Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алпамыс баба Назарұлы

27.05.2020, 13:56 1364

HALYQLINE.KZ Бисмилла Рахмани рахим!

Түні бойы елегізіп шықтым. Таң ағарысымен жазуға отырдым. Компьютерді іске қосқанымда Жанқожа батыр ауылдық мәдениет үйінің директоры Марат Жақсылықов бауырымнан келген Алпамыс бабаның түнеуханасының суреті жарқ ете түсті. Бұл екі апта бұрын ауылға барғанымдағы түнеухананың жанды жүдеткен көрінісін есіме түсірді. Елі-жұрты «әулие баба, ғұлама емші» атап кеткен Алпамыс баба Назарұлының бейіті Жанқожа батыр ауылының орталығында орналасқан. Кезінде баба ұрпағы салған Алпамыс баба түнеуханасы шырақшысы өмірден озған соң азып кеткен болатын. Енді бұл іс те шешімін тапты. Марат Жақсылықов бастаған ауылдық мәдениет үйінің ұжымы түнеухананың ішкі-сыртқы түскен сылағын қайта сылап, жарқырата әктепті. Арықбалық ауылдық округінің әкімі Мәулен Қайруллаев техникадан жәрдем жасапты. Ауылдағы №94 білім ордасының басшысы Алик Тілеумбетовтің қолдауымен шаруашылық ісінің меңгерушісі Молдабай Ниязов, кәнігі ұста Еділ Сәндібеков, өзге де азаматтар бастаған мектеп ұжымы тозығы жеткен есіктерді, пайдалануға жарамсыз әжетхананы жаңадан орнатып, басқа шаруаларды да қолға алыпты. Алдағы уақытта ауыл азаматтары бірігіп, түнеухананың қоршауын жаңаламақшы. Сәлемдескенінің өзін міндет қылатын қазіргідей кезеңде ешкімнің нұсқауынсыз, әрі су тегін осыншама игілікті іс тындырған ауылдастарыңа қалайша сүйсінбейсің?! Менің де кеудемді жерлестеріме деген мақтаныш сезімі кернеді.

Енді, халқының сүйіспеншелігіне бөленген Алпамыс баба Назарұлы туралы нақты деректерге тоқталсақ. Менің қолымда әулие бабаның үлкен ұлы, марқұм Басықара Алпамысұлының екі кітабы тұр.

«Өмір – өзен, құяды барып мұхитқа» атты кітаптың алғашқы бетіне Басықара ағам «Нағашы інім Жұмабекке! Өмірде жазған естелігімді-Талабың таси берсін,  Өнерің өркендей берсін, Бақ пен дәулетің ұзақ өмірлі болсын деген тілекпен саған ескерткіш болсын деп ұсынамын! Автор. 27.05.2015 жыл» деп жазып қол қойыпты. 

Мәссаған! Мына қызыққа қараңыз. Әулие баба Алпамыс Назарұлының тұңғыш ұлы Басықара көкемнің ақ тілегін жазып, кітабын сыйға ұсынғанына бүгін тұп-тура 5 жыл толыпты. Маңдайымнан шып-шып тер шықты. Түнімен мазамның кеткен себебін енді түсіндім.

Басықара Алпамысұлының кітабын Басықара Алпамысұлының ортаншы ұлы, грек-рим күресінен КСРО спорт шеберлігіне кандидат, танымал палуан Қанафия Алпамысов інім кезінде папасының тапсырмасымен әкеліп берген еді.

Сонымен… Басықара ағамыздың аталмыш кітабындағы Алпамыс бабаның шыққан тегі, әулиелік, емшілік қасиеті жайлы деректі өзімше өрнектеп, оқырманға ұсынамын. Алпамыс Назарұлы Қаракесектің Қасай аталығынан тарайды. Назардың әкесі Ақтай ел арасында «Ақтай емші» атанған қасиетті жан болыпты. Назар кіндіктен жалқы екен. Ал Назар Мейірман, Ұзақбай, Сәдірман, Сәтбай, Қайырман, Алпамыс атты алты ұл сүйген. Қайратты, алып тұлғалы алты ағайынды жігіттерді ауыл арасында «Алты атан» деп атағанға ұқсайды. Алланың құдіретімен ерекше қасиет дарыған алты ұлдың кенжесі Алпамысты кейін халқы «баба» деп ерекше құрмет тұтады. Деректердің Басықара Алпамысұлы ағамның «Өмір – өзен, ағады тауып жүйесін» атты кітабынан алынып, өңделгенін атап кеткен жөн.

1868 жыл. Назардың ауылы жаз жайлауда отырған шақ. Мамырдың мамыражай күні шуағын төгіп тұр. Түс мезгілінде кішкентай Алпамыс ұшты-күйлі жоқ болып кетеді. Әке-анасы, күллі ауыл болып іздеуге кіріседі. Райымда Назардың Иван есімді орыс тамыры тұрады екен. Бар-жоғы екі жастағы бала Алпамыс бұрын осы үйге әкесімен бірге еріп келсе керек. Сол есіне түсіп көш жердегі Иванның үйіне кетіп қалыпты. Баланы танып, ас-суын беріп, ат-арбамен ауылына жеткізіп тастаған орыс тамырға ауыл адамдары алғысын жаудырыпты.

Арада үш жыл өтті. Назар ауылында үлкен той болыпты. Қазақтың тойы ән-күй, термесіз өткен бе?! Атақты Сарбала жырау домбырасын бебеулетіп түні бойы жырлайды. Бір мезгілде жырау салқындауға сыртқа шығып кетеді. Кенет… Киіз үйдің ішінде домбырадан төгілген әсем күй маңайды баурап алыпты. Босағадан топырлап аттаған дүйім жұрт өз көздеріне сенбепті. Сарбала жыраудың домбырасынан тамыжыта күй шерткен небары 5 жастағы бала Алпамыс екен… Тойға жиналған қауым бұл оқиғаның тегін емес екенін іштей сезініпті.

Тағы бірде топ бала ойын қызығымен жүріп, ауылдан ұзап кетіпті. Қарындары ашып, жолдан адасқан балалардың алды жылай бастайды. Осы мезетте балалардың арасындағы ең жасы кіші Алпамыс боз көйлегінің тік салған екі қалтасынан нан алып, баршаға теңдей бөліп беріпті. Ауылға аман-есен келген балалар болған оқиғаны үлкендерге жеткізіпті.

Алпамыстың тоғыз жасында бағып жүрген қойына қасқыр шауыпты. Қолында ағаш сапты, кішкентай балтасы бар, жаяу Алпамыс түз тағысына қаймықпай қарсы ұмтылады. Көзі қанталап, азу тісі сақылдаған аш бөрі Алпамыс екеуі арбасып ұзақ тұрады. Әлден уақытта баланың жанары бұлдырап, бойынан әлі кете бастайды. Кенет… Гүрс еткен мылтық дауысына ілесе қасқырдың өлі денесі Алпамыстың аяғының астына домалап түседі. Бақса… жолаушылап кетіп бара жатқан аңшы жігіт бұларға кездейсоқ тап болған екен. Ауыл тұрғындары тайыншадай арланға төтеп берген батыр балаға тәнті қалады. Осы оқиғадан кейін қатты сырқаттанған Алпамысты танымал емші дем салып, жазып шығарады. Сырқатынан айыққан соң ойын баласы әкесі Назарға «мешітке барып, дәріс алайын» деп өтініш жасапты. Әке қарсы болмады. Осылайша Алпамыс Назарұлының Қазан мешітіндегі ілім-білім шыңына ұмтылысы басталды. Әптиекті, Мұқтасарды мінсіз жаттайды. Құран аяттарын, барша сүрені толық меңгереді. «Молда бала» атанып халқының ризашылығына бөленді.

Алпамыс 17 жасқа толғанда қатты сырқаттанады. Әкесі Назардың ұлын апармаған емшісі, бармаған тәуібі қалмайды. Алайда сырқатының емі табылмапты. Ауылдағы бір қарияның ақылымен Назар ұлы Алпамысты Арыстан бабаның басына түнетеді. Сол түні Назар бабамыз аян көріпті. Өңі-түсі екені белгісіз, аппақ сәлде-шапанды, ақ аса таяқты ақсақалды кісі жанына келіп «Ұрпағыңның тағдыры үшін қам жеме. Алайда асыл туған аруақты балаңа перілер көзін салып жүр. Ақыл-есін алмақшы. Ем жасауды аруақтар ойласып, дем салады. Сол дұғаны қырық күн оқытса, перілер байланады» депті. «Баламның оқығаны перінің оқуы. Жын ұрғанды емдесе құлантаза айығатыны анық» деген Назар баба ұлын оятып, құран оқытады.

Көп ұзамай көрші ауылда бір есі ауысқан қызды қол-аяғын байлап бағып отырғанын естіген Алпамыс молда сол ауылға барады. Сұрастыра отырып сырқат жатқан үйді тауып алады. Жақындай бергенде «Сақтан, сақтан!» деген әйел дауысын естиді. Қос жанары жай отындай жарқылап, өңі жауатын бұлттай түнерген Алпамыс молда дауысы күндей күркіреп ауру жатқан үйге кіріп барады. Қыздың аяқ-қолын шештіріп, оқуға кіріседі. Қыз шыңғырып, тырнамаққа ұмтылды. Алпамыс бабаның оқыған дұғасы тасқын селдей ағылды. Пері жүрісінен жаңылды. Қырық күнде пері жеңілді, бабаға бағынды. Қыз аса көрікті, әкесі асқан дәулетті адам екен. Құлантаза айыққан қызын көргенде егіле жылаған әкесі мол тарту ұсынады. Назар бабамыз болса қыруар дүниеден бас тартып, баласына бата сүрайды. О, асыл туған бабалар! Осылайша Алпамыс бабамыз он бес жыл бойы перілерді байлап, адам емдеп, халқының алғысына бөленеді. Бұған перілер қатты өшігеді. Бабамыздың алғашқы жұбайы даңқты Жанқожа батырдың шөбересі, Бит батырдың қызы Гүлбаршын апамыз болған. Алпамыс баба зікір салып, ел аралап ем жасап жүргенде перілер қастық жасап, үш ұлынан айырылады. Мұнан соң баба зікір салуды қойып, емшілікпен айналысады. Ибн Сина оқулығын тауып, білімін тереңдетеді. Небір асқынған аурларды, ауыр кеселге шалдыққан жандарды, білікті дәрігерлердің өзі емдеуге шарасыздық танытқан сырқаттарды емдеп жазып, қатарға қосыпты.

Емші, тәуіп, қожа-молдаға қырын қараған Кеңес өкіметінің ұрда-жық белсенділерінің өзінің Алпамыс бабамызға деген көзқарасы өзгеше болыпты. Бабаның ерекше қасиетін, имандылығын, еліне жасаған жақсылығын мойындап, қысым жасамапты. Алғашқы жұбайы, перзенттері науқастан дүниеден өткен соң бабамыз Асанның Сойырғасы Қағаз Серікбайқызы анамызбен отау көтереді. Алла ерекше жаратқан бабамыз қайтадан перзент сүйіп, ұрпақ өрбітті. Өмірге Басықара, Байкөбек атты ұлдар келді. Үлкендерден естігеніме сүйенсем, Алпамыс баба ауылымызға жақын жердегі Өтеген мен Нұрымбет (Нұрымбет бабамыз Жанқожа батыр бабамыздың әкесі) бабаларымыздың бейіттері орналасқан маңайда ұзақ уақыт қоныстаныпты. Қазіргі таңда Алпамыс бабамыздың келіндері, немере- шөберелері Қазалыда, Қызылорда қаласында, еліміздің басқа да өңірлерінде өмір сүріп жатыр. Аман болыңыздар, асылдың сынықтары!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,

Жанқожа батыр ауылы

Суретте: Алпамыс баба Назарұлы мен Қағаз Серікбайқызы анамыз.

Жанқожа батыр ауылындағы Алпамыс баба түнеуханасы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: