда сиырды кездестіреді. Бұл сауалды естіп, мән-жайға қанық болған ол:

– Аққу мен жылқы дұрыс айтады. Мен де адамдарға ризамын. Оларға өз сүтімді беріп, арбаларын сүйреймін. Сол еңбегім үшін олар маған жем-шөп, су беріп күтім жасайды. Тіпті, менің бұл ісім үшін төлімді де жақсы көреді. Олардың мейірімділігіне ризамын, – деп сиыр да өз сөзінде адамдарға сенуге болатынын айтады.

Кездестірген аққу да, жылқы да, сиыр да жақсы жауап бергеннен кейін олардың ауылына барып, сөйлесіп көргісі келеді. Ауылға жақындап қалған сәтте ойнап жүрген Алмас атты баланы кездестіреді. Екеуі бірден дос болады. Киіктің жағдайын түсініп, Қосмүйізді ауыл адамдарымен бірге тұруға көндіреді де, ауыл сыртынан үйшік салуға кіріседі. Екеуі бірге еңбек етіп, орманнан барып тал алып, су мен құмды араластырып балшық жасайды. Бірігіп істеген іс өнімді болады ғой, екеуі әп-сәтте әдемі үйшік салады. Алайда үйшік салып жүріп, төбесін жабарда Алмас қолын жарақаттап алады. Сол кезде Қосмүйіз Алмасқа:

– Алмас-Алмас, сен уайымдама, жараңды бірге жазамыз. Сен менің мүйізімнен ұстап тұр, мен саған жылуымды беремін, мейірімімді беремін, жазылып кетесің, – деп достық адал ниетін білдіреді. Алмас болса, сенімді досының сөзіне сеніп, киік айтқан мүйізін ұстайды. Қосмүйіздің мүйізінен тараған мейірім-шапағатының арқасында бір сәтте жарасы жазылып кетеді. Мұны көрген Алмас таңғалысып, киікке рақметін айтады. Осылай бастау алған достықтары ұзақ уақытқа созылады. Бұл жолғы көмегі үшін Алмас Қосмүйіздің алдында өзін қарыздар сезініп:

– Досым, мен сенің бұл жақсылығыңды қалай қайтарарымды білмеймін, бірақ есіңде болсын, мен тұрғанда саған адам баласынан еш зиян тимейді, – деп уәде береді. Күндер өтіп, жылдар жылжығанда Алмастың уәдесіне қарамастан ауылдастары Қосмүйізді атып алады. Міне, осылайша адам баласы табиғат заңдылығын сақтамай, Алмас пен Қосмүйіздің уәдесін бұзады. Бұған басында сенгісі келмеген Алмас көп уақыт қайғырып өз-өзіне келе алмай жүреді. Осылайша, бала Алмас та уақыт өте қартаяды. Алайда сол жүрегіндегі өкініш маза бермейді. «Енді бұл қателігімді балаларым қайталамау үшін ескертуім керек» деп өзінің немере, шөберелерін жинайды.

– Балаларым, менің «Қосмүйіз» деген киік досым болған, ол менің кішкентайымда жарамды жазып, көп көмектескен. Екеуміз мәңгі дос болуға уәде еткенбіз. Ол ауылда адамдармен бірге тұрып, тату-тәтті өмір сүрген. Десе де, сол сертті біз адамдар бұзып, жануарға қиянат жасадық. Сол себепті, біздің қателігімізді сендер қайталамауларың қажет. Қазір оның да, менің де балаларым бар, сендер де дос болуларың керек, оларға көмектесіңдер, тиіспеңдер! – дейді.

Міне, содан бері адам мен киіктердің балалары осы бүгінге дейін тату-тәтті болып, өмір сүріп келген. Алайда адам пендешілігін көрсетіп, көп жағдайларда киіктерге қастандық жасайды. Осылай бола тұра, Қосмүйіз бен Алмастың достығы бүгінде киік пен адам достығы болып жалғасып келеді» деп атасы өзінің күнделікті ертегісін аяқтады.

Алмас өзімен аттас бала мен «Қосмүйіз» атты киіктің достығы, өмірде қалай болады деп күмәнданса да ертегіден кейін сол жайлы ойлап, көпке дейін ұйықтамай жатты. Атасы күнде ертегі айтады және шетінен қызықты, тәрбиесі бар ертегілер. Бұл жолы тыңдаған ертегісінен Алмас киікке тиіспеу керек екенін, қамқорлық таныту қажет екенін, адам мен табиғат, яки жануарлар достасып өмір сүру керек екенін түсінді. Әдетте көп ертегілердің аяғына дейін шыдамай ұйықтап кете беретін Алмастың бұ жолы киікке деген қызығушылығы оянды.

– Ата-ата, маған да Қосмүйіз секілді дос керек, олармен біз де достасайықшы, бірақ біздің адамдарға «оларға тиіспеңдер!» деп айтып қойыңыз, иә ма? – деп немересі атасынан сұранып, жәутеңдеп қалады. Сонымен атасы екеуі ертесіне жануарлар бағына барып, киіктерді тамашаламақшы болды. Атасы Алмасқа: «Ертең Қосмүйіздің балаларын көресің, өзін көресің» деп алдап қойды. Оны естіген Алмас күлімсіреп тәтті ұйқыға кетті. Қайырлы түн!

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: