Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұятты жеңген өлім

25.06.2020, 9:25 2160

HALYQLINE.KZ 

Бұл үйде үш күннен берi келiмдi-кетiмдi ағылған адам, үш күннен берi жылау-сықтау. Ақ шашты кейуана ұзақ жоқтауды аңырата бастай жөнелдi:

– Желкiлдеп өскен құндызым,

Ағып түскен жұлдызым.

Он екiде бiр гүлiң ашылмай,

Арманда кеткен қырмызым…

Уһ, жаным-ай…

Азалы үйде азаның желi азынап тұр.

Кеудесi шалқақтау, орта бойлыдан жоғарылау қара мұртты жiгiт көзiн бiр сығып алды да, шыдай алмай сыртқа шығып кеттi. Есiк алдында қарсы ұшырасқан қарасұр келiншек мұны екi көзiмен iшiп-жей қарап:

– Ой, оңбаған, өз әйелiңнiң ажалына өзiң себепшi болып қалайша жер басып жүрсiң, жер тартқыр, Құдай бар болса, қара жер тартсын сенi! – деп қарғысты үйiп-төгiп жатты.

Мергенбай қораның түкпiрiн бетке алып жылыстай бергенде, немере ағасы таяп келiп «көңiл айтуға достарың келiп тұр» деп сыбырлады. Көзi жасты жiгiт керi бұрылды. Қатарласа тұрған туыстарымен бiрге тұрып, келгендерге мағынасыз да, мәнсiз көзiмен шолып өтiп, марғау кейiпте мелшиiп қатты да қалды. Көкейiнен «бұл iс қалай болды, әйелiмдi өлтiруге қолым қалай барды» деген сауал кетер емес. Тiрi өлiктiң күйiн кешiп, мөлиiп тұрысы мынау…

…Мергенбай ол баста осы марқұм әйелi Қымбатпен бiр-бiрiн ұнатып қосылды. Қыз қылықты Қымбаттың сыңғырлаған күлкiсi баурады ма, болмаса жүрек қылын шерiткендей әсем әнi буынына түстi ме, әйтеуiр бұл байғұс маңдайына кекiлi төгiлiп тұратын ақсары қызға өлердей ғашық болып, соған шырмауықша шырмалды да қалды.

Қыз бес жыл Алматыда оқыды, алыс маршруттағы автобус айдайтын бұл өзi де қызды үнсiз күттi. Қыз дәрiгер болып жұмысын iстедi. Бұл тағы да күттi. Өлердей ғашық екенiн айтып, алдын орады да жүрдi. Ерке қыз жиырма жетi жасқа дейiн шолжаңдап жүрдi де, ақыры Мергенбайдың етегiнен ұстады. Той өттi дүрiлдеген, Ташкент пен Қызылорданың арасын шарлайтын «Икаруспен» ерсiлi-қарсылы шапқылап, шаруасын әбден түзеп алған Мергенбай қыздың қалыңынан да, тойдың шығынынан да қашпады. Құда түстi, қызға сырға тақты. Үйдi-төктi, шашты. Тойды қаланың маңдайалды мейрамханасы «Сезiмде» өткiздi. Оған қатысқан да, қатыспаған да армандайтындай той болды.

«Той қашан бiтедi, төсекте қашан табысамыз?» деп елiрiп, есi шығып, жүрегi ұшқан Мергенбай ақ төсектiң үстiнде асыр салар қимас сәттi аңсай күтiп жүрдi. Бұған дейiн талай шүйкебастың сауабын алып, «сыбағасын» берген Мергенбай бұл мәселеде қанша тәжiрибелi болса да, Қымбатын жан-тәнiмен сүйген соң бұған дейiн оны төсекке жақындатпай өзiн бейтарап ұстаған едi.

Той тарқап, кiсi аяғы басыламын дегенше сағат тiлi түнгi үшке қарай жылыстады. Мергенбай бұдан әрi шыдамады. Үлбiреген ақ көйлек киiп, қасы-көзi қиылып, «мен өмiрлiк сендiкпiн» дегендей кейiпте алдынан көлбең-көлбең өте берген Қымбатты бейне бiр қозыны өңгерген аш қасқырдай iлiп алып, төргi бөлмеге қарай алып қашты. Келе тоғыз жыл бойы осы бiр алғаш төсектес болып, жарының адалдығына куә болар қасиеттi сәттi асыға күткен ол Қымбаттың: «Қоя тұршы, жаным, тұншықтым», – дегенiне де қарамастан аймалап шешiндiре бастады. Қызды шешiндiрiп жатып:

– Мен осы күндi тоғыз жыл бойы күттiм, талай сұлудың үйленейiк дегенiне құлақ аспадым, арманым да, алтын құсым да сен болдың, – деп алқына сыбырлады. Екеуi төсекке ұмар-жұмар құлап, ыстық құшақтарын айқастырды.

Бұл жалғанда екеуi де бақытты болатын. Осы бiр жарық дүниеге келгендерiне, бiрі-бiрін тауып үлкен өмiр жолында бiрге қауышқандарына, осы көптен күткен күндерiне жеткендерiне бақытты едi.

Келiншегiн аймалаған Мергенбай жан жарының ыстық демiне шарпылып, алпыс екi тамыры исiнiп, бұл дүниенi мүлдем ұмытып кеттi.

– Жаным, жайлашы, – деген жан жарының дiрiлдеген үнiне де, – сәл сабыр етшi, айтар сөзiм бар, – деген өтiнiшiне де құлақ аспады. Бұл кезде Мергенбай төсек қызығына бiржолата берiлген едi.

– I-мм… Айттым ғой, ауырттың, – дедi ыңырсыған Қымбат жалынышты үнмен.

– Сәл шыда! – Көңiлi бiртүрлi жасып қалды. Сананы «бұл неге бақырмады, қыз ба, әлде әйел ме» деген күдiк торлады. Бiрақ, оны саралап жататын уақыт қайда. Дiттеген жерiне барып, жанның рақатын сезiне бастаған күйеу жiгiт өз шаруасын жалғастыра бердi.

Мергенбай iшiп алған кездерi «махаббат ойынына» жуық арада мейiрi қана қоймайтын. Бұл жолы да ұзаққа шапты. Қымбат ыңыранды, ыңырсыды, бойын босатып алды. Арада шай қайнатым уақыт өткенде:

– Мен болдым, қойшы жаным, – деп қынқылдай бастады. Мергенбай одан сайын өршелендi. – Өлдім, талдым, – дегенде белiн босатып, тыныш тапқан Мергенбай сылқ түстi.

Көңiлi қоңылтақсып қалды. Тоғыз жыл бойы «асылым, арманым, алтыным» деп ынтыққаны да, аңсағаны да қарапайым тот басқан жез болып шықты. Iшi алай-дүлей. Төсектен тұрып кеттi. Жуынуға да зауқы соқпады. Бөлменiң жарығын жағып, аппақ ақ төсекке бiр, төсек үстiнде сiлiкпесi шығып жатқан Қымбатқа бiр қарап, темекi тұтатты. Ақ төсекте «не дейсiң, арманыңа жеттiң бе» дегендей жан жары жайбарақат жатыр.

– Ия, – дедi темекiсiн бұрқырата төсек шетiне қонжиған Мергенбай тыржалаңаш қалпы, айдын көлдегi ақ сазандай керiлiп ашық-шашық жатқан Қымбатқа өңменiнен өтердей суық көзiн қадап. – Алтын дегенiм жез болды, мен қызға үйлендiм бе десем, қатын екенсiң ғой?! Оны неге жасырып келгенсiң?

Төбеге қарап шұқшиып жатқан Қымбат:

– Онда тұрған не бар? – дедi жайбарақат. – Мен де ет пен сүйектен жаралған адаммын. Темiр емеспiн, сен соны түсiн.

– Iм… Пердеңдi кiм жыртты?

– Оны не қылайын деп едiң, сол адамды дуэльге шақырайын деп пе едiң?

– Мергенбайдың жүрегi шым ете қалды. «Мынаның бетi әбден ашылған екен, бұған дейiн қалай байқамағанмын» деп ойлады.

– Оны дуэльге шақырамын ба, әлде сенiң жаныңды шығарамын ба, ол менiң iсiм. Сен тек сұраққа жауап бер. – Мергенбай Қымбаттың алқымынан көтерiп, көзiне көзiн тақады. – Кiм сенi бiрiншi әйел қылған?! Мен сенiң байыңмын, бiлуiм керек!

– Бiлгiң келсе айтайын. – Қымбат Мергенбайдың қолынан алқымын босатып алды. – Менi әйел еткен алғашқы махаббатым болған жiгiт.

– Кiм? Атын айт!

– Оның не керегi бар? Сен немене содан кейiн болдым деп өкiнiп отырмысың? Мен осы жасыма дейiн оқыдым, шоқыдым, талай қызықты басымнан өткердiм. Бiрақ, соңында саған тидiм, сен соны бағала. Сенен бұрын кiммен болғанымды өзiм бiлем, сен оған бас қатырма!

– Неге бас қатырмаймын? Сен менiң некелi әйелiмсiң, басымды қатырмақ түгiлi быт-шытыңды шығарамын!

– Сонда алғашқы неке түнiндегi сыйың осы ма? – Қымбат жыламсырады. – Мен сенi азамат па десем, перде-серде деп орта ғасырдағы надан адамның әңгiмесiн айтып басымды шатасың келiп…

– Перде-серде емес, адалдығың қайда, күнәға қашан баттың және кiммен баттың деп сенен адам сияқты сұрап отырмын.

– Ой, Құдайым-ай, саған оның не керегi бар, алды ма, алды, кеттi, түсiндiң бе?

– Неге алғыздың? Некелi байың мен неге алмаймын?

– Сен кешiгiп қалдың, мен шыдай алмадым, кешiр, мен кiнәлiмiн!

– Жоқ, сен жылама, жылағанмен ендi ағармайсың, сен арамсың!

– Арам болсам, неге үйлендiң?

– Мен сенi адал екен деп алдандым, қазiр соған өкiнiп отырмын. Сен де бiр, көшедегi жезөкше де бiр. Мен жезөкшеге үйленгендей бiртүрлi жаным жабырқап қалды, түсiндiң бе?

– Түсiнгенде не iстейiн?! Мен сенен неше қызбен жатып-тұрдың, жатып-тұрсаң неге жатып-тұрасың деп сұрап жатқан жоқпын ғой.

– Сенiң менде не жұмысың бар? Әуелi өзiңе жауап бер. Бiрiншi байың кiм, соны айт!

– Сенiң оны бiлмегенiң жақсы емес пе? Әйтпесе, өмiр бойы соны ойлап әуреге түсесiң. – Қымбат екпетiнен түсiп жатты.

– Одан қам жеме. Сенiң үстiңде жатқан алғашқы адамды бiлгiм келедi.

– Қинамашы менi, жаным! – Қымбат ебiл-дебiлi шыға, екi иығы солқылдай жылады. – Айта алмаймын.

– Айтасың!

– Ендеше айтайын. Менi мектеп бiтiретiн жылы паркте екi бала зорлап кеткен.

– Зорласа неге сотқа бермедiң?

– Қорықтым.

– Кiмнен?

– Әкемнен.

– Неге?

– Әкем бiлсе өлтiредi, ашуы жаман.

– Әй, қайдам, сенбеймiн бұл өтiрiгiңе.

– Сенiң сенбейтiнiңдi мен де бiлгенмiн.

– Сенбеймiн, сен баяғыда-ақ түбi түскен шелекке айналған сорлы екенсiң.

– Өтiнемiн, менi өйтiп қорламашы.

– Бұл қорлау емес – шындық, бұл жерде мен сенi емес, сен менi қорлап отырсың. Пәленбай жыл ештеңе болмағандай менiң басымды айналдырып, өзiң көрiнгенге төсек болып жүрiпсiң…

– Мен саған адал жар боламын деп келдiм. Қойшы, Мергенбай, өткен iс өттi, ұмытайықшы бәрiн де!

– Жоқ, мен ұмыта алмаймын. Сен осы кезге дейiн төсек қылғандар маған қолын шошайтып, «анау бiз мiнген байталдың қазiргi айғыры» деп күлетiн болады. Сен соны түсiндiң бе?

– Қымбат үнсiз қалды.

– Ә, үндемеген үйдей пәледен қашып құтылады деп жатырсың ба?

– Сенi ойлап жатырмын. Қазiргi заманда өмiр сүрсең де, феодолизм кезiндегi санадан шыға алмай жүрген қандай жiгiтсiң?

– Мен адалдық пен арамдық, лас пен тазаның парқын бiлетiн жiгiтпiн. Мен сенен жиiркенiп отырмын. Сен қандай лассың. Осы кезге дейiн қалай байқамағанмын? Махаббаттың көзi соқыр дейтiнi осы шығар. Бiрақ, мен көзiм соқыр болғанмен, көкiрегiмдегi жiгiттiк намысымды бәрiнен де жоғары ұстайтын жiгiтпiн. Мен сенi өмiр бойы кешпеймiн. Сен менiң үмiтiмдi ақтамадың, ақ төсегiмдi арам тәнiңмен ластадың. Саған не iстеуге болады?

– Онда ажырасайық. Маған сөз айтып жүрген жiгiттер жеткiлiктi, ертең-ақ мынауский күйеуге тиiп аламын, – Қымбат тiктелiп отырды. Айғыз-айғыз жас жуған жүзiн Мергенбайға бұрды. – Бұл дүниеде сенен басқа еркек құрып қалмаған шығар.

– Ә, солай ма? Мiне, бетiң ендi ашылды. Он жылдай көрiнгенмен ойнап-күлiп ендi менi есек қылып ұстағың келген екен. Одан да маған тиерде ана жағыңа пластикалық операция жасатып, қыз болып келмедiң бе? Содан кейiн менi есек қылатын едiң.

– Менi сенi түсiне ме деп едiм, түсiнбедiң-ау. Осы кезге дейiн сен де етегiңе намаз оқымаған шығарсың?! Сол сен сияқты мен де жүрдiм, тұрдым, онда тұрған не бар? Қазiргi кезде перiште болып жүрген қыз жоқ. Алатауды алты рет, Қаратауды қырық рет айналсаң да, ондай қызды таба алмайсың. Бәрi де пердесiз, ұқтың ба?!

– Сонда таза адам жоқ па?

– Жоқ.

– Мә, саған жоқ! – Ашуы алқымына тiрелiп, көзi ештеңе көрмей елiрiп кеткен Мергенбай Қымбатты мойнынан қатты қылғындырып ұстады да, ағаш төсектiң жақтауына басын үш-төрт рет ұрып-ұрып жiберiп, көзi аларған оны керуетке итерiп тастады да, шалбарын жүре киiп далаға шығып кеттi.

Сол бетiмен келесi көшеде тұратын досы Ахметтi оятып алып, сонымен бiрге арақ iшiп, алғашқы түннiң әңгiмесiн оған түгел айтқан Мергенбай үйiне сәске түске таяу оралды.

Келсе, үй iшi у-шу, ашу үстiнде басы ағаш керуеттiң жиегiне соғылған Қымбат бұл дүниеден баз кешiп кетiптi. Ақ жаймаға оралған өлiк оң жаққа салыныпты. Әке-шешесi жедел жәрдем машинасын шақыртқан екен, олар «әлдеқашан қайтыс болған адамды алмаймыз» деп жазатындарын жазыпты да кетiптi.

Мергенбайдың басына қайғының қара бұлты шындап үйiрiлдi. Iшi қан жылады. Ұяттың құрбаны болған Қымбатын ойлады, оның ажалына себепкер болған өзiн кiнәлады. Өзгеге қиса да, өлiмге қалай қиған? Ендi Қымбатсыз қалай өмiр сүредi? Оның қанын қалай арқалап жүре алады?

Сол күнi түс кезiнде Қымбаттың туған-туыстары келiп, марқұмның мойнындағы қылғындырған қолдың iзiн көрiп, қыздарының ажалы күйеу баладан келдi деген күдiкпен мәйiттi сараптама жасату үшiн мәйiтханаға жөнелттi. Көзге шыққан сүйелдей болған Мергенбай сол күнi көпшiлiк көзiнен жасырынуға тырысып, әрi-сәрi күй кештi. Тамағына ащы өксiк тығылып, iштей тұншықты. Мойнына сүйгенi Қымбаттың қанын нақақ жүктеген Мергенбай үшiн бұл өмiр мәнiн де, мағынасын да бiржолата жоғалтқан едi…

Түс ауа қызыл жағалы екеу келiп, Мергенбайды сұрады. Жылау-сықтаудан бастары мәңгiрiп, азаның ащы уын жұтып жүргендер Мергенбайды iздеуге шықты.

– Мергенбай, а, Мергенбай, қайдасың? – деп әкесi шақырды. Мергенбай көрiнбедi. – Жаңа ғана жүр едi ғой. Сарайды көрiп келейiншi. – Сарайдың есiгiн ашып қалған Ахмет жiпке мойнынан асылып тұрған Мергенбайды көрiп шошып кеттi.

– Астапыралла! – Мергенбайдың аузынан тiлi шығып, көзi аларып қалыпты. – Ойбай, мында келiңдер, Мергенбай асылып қалыпты! – деген Ахметтiң дауысы қатты шықты.

Сарай маңы үйме-жүйме адамға толды. Екi қызыл жағалы протокол толтыруға кiрiстi. Ақ шатырлы еңселi үйдiң ауласынан шыққан азалы үн естiгеннiң аза бойын қаза тұрғызғандай жоқтау айтқан үй ауылдың мысын басып, еңсенi көтертпестен жүректердi тiлгiлеп тұрып алды.

Өз кiнәларын өздерi арқалаған қос мұңлықтың жамбасы қара жерге бiр күнде тидi. Кiм бiлсiн, олардың рухы о дүниеде табысқан шығар. Әлде, табыса алмай он сегiз мың ғаламды шыр айналып шырқырай ұшып жүр ме екен. Оны тек Жаратқан ием – құдіретi күштi Алла тағала ғана бiледi. Ал, пенденiкi пендешiлiк тiрлiк қой.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: