Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біреу тоңып секіреді, біреу тойып tik-tok түсіреді

24.09.2020, 10:30 1709

Бірде жалғыз өзім орталық алаңда отырғанмын. Түн тыныштығының құшағында оңаша қалып, ойға шомғанды жаным сүйеді. Қоңыр салқын күздің желімен сырласып отырған шағымда жаныма бір бейтаныс қыз келді де, әлдебір қозғалыс жасап, билей бастады. Түн уақытында қасыңа бөгде біреу келіп билей жөнелгені ыңғайсыз жағдайға қалдырады екен. Менің мазасызданғанымды сезді ме жерге қойған телефонын алып, ары қарай жүріп кетті. Сөйтсем, ол қазіргі tik-tok әлеуметтік желісіне арнап би түсіріп жатыр екен. Артынан зерттей келе қазіргі таңда жастар арасында аса танымалдыққа ие би екенін түсіндім. Аз уақыттың ішінде үлкен аудиторияға ие болған әлеуметтік желіге жастар неге сонша құмар, жастарға берер пайдасы қандай деген сұраққа жауап іздей бастадым. Тапқаным, бұл платформа 2016 жылы Қытай елінде пайда болыпты. Алғашында «Douyin» деп аталған екен. Өзіне Instagram, Snapchat және Vine бағдарламаларының функцияларын қосқан бүтін бір әлеуметтік желі. 15 секунд пен 1 минут арасында шағын скетч видеолар түсіретін, көңіл күйді көтеруге арналған қосымша болып шықты. Қиын-қыстау заманда жастардың көңілін аулау дұрыс-ақ. Дегенмен, жастар – біздің болашағымыз. Олардың көңіл көтеру үрдісі де пайдалы дүниелерге толы болуы керек. Мен де сол пайдалы дүниені тауып қалармын деген оймен тіркелдім. Тіркеле қойғаным сол-ақ, неше түрлі видеолар қаптап шығып, соларды көремін деп бірнеше сағат бойына тапжылмай отырдым. Көңіліміз жеңіл-желпіге тартып тұрғаннан кейін бе, білмеймін, әйтеуір уақытымның қалай өткенін байқамай да қалыппын. Артынан бағамдасам, берген түгі жоқ. Санамда жартылай жалаңаш қыздар мен сайқымазақтың рөлін сомдаған жігіттер ғана. Пікірін ашып қалсам, толған мектеп оқушылары бір-бірін қарғап, тіпті былапыт сөздер де айтып жатыр. Ішімнен «Е, қазақ жастарының бар деңгейі осы болды ма?» деген ойда қалдым. Елімізде білім іздеген, алға талпынатын жастар бар екенін де білемін. Бәлкім, бұл платформада сол жастар да бар шығар. Осы берілген мүмкіндікпен жаңа ашылған жаңалықтарды, кітаптарды талдайтын шығар деп үміттеніп, іздеп көрдім. Өкінішке қарай, үмітім ақталмады. Аса бір ізденімпаз жастардың легін байқамадым. Сондай бір білімге жаны құмар жастармен әңгімелесіп, ойларын білгім келді.

Шернияз ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ, студент:
– Тik-tok-тан болашақты көремін, ол өміршең бағдарлама болмақ. 1-2 жылда маңыздылығын жоғалтады деп ойламаймын. Алайда «болашақ қалай болады?» деген сауалға келгенде, көп алаңдататын дүниелер бар. Адамды жеңілдікке, жалқаулыққа, көп ойланып, көп еңбек етпеуге насихаттайтындай көрінеді. Ондағы мағынасыз челлендждер мен жеңілтек бейнелер тізбегін тұтастай алғанда пайдасынан зияны көп. Оның адам психикасына тигізетін әсерін мен айтпасам да, мамандар дабыл қаққалы қашан. Көп қолданушы болып табылатын 12-20 жас аралығындағы замандастарымның «тренд» үшін барлығына дайын екенін көремін. Бұл қорқынышты! Қазірде tik-tok желісі басқа да әлеуметтік желілерге өз әсерін тигізіп келеді. Ондағы видеоматериалдар барлық жерлерде жарияланған. Сәйкесінше, маңызды ақпарат пен мол білімге толы жазбалар легін жеңіл, бірақ, сұраныстағы tik-tok өнімдері басуда. Бұл да есі бар адам ескеретін жайт. Жай ескеріп ғана қоймай, естияр шақта есеңгіреп жүрген бүгінгі жастарға ескертуіміз қажет! Оның орнына басқа әлеуметтік желіге әуестенгені абзал. Бұл пікір тұсында, басқа да қолданып жүрген бағдарламаларымыздың тек жақсы жағы бар, зияны жоқ деп кесіп айтпаймын. Алайда пайдасы білген, қолдана алған адамға басымырақ. Өз басым біраз әлеуметтік желілердегі парақшаларымда белсендімін. Алайда tik-tok-қа тіркелмегенмін. Ақпаратты саралап, қажетсіз дүниелерді қарамауға тырысамын.

Білім жолында жүрген жастарымыз бұл платформада жоқпыз дейді. Сонда мағынасыз видеолардың авторлары кімдер? Зерттеу бойынша tik-tok-ті көбінесе мектеп оқушылары пайдаланады екен. Одан бөлек, блогерлер мен «дегенерат» азаматтар. Иә, біз бұларды осылай атауды жөн көрдік. Себебі, мектеп оқушыларының жасаған видеосының астына неше түрлі былапыт сөздер жазып, жас сананы улап жатқандарды басқаша қалай атауға болады? Бала психологиясы өте нәзік, тіпті кейде ойланбай айтылған сөз оның бүкіл өміріне кедергі келтіруі мүмкін. Ал бұл бағдарлама арқылы өзі туралы неше түрлі пікір оқиды. Біз сол кері пікірлердің әсерінен бала санасының улануына жол бермеуіміз қажет. Балаңыздың парақшасын барынша қорғап, онымен бірге екеніңізді әрқашан есіне салып отырғаныңыз жөн. Себебі, мұнда балаңыздың ересектерге арналған контентке жолығып қалуы әбден мүмкін. Және танымалдылыққа ие болу немесе басқа да мақсаттарда сол видеодағыны қайталауы да ғажап емес. Тіпті кейбір видеолар балаларды ғана емес ересектерді де таңғалдырып жатады. Бірде #killingstalking хештегімен видеолар жайылып кеткен болатын. Онда блогерлер мойнына пышақ тақап, видео түсіреді немесе өздерін жарақаттайды. Сервис әкімшілігі қазіргі таңда бұндай видеолар бірден өшірілетінін жеткізді. Дегенмен, практика жүзінде осыған ұқсас видеолар басқа хештегтермен шығып жатқанын бақылауға болады.
Бұдан бөлек әлеуметтік желінің ең үлкен кемшіліктерінің бірі – ойға кіріп-шықпайтын челлендждердің көптігі. Бірі әкесінің басын суға тығып, сонысына мақтанып, өз парақшасына салып жатса, енді біреулері халық ағартушыларын мазақ етіп, түрлі қосымшалармен мақтаныштарымыздың имиджіне нұқсан келтіруде. Тіпті, кейде күмәнді челлендждер де болады. Мысалға жеке куәлікті түсіріп, әлеуметтік желіге өз келбетінің қаншалықты өзгергенін көрсету секілді. Қарап отырсақ, ешбір зияны жоқ, кезекті челлендждердің бірі секілді. Дегенмен, сол жеке куәліктегі ақпараттарды, цифрларды алаяқтар өз мақсаттарына пайдаланып, қаншама адам қапыда қалып жатыр. Осындай мысалдар өте көп. Бұндай контентке біздің жастарымыз психологиялық тұрғыдан дайын ба? Осындай форматтағы видеоларды көріп өскен балаларды қандай болашақ күтіп тұрғанын педагог мамандардан сұрауды жөн көрдім.

Аягөз Әбдіразақова, оқытушы:
– Қазір жылдам видео түсіруге арналған сервистің tik-tok бағытын көңіл көтеру мақсатында жастар қолданады. Басқару тетігі өте оңай, құлаққа жағымды музыкалармен әрленген түсірілімдерді тез жазады. Мысалы, бұл қосымшаға Үнді елінде тәуелсіздігі мен тұтастығына, қорғаныс қабілетіне, мемлекеттің қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртібіне зиян келтіретін желі ретінде тыйым салынған. Бұл қосымша айналасында дау-дамай көп. Сол себепті де саясиланып барады. Дегенмен, бұл қосымшаны оңтайлы пайдалану арқылы нәтижелі тәрбие құралына айналдыруға болады дейтін де пікір бар. Менің жеке пікірім, осы қосымшаны пайдалануға белгілі бір жастық шектеу қойылса. Мысалы, оң-солын танып, ұяттың не екендігі жөнінде хабары болатын 11-12 жастан бастап ғана қолдануға рұқсат берілу керек. Менің 4 жастан асқан қызым да осы қосымшаны көреді, тыңдайды, өзі де ұнаған әуеніне видео түсіреді. Дегенмен, онда әдепсіз сөздер, тұрпайы қылықтар сипатталған видеоматериалдың көп болуы және соны менің кішкентай әлі ешнәрсені түсінбейтін қызымның тез жаттап алуы мені ойландырды. Сосын видео түсіргенде дефон, киім үлгісі, «ұят болады», «жараспай тұр» дегенді түсіне қоймайды. Сол себепті, мен телефоннан бұл қосымшаны өшіріп тастадым. Ал, жалпы, бұл қосымшаны ұтымды қолдана білсе, танымдық, жарнамалық материалдар түсіруге болатынына көз жеткіздім.

Tik-tok арқылы тілімізге жаргон сөздердің де қосылғанын аңғаруға болады. Олар «краш», «лук» және т.б. Одан бөлек педофилдер мен алаяқтардың сіздің балаңыздың парақшасына жазылу мүмкіндігінің жоғары екендігі. Абай атамыздың «Қарыны тоқтық, уайымы жоқтық аздырар адам баласын» деген сөзін бүгінде дәл осы мәселемен байланыстыруға болады. Тәуелсіздіктен кейін етек-жеңіміз жиылып, жағдайымыз жақсарды. Енді ғарышты бағындыруға талпынатын уақыт келгенде жастарымыздың бар назары 15 секундтық видеодан шыға алмауы қынжылтады. Бұл уақытша орын алып жатқан өзгеріс пе, әлде tik-tok шынында instagram секілді алыптардың орнын баса алады ма, оны уақыт көрсетеді. Ал, бізден талап етілетіні – бұндағы қазақ аудиториясын барынша пайдалы контентке ауыстыруға жұмыс жасау, не болмаса, жастарымыздың назарын басқа арнаға бұру.

Б.АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: