Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Лақап аттарың жындардың атауы секілді түсініксіз болмасын»

12.06.2020, 12:20 972

HALYQLINE.KZ Өмірге сәби келгенде азан шақырып, баласына әдемі, мән-мағынасы келісті, көркем, айтуға да, естігенде де жайлы есім қою – әкенің бала алдындағы бір міндеті. Ат қою ғұрыпын қазақ халқы ежелден қастер тұтып, ерекше назар аударған. Қазақтың салт-дәстүрін зерттеушілердің бірі Ю.Бошняков бұл туралы былай деп жазады: «Баланы бесікке бөлерде күн ілгері ауыл-аймаққа хабар беріліп, әркім қал-қадірінше той жасайды. Тойға жиналғандар балаға қатысты екі шараны жүзеге асыратын болған. Бірінші кезекте балаға ағайын-туысының ұйғарымымен өзі іштей құптап жүрген есімді қою. Мұны сол ауылдың ең беделді азаматы сәбиді қолына алып азан шақырып, үш рет бала есімін құлағына қайталайды. Ал, ақсүйек әулеттердің баласына есімді молда құран оқып, кітапқа қарап қояды. (Ю.Бошняков, Денсаулық, 1991, №11, 25-бет). Ат қоюмен қатар қазақта лақап атпен атауда бар. Діни мағынасы бар немесе ұлы тұлғалардың есімін беріп жатса, жас балаға ауыр болар деп қосымша лақап аттарға жүгінген. Есім иесінің тағдырына әсер етеді деп сенген. Осы лақап ат тұрғысында бірнеше ойымызбен бөліскіміз келеді.

ЖЫН ШАҚЫРЫП ЖҮРМЕҢІЗ

Сырдың бойында, қасиетті, киелі Қармақшы даласында үш жүзге пір болған Марал ишан баба жатыр. Кітап беттерінен оқуымызша, бұл кісінің әкесі Абылай ханның жеке емшісі болған, өзі де Құдайдан құт қонған әулие кісі болыпты-мыс. «Ұйықтап жатқан денесіне аспаннан нұр құйылыпты», «түсінде аян көріпті» деген аңыз-әбсаналар ел аузында жетерлік. Қысқасы, балалық шағынан, бақиына дейін жұрттан ерек жан болса керек. Сол бір ғажапты естіген, алыс-жақын шетелден келіп тәу ететіндер де көп көрінеді. Біз де басына баралық деген ниетпен жолға шықтық. Бір адам сенгісіз құбылысты көргіміз келеді, «Марал ишанның басына адаспай баруға болмайды, қанша келсем де бірден жол табу қиын» деген жүргізушінің сөзі бізді одан сайын ынтықтырып, бабаның кереметтілігіне елітіп барады. Сол сапарымызда шырақшының аузынан адам айтса сенгізісіз біраз жайттарды естідік.

Бірде Марал ишанның басына бір науқас кісіні ертіп, бір топ адам бірнеше көлікпен келіп, түнеген екен. Науқас болғанда Құдайдан түскен кесел жоқ, әлгісі арақтан арыла алмай, адамдығын жоғалтыпты. Күледі, бірде жылайды, адам түсініксіз қылықтар жасайтын көрінеді, қысқасы медицина дәрменсіздік танытып, соңғы үміті бабаның басына тәу ету екен. «Келгелі терезеден әлденеге алаңдап қарай берді. Болмаған соң, «балам, бірдене іздеп отсың ба, не болды?» деп сұрай бердім», – дейді шырақшы. Басында бұл сөзге аса назар аудара қоймадық. «қанша сұрасам да жауап бермей, жалтақтаумен болды, бір түнегеннен кейін, менің бір досым бар еді, үнемі бірге жүретін едік, осында жақындай бергенде, мен әрі бара алмаймын, осы жерден қаламын деп көліктен түсіп қалды дейді жанағы» дегенде қызығушылықпен, бәріміз бірге «ол кім екен?» деп қормен сұраппыз. Шырақшының айтуынша досы жын көрінеді. Ол жігіттің дерті – жын екен. «Оны жын ұрған, денесін жын билеп алған. Барлық мәселесі де сол, жанағы айтып отырған досы да жын болатын, әйтпесе ел жоқ далада дені сау адам көліктен түсіп қалама, әрі жанындағы адамдар ешқандай досы еріп шықпағаны, екі ортада қалып қалмағаны жайлы айтады» дейді шырақшы. Әңгімесін әрі жалғап, «Досыңның атын кім деп сұрадым, пәленше деп түсініксіз тілде сөйледі, сол сәтте жын екеніне толық көзім жетті, осы атау тұрғысында сендерге айтар ескертуім бар» деп, «Қазірде жастар азан шақырып қойған аттарын қысқартып айтуды сән қылған, «Ерс» дейді, «Баха» дейді, (Ол бер жағы, нешесін көріп, құлақ естіп жүр) сол секілді көбісінің атауы адамға түсініксіз. Сендерге айтайын, жер бетінде қанша мың жын бар, әрқайсысының біз секілді өз аты бар, көбісі жанағы айтқан есімдер секілді түсініксіз. Нақты мән-мағынасы жоқ, сондықтан азан шақырып қойған аттарыңды бұзбай атағандарың абзал, қысқарту керек болса мәні бар сөзге ыңғайлаңдар. Лақап аттарың жындардың атауы секілді түсініксіз болмасын. Әйтпесе, сенің қойған атың жынның атымен сәйкес келіп, оны атағанда, жын шақырғандай боласыңдар. Ал жын жүрген жерде істің оңғанын көрген емеспін», – деді. Біраз уақыт ойланып, үнсіз қалдық.

Шырақшының ескертпесі жөн, атау тұрғысында неше түрлімен түрлендіріп жүргеніміз рас. Осы жерде бірнеше ойыммен бөліскім һәм замандастарыма үндеу тастағым келеді. Бұның басы әлеуметтік желідегі парақшалардың атауынан басталады. Кіре қалсаң түсініксіз тілдерден көзің сүрінеді, басым көпшілігінің атау мағынасы – белгісіз, ойдан құралған дүниелер. Әріде қазақ тілі деп соғатын жүрегіңіз көргенде қынжылады. Біразын білмекші болып, жекесіне сұрау салған хатымды да жолдап үлгердім. Лақап аттары екен. Тарихымыздан осы секілді бүркеншік аттармен таныс едік, билік білмеске, жеке басының амандығы үшін лақап аттармен жариялаған екен дегенді естуші едік, бұлардың бастарына не күн туғанын білмедім. «Өзім білемге» салып жекелерінен шығарып салды. Асылында азан шақырған аттары мен әкесінің атымен аталатын тегін тіркесе жарасамды емес пе? Ата-дінімізде бұл тұрғысында бұл сөзімді мақұлдайды.

ИСЛАМДА АТ АЛУ ЖАЙЛЫ НЕ АЙТАДЫ?

Бірде Зайд ибн Хариса деген кішкентей бала Меккедегі нағашыларына анасымен бірге қонаққа келеді. Сол сәттерде Мекке қаласында соғыс басталып кетіп, анасынан көз жазып қалған екен. жетім баланы әлдебіреулер ұстап алып, құл базарында саудалаған көрінеді. Оны көрген Пайғамбарымыздың балдызы төрт дилхамға сатып алып, құлдықтан босатып, басына азаттық сыйлайды. Жас бала барар жері болмағандықтан өз үйіне әкеледі. Оны көрген Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жары өзіне беруін сұрайды. Кейіннен Зайдқа пайғамбарымыздың да назары ауып, өз баласындай көріп кеткен екен. Қайда барсада қасынан бір елі қалдырмай, ертіп жүргендіктен, тіпті жергілікті халық Зайдты Мұхаммедтің баласы деп атап кетеді. Пайғамбарымызда оны мақұлдап, «Зайд – менің ұлым, ол – менің балам, мен оның, ол – менің мирасқорым» дейді екен. Алайда бұл амалының қате екені жайлы, пайғамарымызға түскен құран сүрелері арқылы хабар түседі. Анығырақ айтқанда «Ахзаб» сүресінің бесінші аятында: «Өз асырап алған балаларың туған әкесінің атымен аталсын» деген әмір түседі.

Бұл сүре аятын ұсынған ойымыздан асса бір діни астар іздеудің қажеті жоқ, біздің мақсат – жастарға барынша түсінікті жеткізу. Не десек те, азан шақырып қойған атымыз атап, әкемізді текті еткеннен дұрыс жол жоқ, жоғарыда келтірілген мысалдан да ұғынып, тиылатын тұстар жетерлік. Біздікі – жеткізу һәм ескерту, қалғаны – өзіңізді патша көңіліңіздің құзырында.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: