Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімге сенген заманда…

24.09.2020, 10:00 820

Әлем бір орында тұрған жоқ. Әр сәт сайын жаңалықтар өзгеріп, ғылым тез дамып жатыр. Біреулері ғарышты бағындырамыз десе, енді біреулері су астын игереміз дейді. Ал, біздің мемлекетімізде бұл жағынан даму аса қатты біліне бермейді.
Бірде Мәскеуде оқып жатқан отандасымызбен кездестім. Ол қазақ жастарына өкпелі екенін айтты. Айтуынша, дүниежүзілік ғылыми конференциялар мен олимпиадаларда біздің жастарымыз көп кездеспейтін көрінеді. «Әлемді біліммен ғана таңғалдыруға болатын заманда жастарымыздың білімге құштарлығының жоқтығы қатты қапаландырады», – дейді ол.
Ал, қазақ жастары мұны қажет деп есептемейтіндей көрінеді. Қазақ қоғамында қазір «табысқа жету үшін білімді болу маңызды емес» деген түсінік пайда болған. Шынында, соңғы жылдары әлеуметтік желі беттерінен жетістікке жету үшін оқудың қажеті жоқ екені жайлы ақпараттар толып кетті. Оған оқуларын тастап кеткен танымал адамдарды мысалға келтіріп, бос кеуделеріне сенім ұялатады. Осыдан кейін өздерінің нашар оқып жатқандарын биікке деген сатының бір баспалдағы деп түсінетіндер саны да көбейді. Әлеуметтік желідегі мұндай пост иелерінің мысалға алып жүргендері – Билл Гейтс, Марк Цуккерберг сынды IT-бизнестің шыңында жүрген азаматтар. Олар расымен, өз уақытында оқуларын тастап кеткен. Дегенмен, бұл азаматтар әлемдегі ең беделді университеттерде оқыған. Олардың білімдері университет шеңберінен асып кеткендіктен ғана оқуынан шығуды жөн санаған. Олар бар өмірлерін білімге арнаған. Бала кезінен ізденімпаз, қатарының алды болған. Және әлі күнге дейін білім іздеп, оқуға талпынатынын да айтып жүр. Дегенмен, бізге бұл ақпараттар жете қоймайды. Себебі, біз тек өзімізге керек ақпаратты ғана қабылдайтындаймыз. Қазақ даласында мүлдем дамымаған ғылымдар саны өте көп. Әлі де ашылмаған, зерттелмеген дүниелер бар. Соны біле тұрып, білімге талпына қоймаймыз. Таңғажайыптың боларына сенеміз. Бала кезімізде бізге ертегіні көп айтқан, ал біз сол ертегімен әлі өмір сүріп келе жатқандаймыз.
Әлемдегі өз салаларының биігінде жүрген адамдардың барлығы білімді болған. Және әлі күнге дейін өз білімдерін арттырып келеді. Кез келген танымал адамның тарихына үңілсеңіз, оның жақсы оқығанын аңғарасыз. Сондықтан, бізге қазіргі уақытта тек білімді болу қажет. Қазақта «Білімдіге дүние жарық» деген сөз бар. Кітаптар әлі күнге дейін бағалы заттардың бірі екенін ескеріңіз. Оларды әлі күнге дейін сатады, сыйлайды, құрметтейді, сүйіп оқиды. Бұның бәрі оның бойындағы білімнің арқасында келген. Біліммен ғана әлемді жарық етеміз. Болашағымызды жарық етудің бір ғана жолы – ғылым-білімге бет бұру, жаңалықтар ашу, ұдайы оқу.

Бекзат ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: