Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алтын жұмыртқаның сыры

12.06.2020, 12:15 1118

Бисмилла-Рахмани-Рахим!

Мұнан біршама жыл бұрын Қызылорда қаласынан Келімбет есімді ағамыз мені іздеп, үйге келді. Ақпейіл әрі әңгімешіл жан екен. Өзінің атақты Тілеулес ишан Нұрсейітұлының ұрпағы, мамандығы дәрігер-терапевт екенін айтқанда елең ете түстім. Марқұм әкем мен анамнан Тілеулес ишанның тылсымға толы өмірі, елге тигізген шерепетін жайлы талай естіген едім. Ағамыздың дәрігер екенін білгенде «шипагерлік қасиет атаның қанымен дарыған шығар» деп ойлап та үлгердім. Сом тұлғалы Келімбетті тамсана тыңдадым. Екеуміз бұрын-соңды жүздеспек те әңгімеміз салғаннан жарасымын тапқан еді. Арада біраз жылдар өтсе де әңгіме желісі, кейіпкерлері санамда жатталып қалыпты.

– Тілеулес ишан Нұрсейітұлы бабамыз көп ағайынды болыпты, – деп Кәкең сөзін бастаған еді. – «Алып анадан туады». Нұрсейт дүниеге келген жылы ауылда үлкен той өтіпті. Ол кезде келіншектер де өнерлерін көрсетіп, күш сынасатын болса керек. Ұстасқанның бәрін жыққан бір палуан әйелге қарсылас шақ келмепті. Сол кезде бойын намыс буған ұлы әжеміз атамыздың рұхқсатын алып, белдесуге шығыпты. Өзі шымыр да ширақ тұлғалы болса керек. Ал қарсыласы ірі денелі, аса қарулы екен. Мынакереметке қарасаңызшы?! Әжеміз дәудің белінен қапсыра қысып, сілкіп жібергенде қос қабырғасы қатарынан сыныпты. Жүлдеге тігілген бәйгесін Көшкеншіге байлап, батасын алыпты.

Нұрсейіт ержете келе аян көріпті. Түсінде қалың нар қамысты қақ жарып келеді екен дейді. Кенет… Нудың арасындағы ашық алаңқайға жасалған әсем ұяны жанары шалыпты. Ұяның ішінде тоғыз жұмыртқа жатыр… Біреуі өзгелерге қарағанды тым ерекше, алтынан жаратылған екен.

Түсін таңдайына бақ дарыған би: – Тоғыз перзент сүйесің. Біреуі қасиет қонған ғұлама болады, – деп жорыпты. Сол аянмен дүниеге келген сәби Тілеулес екен. Қасиетті бала 10 жасқа толғанда керуенге ілесіп, білім іздеп жолға шығады. Ұзақ жылдар бойы Бұхара, Хорезмде білім алыпты. Өзі де Көкілташ медресесінде дәріс беріп, 40 жасында ишан атанады.

Қолдан ұйымдастырған қуғын-сүргін тұсында жаламен Қазалының түрмесіне қамалыпты. Ишан намаз уақытында дәрет алуға түрме басшыларынан рұқсат сұрайды. Дінді апиын санайтын белсенділер келіспепті. Тылсым күшке қалайша таңданбассыз?! Намаз уақытында құлыптаулы есік сарт етіп, өзінен-өзі ашылатынға ұқсайды. Мұндай көрініс талай мәрте қайталаныпты. Қарауылдарға сенбеген түрме бастығы көзімен көрген соң ғана оның құдіретін мойындапты. Көп ұзамай қапастан босатылыпты. Жанындағы камералас бозбала егіле жылап, қимай қоштасыпты. Оны баласындай бауырына басып, жұбатқан ишан «Жаныңнан тастама, қиындыққа босама» деп беторамалын сыйлапты. Кейін Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан сол жігіт «Мені Тілеулес ишанның ниеті, орамалы ажалдан құтқарды. Қарулас серіктерім мерт болғанда мен аман қалдым» – дегенді үзбей айтып жүріпті. Бұл жайлы кезінде жергілікті баспасөзде де жарияланыпты.

Бірде Тілеулес ишанды үш адам іздеп келіпті. Жол-жөнекей өзара «ишанның перілерге су құйғызғанын, өзге де қасиеттерін көрейік» деп сөз байласыпты. Алайда жолаушылар табалдырықтан аттасымен атамыз олардың көкейіндегісін айтып беріпті. Қатты қысылған қонақтар жалынып-жалпайып кешірім сұрапты.

Мұнан соң Келімбет ишан бабасының сақилығына тоқталған еді. Қосамандағы жиынға Тілеулес ишан күйеу баласы Жиеналы мақсымды ертіп барыпты. Көпшіліктің ұйғарымымен бас жүлде «Алтын тұяқты» иеленіпті. Сынау мақсатымен құрдастары бейтаныс біреуді жалба-жұлба киіндіріп, ишанға жіберіпті. «Мен мүгедек, жарлы едім. Жүлдеңізді маған қиыңыз. Ауқаттанып, ел қатарына қосылар едім» – деп қиылған тіленшіге сом алтынды ұстата салыпты.        Мұншама жомарттыққа ризалық танытқан дүйім ел алтын тұяқты өзіне қайтып беріпті. Нұржан ишан да Тілеулестің шәкірті саналады. Бірнеше жыл оқығаннан кейін Тілеулес Нұржанға «Дәрісің аяқталды. Ендігі хабар өзімнен болады» – деп ауылына қайтарыпты. Әлденеше жылдан соң Нұржанның үйіне бейтаныс жүргіншілер қоныпты. Құлқынсәріде үй егасы бір төсектің бос тұрғанын байқайды. Орнында бөркі жатыр. Бас киімді көтергенде араб тіліндегі «Саған ишандық қонды» – деген ұстазының жазуын оқиды. Ғұлама баба 1934 жылы дүниеден өтіпті. Қараша-желтоқсанның кезі. Ишанның денесін жуған суды адам аяғы баспайтын жерге төгіпті. Қақаған суықта сол жердің шөбі қурамай, жап-жасыл күйінде сақталыпты деген сөз бар.

Жоғарыдағы «Алтын жұмыртқаның» сыры осылай екен…

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет:  shkolazhizni.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: