Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жігіттің сорлысын әйелдің оңдысы түзейді…

28.11.2020, 14:00 849

HALYQLINE.KZ

Ертеректе бір жігіт үйленіпті. Өзі бостау адам екен. Алған жары үй тірлігіне де, малға да, қара жұмысқа да өте епті болған көрінеді. Күндердің бір күнінде сол үйленген жігітпен көрші тұратын қария қой-ешкісін өріске айдап ауылының сырт жағына шыққан ғой. Сөйтсе алдынан иығына бір қойды арқалап алған, алдына ешкі-қойларын салып алған әлгі жігіттің үйіндегі жас келін шығып қалады. Мына жүрісіне қайран қалған атамыз:

– Әй, шырағым, қойды иығыңа асып алып жүргенің не, менің қойыма қос, өзім айдап жеткізіп берейін? – депті. Сонда жас келін:

– Ата, бұл айдағанға жүрмейді, өріске айдасаң қораға қайта қашады, сосын ауылдан ұзағанша арқалап алып жүріп қойлардың қатарына қосамын, күндегі әдеті осы, – деп жауап беріп, малын айдап, жалқау қойын арқалап кете барыпты…

Мұны естіген қария «мына келін күйеуінің атын бар қылады, немесе жоқ қылады» деп адуынды келіннің соңынан ұзақ қарап тұрыпты дейді.

Айтса айтқандай, бұл жас келін күйеуінің атын бар етті. Отын өшірмеді. Бүкіл өмірі ішкені арақ болып көшеде домалап жататын, тиынға тиын қосып көрмеген күйеуінің жағдайын жасаумен, бала-шағасын жалғыз өзі асыраумен өтті. Малын өзі бақты, отынын өзі жарды, шөбін өзі шапты. Сөйтіп жүріп бес баланы өмірге әкелді. Бала өскесін жейтін нан керек, киетін киім керек болғасын үйінен ұн сатумен айналыса бастайды. Ұнның тапшы заманы ол кез, ұнның сұранысы күшті болғаны соншалықты елге сататын ұн таппай қалады екен. Алғашқыда арбамен бастаған бұл кәсібі соңында даңғарадай үй салумен, күйеуінің астына соңғы үлгідегі жеңіл көлікті мінгізу деңгейіне дейін жетеді. Бұл күнге оңайлықпен жеткен жоқ әрине. Арбаға ұнды салып жауып тұрған қарға, құйып тұрған жаңбырға, желге қарамай ауыл аралап сатады екен. Қаншама еңбек, қаншама төгілген тер, жоқшылық, аузы арақтан босамаған күйеуінің қылығына төзген темірдей жүйке, денесі жылып киім кимеу, аяқтан өткен сыз, пеш түбінде үймелескен үрпекбастардың күн сайын «апа, нан» деп жарыса жылауы, міне, осының бәрінен өткен еңбекқор анамыз бала-шағасы өскенде, сарайдай кең әрі жылы үйінің қызығын дұрыстап та көре алмай, неше жылғы ауыр бейнеті өзіне ауру болып жабысып, ауыр дертке шалдығып о дүниеге аттанып кеткен. Балдан тәтті немеренің маңдайынан да сүйіп үлгермеді… Артында аңырап бес бала қалды.

Бұл болған оқиға. Бүгінгі күнде ұлдары ұяға, қыздары қияға қонған. Қазір шаңырағында баласы отыр, үйлі-баранды, шешесінің бастаған кәсібін жалғастырып әкеткен. Анасы қайтыс болар кезінде үлкен ұлын шақырып алып «мына әкеңді мен кеткен соң қаңғыртып жібермеңдер, бас-көз болыңдар, қараусыз қалмасын» деп қайта-қайта айта беріпті. Өлерінде де күйеуінің қамына алаңдаған адал жар дерсің. Балалары ана өсиетін адал орындады, бірақ, қайран әке ащы су ұрттауын әлі қоймапты…

Үлкендердің айтуына қарағанда, күйеуі қанша жерден шөлмекпен дос болса да өз үйінде отыратын орны төр болыпты, ортаға қойылған асқа алдымен әкелері қол созатын үрдісті қалыптастырыпты, кей кездері жүрген жерінде күйеуінің жақсы тұстарын айтып мақтап та қояды екен. Онысы тек жаман жағын көріп жүрген ел күйеуін мүлдем жек көріп кетпесін дегені…

Жігіттің сорлысын әйелдің оңдысы түзегені деген осы болар шынында.

Жаған-Бегім БӘКІРҚЫЗЫ.

Әлеуметтік  желіден  алынды.

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: