Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Күрең шай

03.10.2020, 11:00 2040

HALYQLINE.KZ Қазақ дастарқандағы шайдың орны өз алдына бір төбе. Шай ішу қазақ халқының өмірінде өте байырғы дәстүр – салтымен ұштасып жатыр. Егерде қазақша шайды еске алсақ, онда көз алдымызға екі иығынан дем алып қайнап тұрған сары самаурын, алтын түс жез шәйнек, хош иісі бұрқыраған ақ құмандағы шай, кең дастарқандағы қызыл күреу бауырсақ, ақ ірімшік, құрт, қарт, тәттілер, қаймақ бал татыған шайды елестетеміз. 

Қазақ салтында шай құю тек қыз-келіншектің еншісіне тиіс нәрсе. Шай жасау, шай құю да өнер «Қонақ аз отырып, көп сынайды». Қыз-келіншектердің көргенділігін, мәдениеттілігін және үй іші тәрбиесін қазақта осы шай ішуден бастап сынау бар. Кісіге дұрыстап өз мәнінде шай құйып беру ұстамдының, ибалының, көргендінің, өнегелінің ғана қолынан келеді.

Жас келін ондаған шыны аяққа бір мөлшерде шеберлікпен шай құйып, кісілердің кеселерін өздеріне ұсынғанда ауыстырмай тап басып, дәл беріп отыруы тиіс. Шайды ішіп болғанына ишарат білдірсе қонағына тағы да сый аяқ ұсыну бар. Ал жаңағы ондаған шай құйылған шыны аяқтарды, кеселерді иелеріне ауыстырмай, ұсынып отыру бір жағынан зерделілік болса, екінші жағынан гигиеналық мәні бар екеніне ешкім дау айта алмас.

Шай құю мәдениетті дегеннен шығады, ұлы суреткер Мұхтар Әуезов Оңтүстік сапарында елдің сый-сияпаттарына, қонақжайлылығына разы бола жүріп, бір үйде шай үстінде сәл қабақ шытып қалса керек. Бақса, шай құюшы келіншек әуелі кесеге шай құйыпты да, сонан соң ғана сүт қатыпты. «Бәлі, қазақ шайды бұлай баптамас болар еді», – десе керек Мұқаң.

Әуелі сүт қатып, сосын барып шай құйылатындығын, сонда ғана сүттің шайды жақсы үйіретіндігін бір ескертуі етіп, шай берудің үлкен өнер екендігін тіпті қазақтай шайшыл, һәм шайды бабымен беретін елді аз кездестіргенін, әлемнің қай елімен салыстырсақ та өз ұлттық дастарқанымыздың тең түспесе, кем түспейтінін ұзақ сыр хикая етіп шертеді.

Қазақ шай-су берген кісісіне ниет, көңілін де бірге береді. Сондықтан әсіресе жас отау иелері шай беру мәдениетіне ерекше назар аударып, лайықты дәстүрге айналдыру құптарлық жай.

Ибола Сариевтің «Дәстүрдің озығы бар» жинағынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: