Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Махамбеттің соңғы сөзі

22.05.2020, 11:07 3644

(Үштаған)

HALYQLINE.KZ Үйіп-үйіріп құйындата соғатын жел құмды өңірді қабырғалата, айғыздап тастаған: аттың шашасынан келеді, кей-кейде құм көшіп тұрады, бел-белеңі, төбе-қырқасы жаңарып жатады. Бірде қатқылға тартатын қасқа жол біраздан соң құмдауытпен еміс-еміс көрінеді, бусанған із құмды жауып жатады. Құмды өңірде әр бұтаның бағытына ой-жобаң жетпесе, мәңгіріп қаласың. Қауіп-қатерден сүрінбей өтуің алғыр ақылыңа, көрегендігіңе байланысты. Өмірде де солай. Бекетай құмы ішінде Махамбет аз-кем өткенді есіне алған пішінде. Ыза-кек қайнауы ішінде. Не бітіреді, құм далада күрсінгеннен? Пендесін ақылынан адастырмайтын еркіндіктің айдау жолы тіптен жоқ болғаны ма тереңге түсердей шешінгенмен? Қараны айтпағанда хан неге адасады, өзінің жөнсізін білмегенсіп әдейі жөн деп неге таласады? Тұйықтан шығаратын дала Даналарының ақылы қайда, ілгеріні кейін тартатындай сұмдықты түсінбегені өкінішті, сабыр сақтауға миы жетпегені несі? “Бас көтергендерді су түбіне батырам, өлімші етуге езгенің түр-түрімен есі-түсін шығарып, тәж-тағымның жарық таңын атырам, бәрі де жүзеге оңай асады, қорқақтары бас сауғалап қашады”, – деп ел-жұртының, туыс-туғанының қанды қырғынға баруына жол бергені неліктен? Көп жақсылығын бір жамандық жуып, шайып кететіндігін ескермеді ме? Ей, ғасырдан асыл туса да, еркіндікке белін буса да көксегеніне қол жетпеді. Жер дауының қантөгіссіз болмайтынын хан білмеді, отарлау жұтпасына жұтылып кететінін алдын ала аңғармады дей алмайсың. Ақылға құлақ аспауында құпия зымияндық бар. Еркіндіктің қолын байлады, қан ішуге де тоймады. Қара жердің топырағы түбінде бәрінің де бетін жасырады, бірақ өрмекшінің торындай қулық-сұмдықтың да арты ашылады. Келер күн, атар таң бар, келер ұрпақ зұлымдық пен ұлылықты, ақ пен қараны аңғарар деп Махамбет ауыл, ел арасында жүргендей ойларын жатарда тағы да есіне алды. Мазасыз ойдан қажып барып мызғып кеткен батыр соңғы жылдары басқан қадамы аңдуға түскесін сақ ұйықтайды, бейсауат адамды жанына жуытпайды, хан-сұлтандардың қаһарының халық көтерілісінен кейінгі бұрынғыдан бетер ушыққанына да араласпайды, у-шу, айтыс-тартыс, жылаған-сықтағанды жұбатуға да селқостығы байқалады. Үстемдік иелері теңдікті аяқасты тапап, талап, езгіні күшейткеніне, елді тоз-тоз еткеніне сезімі ғана шайқалады. Бірақ, бармағын тістеп кіжінумен, тағдыры қара домбырадан төгілетін күймен өрнектейді, асқақ жырларымен бейнелейді. Басқаға қайран жоқ, адалдық жолдан тайған көп. Сатқындыққа бас иіп, алақанын жайған көп. Сұлтан елірді, хан халқынан жерінді, туыс-туғаннан мұжық жақын көрінді. Халық көтерілісіндегі сұрапыл қырғын талай-талай асылдардан айырды. Тектіден жақсы туатын қағиданың қанатын қайырды. Ата-бабаның сүйегі жатқан киелі жерлерде мүжықтардың шошқасы сайран салды. “Жер мемлекеттікі” деп қаскөйлер ойран салды. Құйқалы өңірді ойып алды. Қарсыласқанның көзін жойып алды.

, ісініп кепкен сұлтан Баймағамбет Айшуақов: – Қимылдасаңдар, қиып түсемін, Сібірге қойша шұбыртып айдатам, қолыңды шынжырмен байлатам, шаңырағыңды қиратамын, – деп тасынды. Бірде ақ сақалды Абыз күңіреніп тұрып: “Дұшпанды алыстан іздеме, өзі келеді, қасыңнан да табылып араша талап жабылады, жамандыққа қарғыс та дарымас. Дұшпандық туыс-туғанын да танымас”, – деп еді. “Даусыз екен айтқаны, құрылған екен-ау зұлымдықтың қасқыр қақпаны. Есіріп, есекше өкіріп дүлейленіп жатқаны, сатқындық болар қорқақтардың баққаны, зұлымдық болар тапқаны”, – деп еді. Бірақ батыр оңайлықпен сынғысы жоқ. Махамбет үйде омалып отыра да алмайды, Баймағамбеттің елді олжалаған байлығына тым оңазалығын өткір өлеңмен толғайды.

Ата дұшпан сен едің,

Ата жауың мен едім.

Қайраңнан алған шабақтай,

Тамағыма қылқаның кетер демес ем, – деп аяқталатын ұзақ толғауын жазды. Дұшпандықтың көрін сөзбен қазды. Бір Алла қолдағай деді, мезгілге жолдама деді, өткір үнім жетсе ұрпаққа, ақылға сап толғанар деді. Жәңгір ханға отарлаудың астарлы түйінін айтпады ма? Айтты. Қандай көрге түсіретінін аңғартатындай етіп дәлелдеп жеткізді. Мұжықтардың жерді алғаны – қызыңа, қатыныңа қолды салғаны. Отарлау аждаһасының екі жұтып, бір талмары, ұрпағыңды құл, күң етіп жалмары анық. Зұлымдықтың дауылы, халыққа ауыр салмағы, хош көрмейді ісіңді, ата-баба аруағы. Көзінен қанды жас аққан әлсіз кедейлер, білсеңші, желкең қиылсын, деп қарғайды. Айтқанға елең етпесең, қаруға жүгінер халқың бар, еркек емес ертеңгі ұлы істен тартынған, – десе де үстемдіктің буына еліріп, байлықты көтере алмай желіккен жат бірмойын пікірінен қайтты ма? Жоқ. Сонда Махамбет күңірене толғанып, “Нұралыдан қалған көп тентек, бүлдірмегей еді елімді”, – деп асыл ойын жырмен терді. Үстемдік пен әлсіздік, езуші мен езілуші, тәж, тақ, құлдықтың ара жігі біржола ашылды. Адамдық қасиет билеушінің табанына басылды. Соны жүрегімен түйген, жазықсыз қантөгісті кешіре алмаған ақын: “Алтын тақты хандардың хандығынан не пайда? Қаріп пенен қасірет туралы ісі болмаса”, – деп келер ұрпаққа аманат та қойған-ды. Бірде батыр, ақын, күйші Махамбеттің әкесі Өтеміс жұпыны киіммен жүзі сынық, өкініші қалың күйде түсіне енеді: мен елімнің жетім-жесірінің қабағын шытқызбай, еңбегінің қанын ұйытқызбай, тамағын тоқ, киімін бүтін етіп едім. Алғыс алып, арманыма жетіп едім. Халықтан қарғыс алмай, алғыс алдым. Елдің дұшпаны, халқын күйзелтуші іштен шыққаны – Құдайдан қорықпаған-дық, – дейді де: “Көрінген сондайдан Сары ат тауы, қазақтың маңдайында жанат тауы, көзі шыққыр Жәңгір хан көрмей ме, мұжықтары өз жерінің маңына жолатпауын, жер құнарынан айырылған көп, жұпынылардың күні қараңға айналған ба?” – дейді екен. Сонда Махамбет аруақ үніне: “Мені елден айырған хан Жәңгірдің екпіні, Айтып-айтпай немене? Құсалықпен өтті ғой, Махамбеттің көп күні”, – демеді деймісің. Ұлт-азаттық көтерілісінің жеңілісінен кейін патшаға ант беріп, шапанның шалғайынан “шапағат” алған Жәңгір елдегі ер-азаматтарды қойша көгендеп, Орынбор түрмесіне айдатып жатты. 1836 жылы 14 қаңтарда Орынбор басшыларына Жәңгір: “Исатай түзелмейтін зұлым Махамбеттің ықпалында жүр” – деп жазған. Хан мен патша қысымы үрейлендірді. Ботадай боздаған халық зары ғасырлар қойнауында атадан балаға жазылмас жара, айықпас дерттей мұң-шер болып сақталып қалды. Ақын түні бойы көз ілмей шықты. Ұлы Нұрсұлтанның ашық қалған жамылғысын жөндейді. Арманы – қайғының қалың бұлты ұрпақ басына төнбеуін тілейді. Көтерілістің оңбай жеңілуі – оқу-білімнің тапшылығынан” – деп ой түйеді. Білімді болса, қарудың неше түрін жасар еді, қорғаныс тәсілін меңгеріп, жеңіске қадам басар еді, – деп күбірлейді кейде. Толып жатқан түсініксіз әрі мазасыз ойлармен жатып, қайта мызғиды. Түс көреді, буалдыр перде, жайық дария бетінде кілкілдеп ұйыған қан, өзен жағасында аш-арық жетім-жесірлер, “егізде екі болмағыр, Жәңгір, қан ішерсің, барымташысың, желкең қиылсын, тамұқтың отына күй!” – деп жағасына жармасып қарғыстарын тегіп жатады екен, оған хан елең етпейді. Қылышын олай бір, бұлай бір сілтеп, шабылған бастарды тепкілеп, мұжықтардың қайқы бас қайығына жармасады екен.

Қанды суды қақ жарып кетіп бара жатыр, қолымен қанның дәмін татып: “тұщы екен, тұщы” – деп ырқ-ырқ күледі, зар-наламен тірлігінен түңілгенде ертеңгі келер күнге ақыл жіберіп, шындыққа үңілгендер: “жеріңді жатқа бердің, ажалың жаттан болсын, қара шаңырағыңды қайғы бұлты торласын”, – деп күңіренгені төбе-құйқаны шымырлатады. Кенет өзен беті кібіртіктеп, шөлмекше шытынай жарылып кетіп, соның дәл орта тұсында өзінің сенімді мұжығына шашын алдырып отырған Жәңгір көрінді. Бір сәтте мұжық өткір ұстарамен оның желке тамырын қиып жіберіп, пышаққа жұққан қанын жалап: “ханның қаны тәтті екен”, – десе, анадай жерде жатқан бас шыңғырып, “мені жұмаққа жібер, алданып, арандап қалдым”, – дейді. Дәл сол тұста Махамбет: “Халқына қайырсыз ханға обал жоқ, тірлігің тынар зауал боп”, – дей келіп: “Тайманның ұлы Исатай ағайынның басы еді, алтын ердің қасы еді, Исатайды өлтіріп, қырсық та шалған біздің ел” – деп ойға шомып, қорқынышты көріністен құтылғысы келеді

Бір сәт Жаратқаннан мейірім тілеп, елдіктің тірегі болар сөз өнері мен күй өнеріне өзін жұбатып еді. Тілегі қабыл болып, сақылдаған өршіл үні биік-биіктерге пырлап ұшып барады екен. Еркіндік елдің қайырлы қонысына жұғысты болғай! – деп күбірлейді. Оң жағына аударылып, ұйқысын жалғады. Кенет манағы түсінде қылышымен қиылып домалаған бас өзінікі болып шықты. Тізесінің үстінде, мойнына қарап жай езу тартты. Ер жігіт өлер жеріне күліп барады дегені ме? Ерні күбірлеп сөйлеуге батылы бармайтындай күйде. Қан ағып жатыр…

Махамбет ұйқысынан тағы да шошып оянды. “Тіфә, пәлекет, түсім екен, қырғын соғыста айдалада шашылып қалған адам бастары ма? Санада қалғаны қайталана береді екен-ау” – деп өзінің түсін өзі көңілі әртарапқа кетсе де жамандыққа жорымай, жұбатқан болды. Сыртта жел ызыңдайды: “Жеріңді, күнкерісіңді кепсінген ханға ердің құны не, тәйірі. Патша екіметі Исатайдың басын кескен Кәпен, Жапар, Сәтбайға 125 сомды тең бөліп бергенін естімеген шығарсың. Баймағамбеттің қарғыс арқалаған жансызы тірі ғой, сенің басыңа 2000 сом ақша жариялап Қарауыл қожа мен Баймағамбет сұлтанға мықтап тап сырды, сақ бол!” – дейтін тәрізді. Ақын ойға шомды. “Сүйініштің ұлы Қазтуған туған жерін қия алмай, Еділ менен Жайықтың арасына сыя алмай, қонысын жаспен жуған жер” – деген қасірет жалынды сөз жанын жеді ме? Үстемдік иесі хан-сұлтандар шетінен: – Адамдар неғұрлым қорлық көрген сайын өзін бақыттымын деп сезіне ме? Жә, ібілістің айтағы да құрып тынар, түсінетін күн туар. Әзірге ошағының үш бұты аман, от жанып жатыр, отын салмаса, сөнеді, демек, оттың да ажалы бар, – деп кешегі түсін, ой желісін жүйелеп отырғанда сырттан дүбірлеген ат тұяғының дыбысы естілді. Батыр қара қостағы қаруына жармасып:

– Бұл кім, ей? – деп дауыстады.

Іңір қараңғысындағы үш-төрт салт аттының бірі:

– Оу, жиен, нағашыңды танымайсың ба? Мен ғой.

– Тәңір атқыр, түнде жортуылдап, не жүріс? – дейді.

Түсі қашқандардың екеуі үйге кіріп, бірқатар ойлар айтып, бірінің сөзін бірі қағып алып, әзілге де жеңдіріп отырды.

Адамдармен әңгімені сағынған ақын жүрегі секемсіз еді.

Содан бір сәтте өзінің басы алдына түсіп, мойнымен сөйлесіп тұрғандай болған түсін айтып еді. Сол сәт нағашысы: “Ой, жиен, түс түлкінің қиы” – дей беріп, Махамбеттің мойнын бұрғызбай үстіне қонжия кетті. Сөйтіп үшеулеп алыса-жұлыса далаға шықты. Сырттағы біреуі тағы жабылып, жылқының желісіне таман сүйреп барды да, қылышпен басын шапты…  “Батыр аңқау келеді» дегендей, бала кезімде Махамбеттің қапыда дүниеден озғанын қариялар аңыз етіп: “Ой, Алла, қасірет бала-шағамнан аулақ!” деп ақынның зар үні ауада қалқып, біраз жерге естіліп жатыпты”, – десетін. Кейбір аңызда Махамбеттің басын Жүсіп Өтеулиев шапты десе, екіншілері Ықылас Төлеев Махамбетпен дос, туысқан болып жүріп, өлтірді деседі. Ал Бөкей Ордасының ең шұрайлы жерін князь Юсупов пен граф Безбородоктарға сыйлаған халықты феодалдар от ауыз, тұяқ ақы тәрізді салықтармен тонағанға шыдамаған шаруалар көтерілісі де жеңіске жеткен жоқ, отарлық езгі бұрынғыданда күшті жанши түсті. Жәңгір өлгенде Николай патша “шын берілген, өте берілген адам еді, аянышты” деуі тегін емес. Сөйтіп, халқымыздың азаттығы үшін алысқан батыры, ақ иық ақыны, асқан күйшісі Махамбеттің басы да іштен шыққан қандыауыз дұшпандардың, сатқындардың кесірінен құнсыз кетіпті.

– Жоқ, Махамбет қаншама жылдар өтсе де, ұрпаққа өлмейтін есімін қалдырды.

Оның өршіл үнді жаны – тірі, заманнан озған өнерлі салтын біреу болмаса, біреу қайталап тірілтер, – деуші еді. Махамбет хақында талай қаламгерлер шығарма жазды. Поэзия алыптарының бірі Ілияс Жансүгіров “Исатай-Махамбет” пьесасын жазып, үлкен шығармаға жоспар құрғанын, көптеген зерттеу дерегінің қолжазбасын тарихшы Кәмила ертеректе баспасөз беттерінде жариялады. Онда еркіндікті аңсаған жарық жұлдыздардың бірі Махамбеттің арманы хақында замандас ақын-жыраулардың бірі бала Ораздың: “Исатай мен Махамбет он таңбалы Оралға, қырық таңбалы Қырымға, атағы кеткен ер еді, хан Жәңгірдің қорлығына көнбеген” дегені бар. Ал ақын-жыршылар Шәңгерей Бекеев, Шынияз Шынайұлы, Қашқынбай Қожамбетұлы, Шернияз Жарылғасұлының құнды деректері Махамбет бейнесін биіктете түседі. Атақты күйшілердің біразы Махамбет күйлерін халық жадында қалдырды. Тағы да шегіністі ойды сабақтасақ, сұрапыл соғыс жылдарында күйші, жыршы, әнші келсе, біздің «Қаракөл» ауылындағы туыстарымыз бір үйге жиналып таңды таңға ұрып, әңгімелерін ұйып тыңдайтын еді. Сондай бір отырыс Жұмабай Кіржағалов ағамыздың үйінде болды. Бүйрек құмындағы елден келген өнер үздігі Сираж адамның сайсүйегін сырқырататын күйлерді бірінен соң бірін тартып болып: – Қайран Махамбет-ай, – деп тоқтаушы еді. Отырғандар кейде Өтемістен он ағайынды бола тұра “Махамбет қалай қорғаусыз қалды?” дейтін-ді. “Аңдыған жау алмай қоймайды” дегендей, ұлт-азаттық шаруалар көтерілісіне қатысқан Есмайыл Өтемісұлын Гекке деген қанішер аяқ-қолын кісендеп, Сібірге айдайды, Қожахмет, Сүлеймен және тағы басқаларын түрмеге тығады. Махамбеттің анасы Құспан өте ақылды, батыр тұлғалы, ер жүрек, көтеріліске тікелей қатысып, азық-түлік жеткізіп жүргенінде екі-үш қарсыласын қылышпен қағып түсіре беретін батыр еді дейді айтушылар. Демек, бұл көтеріліс патша басқыншыларының иманын ұшырып, орасан мол шығынға батырған. Оның қайтадан бас көтеруінен қатты қорыққан. Осы тұста Махамбет отбасын аман сақтау мақсатында өзі қара қос тігіп, сыбай-сылтаң жүрсе керек, – деген аңыз-әңгімелердің де жаны бар сықылды. “Қансорғыш Баймағамбет, Жәңгірлер елін тонап, талауымен мың жасаған жоқ шығар. Қай қазақтың қолына бақыт құсын қондырды дейсің. Жәңгір де өлді байлығы ажалына араша болған жоқ. «Қой, ешкісі – 17 мың 97 бас, ірі қара – 719, түйе  – 232, жылқы – 4274, ақша – 13404 ( ф. 2350. л. 92-93 об. копия) Демек, Истай, Махамбеттің көтерілісінің шығу себебі ханның өзінен бастап қолшоқпарлары қара халықты тонап аштыққа ұрындырып, Дальдың жазбасында ашыққандар ер балаларын 76 рубльге сатып жатқаны айтылса, одан артық зұлымдық, қастандық болар ма? Елін зар қақсатып олжалаған байлық қай үстемдік иесінің қолына бақыт құсын қондырды дейсің. Балықшы байымайды көлден алған, етікші байымайды елден алған, маңдай тер, табан етің болмаған соң, желменен кетеді екен желден алған”, – депті аталарымыз. Ал, ақын есімі — мәңгілік, оның асыл сөздерін мәңгілік кір шалмас, – деп Жұмабай ағамыз Махамбет туралы аңыздарға жүрегі жылап отырушы еді. Сонда Сираж ауыр толғанып: “Халқымыз аман тұрса, Махамбет сынды батырын, ұлы өнерлерін төбеге көтереді. “Ұрпақ аман болсын!” деген Махамбеттің ақтық тілегі, ақырғы сөзі жер тұрғанша тұрар”, – деп домбыра шанағына Махамбеттің “Қайран Нарын”, “Өкініш” күйлерін тегілтер еді.

«БАСЫМДЫ  АЛАР  БОЛСАҢ, ШАПШАҢ  АЛШЫ…»

Ел тірлігінің қара өзек шағы еді, сүйек тамыр сүйенісіп қана күн көретін халде. Жаратушының сыйлаған қайырлы жерінен де айырыла бастады, ажарлы өңірді хан ақырындап таратып адыра дүниеге айналдырды. Мұжықтардың әжуа-мазағы сүйекті мүжіп барады. Қара халықтың күйі төмендеген сайын Баймағамбет сұлтанның билік күші дүлейленіп, әлсізді қырып-жоятындай құрыштай қайрат, ерекше айбат тапқан тәрізді.

Бұл – Шернияз ойы, езілуші әлсіздердің ойы. Өзін даралап, өзгені кемсіткен көр көкірекке кемел ақыл қонбайды, ондайға жөн айтам десең, оңбайсың. Оның күлбеттеніп кекірейіп тұрғанын көрген қазақ: «Кекейіп қал, кекейгір!» деп зұлымдыққа зығырданы қайнап жатады. Біреуді-біреудің қомсынуын, зәбірлеуін ауыр күнәға балайды қара халық. Бірақ олардың сөзі жылға-жылғамен аққан судай құмға сіңеді. Барлығына, байлығына, тәж-тағына еліргендерге ем қонар емес. Сөзге тоқтау қиын, өмір — құйын. Әлсіздің тірлігі көк тиын, құнсыз. Батыр Исатай ма — оны да сұлтанның жылан уынан да қуатты зұлым күші құртып тынды. Енді кімге бет қаратады. Едіреңдейді. Әлсіздің алдында дірдектеп тұрғанын жаны қалайды. Сәл нәрсеге бола ежірейіп, қарсыласьн езгілеуді, есін шығаруды мақсат еткелі қашан. Орыс патшасының қолтабағына жиіркенбей кіргелі азуы алты қарыс, айқай-сүреңін салып, есінді шығарады. Ақырайып, не болса соған айып-кінә тағады, ақыл тыңдаса, бағасы төмендейтінге жориды.

Баймағамбет Исатай бастаған азаттық көтерілісшілерін талқандады, патша әскерін өзі басқарып, қан шашқан қаражүректігі бет қаратар ма? Одан соң ұйқы беріп, қайғы алып, дала данасының бірі — Махамбеттің басын алдырды. «Көріңде өкіргір, бұл өңірде дананың емес, шаланың бағы жанарын, ақылдың емес, есуастың жолы боларын, кісіліктің емес, үстемдіктің сойылын соғатын қанды қолдың үкімі, үрейі қаттылығын ойлады. Асылдардың тұқымын құртты, тұяқ қалдырмады, халықтың зар-мұңын ғасырларға ақын жеткізуші еді, енді Исатай-Махамбеттің үзеңгілесі Шернияздың соңына шырақ алып түстің», – деп зарыққан ел адамдары көптеп-көлемдеп ақынын қорғауға шақырулы еді.

Заман ауытқымалы, алыс-жұлыс, күштілер үстемдігінің дауылымен біресе ықтап, біресе іргені нықтап, қалың топты алдарқатады. Ақылдыларын алалау арқылы іріткі салуды біледі. Әлдебіреулерін ақылдыны ақымақ етуге дайындайды. Сөйтіп, дүйім жұрттың әлек-шәлегін шығарып, ақырында тәж-тағының беріктігін танытады. Махамбеттің де:

Хан емессің, қасқырсың,

Қара албасты басқырсың, – деуі тәж-тақ зұлымдығының қара халыққа қасіреті қалыңдығын дөп басып айтуы еді. «Халық — терең су, оны ешкімнің лайлауға хақы жоқтығын жасанды айбар жасыра ала ма?» Қайта айбалтаны жарқылдататынын меңзеу емес пе? Айсыз түннің найзағайындай үстемдікке қарсы дабыл қағылса қайтеді? Өш-қастықтың өршуі оңайлықпен тынбас…

Исатай-Махамбет басқарған халықтың дауыл көтерілісі еркіндікке қол жеткізе алмай, жеңіліс тапқаннан кейін, хан-сұлтандар дардиып шыға келді де, елдің мал-мүлкін талап, қарсыласқандарын Сібірге айдатып, төбесінде әңгіртаяқ ойнатып, ойрандап жатты. Қалың халықтың басынан Бақ құсы ұшты, дәулет тайды, тіршілік қылыштың қырына ілікті. Дәндеген дәлдулер кеудесін үрлеген ібілістің желігімен елдің іргесіне тақап, ақыл-ойы барлардың тамырын қырқып тынды. Гүжілдеген есіріктер:

– Енді Исатай тумайды. Тегін тамырынан кесіп жойдық.

– Халық «жұлдызымыз жарқырады» дейтін Махамбет дүниеге келмейді. Және әлсізді, жетім-жесір, жоқ-жұпыныны, ақылсыздарды басқару қиынға соқпайды, құл бол десең, құл болады, күң бол десең, күң болады, тырп етпейді, – деп былшылдасқандар қашып-пысып жүрген Шерниязды қолға түсірмей қоймайтынына білгірлік керек емес еді. Оны ақын бірден-ақ түсініп «Исатай мен Махамбеттен, оның мың сарбазынан жаным артық емес, қашып өлгеннен де, Баймағамбеттің артын ашып, абыройын шашып өлейін, улы сөзімді жүрегіне төгіп өлейін, ақындық пысыммен басып өлейін» – десе керек. Әзірейілдей алас ұрған сұлтанның оңашалық, ізін аңдып амандасады. Қабағынан қан жауа қараған қалпында Баймағамбет бетпе-бет амандасқан бейтанысына:

– Тілің мен жағыңа сүйенген кімсің, ей! – дейді.

– Өлсе де, «Исатай-Махамбет» деп өлетін Байұлы Шерниязбын. Қарақшыларыңның айдауында келгенше, алдыңа айтар сөзімді сайланып, үлестірген ажалдың қалған-құтқанын алайын деп іздеп келдім. Қылышыңды қанға малайын деп келдім, – дейді де ақын!

Жалаң аяқ, жалаң бас зарлап тұрмын,

Көзінің қырын салар бар ма заман? – деп өлеңін төгеді.

– Бөгелмей келіп бетіме, сарнап тұрған кім еді десем, Шерниязбысың?! Ей, босаңсымаған тегеурін, болаттай мықтыны да майыстырып беремін, түрсіз түріңе қарасам, жоқ шығар сірә сенерің қылыш үйде, кір тездетіп, шын ба айтқаның? – деген кезде Шернияз божырамай, сұлтанның күмәнді ойын байқап өлең сөзін боздатты дейсің.

Ар жақта дүмбірлеген Арғынғазы,

Жайлаған Арғын, Найман, Өтен сазы.

Ен қоныс, тоқты қоздап, тай құлындап,

Мың-мың боп еді лықып қысы-жазы.

Сол жаздың дәулетінде сыңқылдаған

Бейбақ ем, ел еркесі, қоңыр қазы.

Байеке, танымасаң танытайын,

Мен едім Исатайдың Шерниязы, – дейді.

Ажалдан тайсалмай белін бекем буған ақынға Баймағамбет қатпар-қатпар  қулық-сұмдығын іште бүгіп:

– «Өлетін бала молаға қарай қашады» деген, басыңды қолға  түсіре алмай жүргенде, құнына қаржы тігіп шаршағанда өзің келдің, иманыңды үйіре бер, үйдегі қылышым бабында, басыңды қағып алам, бірақ Шернияз екеніңді айғақтап үй-ішме арнап өлеңді табан аузында шығарасың, – деп ақырып-жекіргенде Шернияз үстіндегі алау-далау киімі жан шошырлық екенін айтып, тайсақтаған сыңай білдірсе керек. Байлық жүрген жерде баспашылдық, асып-тасу, талғампаздық, жоқ-жұпыныға кісісінбей қарау, босағасынан аттатпау қай заманда да болған. «Адам көркі – шүберек» деген  байламмен сөйлесу, құрметтеу бар.

Содан Баймағамбет отбасылық беделі хақында үстіндегі ішігін шешіп берсе де, бірақ қайтып бересің деп дүниеқоңыздығын білдіреді. Ақын өлсе, ішігін арқалап кетпейтініне миы жетпегені ақынның ызасын қайнатып: «Алдияр, бергеніңе төрем құлдык, Айырылған Исатайдан мен бір мүңлық, – деп төгілдіріп келіп: «Терісін он тышқанның бере салып, сұраған төрем қайтып неткен сұмдық» – деп сөз найзасымен шаншып-шаншып үйге кіреді. Үлде мен бүлдеге оранған уайым-қайғысыз алты қыз, жұтынған тауық жұмыртқа таппайтындай танауларын көтеріп, оқты көздерімен атқылап тұрғанын байқаған ақын оларды шетінен мақтай жөнеледі. Сосын Баймағамбет қыздарының асыр-тасырлығын өзі де кешіре алмай ма, әйтеуір, «Мақтауын келістірдің, енді жамандай аласың ба, нағыз ақын екенінді білейін», – дейді. Сұлтанның есерсоқ ерсілігін әр сөзінен байқаған ақын:

«Байеке, сіздің қызда жаман бар ма,

Жамандар біз байғұста заман бар ма?

Шот желке, шолақ айдар күң дер едім,

Бармайды, ауыз шіркін, жамандарға.

Қызыңның бес тиындық біреуі жоқ,

Қылған соң құдай ханша, амал бар ма, – деп Шернияз өзекті жанға бір өлімді мойындап, ақ алмастай қиып түседі. Ақырында тәж-таққа есірген сұлтан есі шығып, әйелін, өзін біресе мақтатып, біресе жамандатады. Ессіздің де жон етінен таспа тілгендей сөзбен найзалап, қылышпен қиып түскендей әжуалап, тірідей көрге көміп жатқандай өлең жолдарын төгілдіре береді.

«Па, шіркін, Исатайдай сабаз тумас,

Қас итсің – қасыңа да адам жуымас.

Ел ұстап, жұрт билейтін қылығың жоқ,

Хан емес, қас қатынсың мұндар қу бас, – деген Шернияз сөзіне зіркілдеген Баймағамбет қынабынан қылышын суырып, «шабамын басыңды» деп оқталады. Оған ақын именбейді, сөздің қылыштан өткірлігін ақырына дейін айғақтай-ды. Сол сәтте сұлтан: «Басың домалап түспей тұрғанда өлеңмен мақтап қылышты қынабына түсір», – десе керек. Сөз астарын жұмсақ әзілге құрып, мақтап отырып мақтамен бауыздағандай болады да, ақын  асқақтығын танытып міз бақпастан:

«Қолында хан иенің, қасқа қылыш,

Түсерсің қаһарлансаң, тасқа қылыш.

Сабының хан ұстаған тұтамы алтын,

Жарқылдап хан ойланбай аспа, қылыш», – дей келіп:

– Мақтаған жақсы, ә? Мені де біреу мақтаса, балаша мәз болар едім, бірақ бұза-жара айтатын ойлыны ешкім мақтамайды, – дейді де:

Ажалым жетіп тұрса, бар ма шара,

Өлімді ойлатпайды тіл бейшара.

«Қара қайта сөйлесе, қатын» деген,

Хан қайта сөйлесе болды қара, – деп екісөзділіктің өлім екеніне тіреп, үстем сұлтанның алдын кесіп тастайды. «Ет пен сүйектен жаралған адамсың. Тәж-таққа астамсысаң, өзіңді иттей етеді», – дейді. Екіжүзділіктің де қылмыс екенін меңзейді, беделді «бақ» деп сезінудің жолдан тайдыратынын, қан төгу – тіршілік заңын бұзу, қаңқұйлылықпен тәртіп орнамайтынын, өш-қастылық екі дүниеде де абырой бермейтінін өлеңнің әр алуан түрін құбылтып отырып айтады. Елдің ығырын шығарған ессіз үстемдікті масқаралайды. Баймағамбет ара-тұра ақын сөзінің жүрегіне жылы тиетін тұсына масығып, Исатайдың қазасын өзіне зор бедел санап:

– Егер осы бойда Исатай кіріп келсе, қалай амандасар едің? – деп кергиді.

– Байеке, буынсыз жерге пышақ ұрасыз ба? Әмірі күшті бір Алла жарылқап Исатайды көруге жазса, іркілместен:

«Бармысың жауға түскен, алтыным-ай,

Самалым, саз қонысым, салқыным-ай.

Кәуірдің қоржынына түсіп едің,

Шықтың ба аман-есен, жарқыным-ай.

Ақ алмас алтын сапты кылышым-ай,

Қорып ең алты Алаштың тынысын-ай.

Жатпайды алтын пышақ қап түбінде,

Шықтың ба қабын жарып, ырысым-ай, – деп құшақтай алар едім», – десе керек.

Жәңгірмен іштей бәсекелес Баймағамбет қулығын асырып Шерниязға бостандық береді. Онысы «қанша үстем болсам да, халықтан безе алмаймын, сен Жәңгір хан Жайық бойындағы құйқалы өңірді орыс мұжықтарына үлестіріп беріп, тіпті Еділбай сықылды ірі руларды қойша шұбыртып, шөл-шөлейт жерге қуып қарғыс алдың, байлығын бір таладың, онымен қоймай Исатай-Махамбет сынды халық алдыларының қанын шаштың» деп ині келгенде бетіне басып, «мен Шернияз сынды ел тұлғаларын қорғап, беделімді нығайтам», – дер ме еді. Қайтсе де оқтай борап, найзадай қадалған, жан дүниесінің астан-кестенін шығарып кескілеген Шернияздың сөзін Баймағамбет кешіріп, босаңсып қалуы тегін емес-тін. Әйтеуір, бас кесуге арналған сұлтан қылышының қынабына түсуінің сыры тереңде. Кінәмшіл үстемдіктің кешіріммен қанағат тапқаны — заман құпиясы. Бәлкім, «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», деген бабалардың заңының жүзеге асуы ма? Бүгінгі кейбіреулердің сөзге мәулет бермейтінін, ақылсыздардың көбейетінін алыстан болжағандық па? Іште өлген пікір жер қойнауына кете барды…

* * *

«Мінімді бетке айттың деп,

Кесе алмассың тілімді!» – деп Исатай мен Махамбеттің серігі, қаруласы, қаламдасы Шернияз да дүниеден өткен. Қилы бір кезеңнің куәсі, керемет қазақ даласының әр бұтасының түбі қанға боялғанын көріп, «Басымды алар болсаң, шапшаң алшы…» – деп ажалдан да тайсалмаған ақын өр тұлғасын ғасырлар бойы халқының есінде қалдырып кетті. Көсемсөздің киесі осындай-ақ болар, әлсіздің қорғанына жараған асыл ой атом қуатынан да құдіретті екенін ұғасындар ма бүгінгі ұрпақ?

ОН  БЕСІНДЕ  ОТ  КЕШКЕН

Тылсым табиғат құдіретіне табындырғысы келе ме, әлде жаратушыға жалындырғысы келе ме, әйтеуір, дүлей аптап құм жиегінде отырған елді табаға салған бидайдай қуырып күйдіріп барады. Сол жылғы алапат ыстық қара жерді де тілім-тілім етіп жарып жіберген, осыдан жүз алпыс тоғыз жыл бұрын қып-қызыл отты жел біразға дейін ұрып та тұрған-ды. Жайық жақтан кешкі самал емес, өрт шарпығандай, біртүрлі күйік иісі шығатын тәрізді. Сұрқай тірлікке атойлап қым-қуыт қосылған орыс әлділері жер шұрайынан қазақтарды біртіндеп ығыстырып, әлдінің әлсізді басынуы, ажал құштырып тасынуы белең алған кезі-тін. Әумесер тобырлары құдық суына бола, жер жағдайына бола, бас жарып, көз шығару ғана емес, қанды қырғындарды да салып әбден мезі етулі. Әншейін жіпке тізіп, отбасында күңкілмен тынатын алакөздік емес, халықтың ертеңін көп қылатындай қасірет белгі берді. Үрей үдеді, өлім көбейді. Төбе-төбе молалар қарамы ұлғайды.

Тайталасқа белді бекем буып, ер қаруы – бес қаруды сайлаған тұста таң қылаң бере, күн көкжиекке өрлей түсіп бұлтқа сіңген кезде ақ боз үйде сәби дүниеге келді.

– Қыз ғой, қыз, ырыс алды қыз деген.

– Мейлі кім болса да, анасының жаны аман қалсын.

– Қыз деп кемсітпе, талай қырғын жорықта Жиембет батырдың дем берушісі болған Есенқыз анамыз кімнен кем болыпты? – дескен туыс-туғандар киіз үйдің іргесін түріп ақ таңды оятып жатқандай еді. Бұл кезде жындана соққан жел басылайын деген.

– Азамат, сүйінші!

– Қалағаныңды ал, – деген әкесі қуанышты еді.

– Қызың, «әке, атқа мінемін», – деп жатыр.

– «Батыр болсын, батыл болсын, іштен шыққан перзентім ғой».

– Батыр болсын, – деген сөзді әкесінің аузына құдай салды ма, Алмажан туған жерімді, халқымды ерлерше қорғасам арман бар ма, – деп ой түйетін еді.

Расында Азамат қызын ер балаларша тәрбиеледі, сымбатты келбет-көрік пен өмір кеңістігінде жоғалғанын табатындай көзқарас қалыптастырды. Әкенің бір ауыз сөзін анасынан естігені ме, әйтеуір, ерке мінез, ақындық жүрекпен:

Туған жердің қызы едім,

Қадірім бастан кетпеген.

Тепкісін көріп кәуірдің,

Атқа қондым сертпенен, – деген жүрек шымырлатар асқақ үн бірте-бірте қалыптасып, замандасынан алға шыға берді. Түсінде шошыса анасы қылышпен ұшықтап емдеді, басына қанжар жастады, босағадағы болат тағаға тағзым етіп, дұғасын оқыды. Ауырса туған жердің жеті түрлі шөбінің қоспасына шомылдырды. Қыз ғой деп үстіне қызыл-жасылды киім, әшекейлерді жолата қоймады, бір түсті киімді бойына жарастырды. Пендені тіміскілейтін тіл-көзді жебенің ұшымен жасқап жүрді.

Ана мейірі қабағына кірбің түсірген жоқ, өмір есігін өкінішсіз ашып, бақытты болуын жатса-тұрса тіледі. Ақын қыздың балаң кездің өзінде жүрек үні қараңғылықты жарып шығып:

Жамандықты күтпеп ем,

Жастықтың албырт шағында.

Атқа қондым сертпенен,

Үстемдікке бағынбай.

Бұл дүниеде тірі өлім,

Кісіге кісі табынған

Ісі түсіп наданға,

Көзін сатып жалынған, – деген өлең жолдары бойын билеп, ойын асқақтатып, қиялын көкке көтергендей болды ма екен? Өршіл ақын Махамбет қасиетіне еліктеді ме?

Алмажан жасынан бәйгеге түсті, қыз қуу, көкпар тарту ұлттық өнерлерде де ерекше алғырлығымен танылды. Он беске жетпей-ақ ел қорғаны болар ерлерше тас түйін боп, қыран келбетті таныта бастады.

Дамыл көрмей, жан ұшырған езілгендер Еділ, Жайық бойына орыстардың жаппай қоныстана бастағанына өліспей, беріспеуге бекінулі. Тағаты таусылған қалың топтың жүрек үні:

Үстемдікті талқандау,

Халықтың болды арманы.

Қып-қысқа мына жалғанда,

Еркіндік еді алмағы.

Зіл-батпандай ауырлық,

Патшаның езгі салмағы.

Күнкөрістен айырып,

Байлықты түгел жалмады.

Жоғалғандай құндылық,

Хан билігі аумалы.

Алакөздік жындылық,

Әзәзіл ойлы жауыздар,

Жігерді тұрды құм қылып.

Атқа қонған қалың қол,

Кек алуды үн қылып.

Исатай бастап барады,

Еркіндікті жыр қылып, – деген алмас қылыштай өткір сөздер халық күйін шертті. 1836-37 жылдардағы Исатай Тайманов басқарған казақ халқының ұлан-байтақ жері үшін азаттық соғысына Алмажанның әкесі Азамат та қызымен бірге қатысты. Алмажанын ерітіп шикі жас ұлы Төрежанның маңдайынан сүйіп, шиыршық атып, ақ тілекпен аттанды. Хан өзінің қолшоқпары болған би төрелерге мүлік есебінен жерді бөлшектеп үлестіргенге қалай көнсін. Хан сарайындағы Балқы сықылды ұлт сатқындары Еділ бойына орыстардың қала салуын қуанышпен қабылдап, қара халықты орыстың армиялық күшімен езіп-жаншуға от тұтатып, Жәңгірдің колтығына су бүркіп отырды. Тарихи есепте отыз мыңдай үйдің, жүз сексен мыңдай халқы болғанға ұқсайды. Солардың көбі – жер-суымен ғана күнкөріс еткен қаратабан шаруалар. Исатай-Махамбет бастаған көтерілісшілердің қылышы қынабынан суырылғанша таудың тасындай бір мың қолы болыпты. Ал, хан Жәңгір мен орыс әскерінің саны төрт мыңнан асып жығылыпты. Патшаның керегесін шайқалтқан көтеріліс қырғынында төгілген қанға ханның ақылы жетпеді ме, әлде сұс көрсетіп тәж-тақтың беделін арттырғысы келді ме, әлде құзғын көмейге түсетін пайда ма, немесе жанындағы жексұрындардың айтақтауы ма, оған төрелік беру — біздің шаруамыз емес. Әйтеуір, қан қақсатып кедей-кепшіктің жерін тартып алғандар да, қанға қолын малғандар да қабірінде тек жатты деймісің. «Көріңде өкіргір» деген халық қарғысы тұқым-тұқиянын оңдырды деймісің. Жазықсыздардың киелі қаны көтерілмей тұрмайды, зұлымдықты оңдырмайды. Пенденің адал жолмен өсіп-өнуіне қастандықты Жартақан кешірмейді. Кінәліні тамұқ отына итере салады. Оны шел басқан көз түсіне ме? Миында Ібілістің айтағы тұрады…

Байлыққа, қанауға, талауға, қырып-жоюға қымсынбайтын, айылын жимайтын албасты билер Исатай көтерілісінде қаза тапқан Азаматтың да отбасын ойрандайды. Ерін жоқтап езілген Азаматтың жары өзегіне түскен қайғыдан көз жұмады. Жеті жастағы Төрежан мен он бес жастағы Алмажанның мал-мүлкін билер талап алады. Оны Алмажан «Жетім қыз» поэмасында былайша суреттейді. «Бұлбұлым ұшып кеткен соң, жарықтан шығып тап болдым, қараңғы тұман түндерге, қас ақымақ болмасаң, өлімге неге күлесің, қайдан білдің, тоғыз би, боларын неден қазаңның? Қадірсіз қызың мен болсам, алдына келсін балаңның. Қызыл тілім сау болса, асықпай жүр, тоғыз би, басыңды бір тығармын, артына өлген анаңның» деген өлең жолдары қараңғы түнді жарып өткен найзағайдай болса керек. Батырлық, өжеттік, кектілік, қатыгездікке кешірімсіздік поэманың өн бойында жібектің тініндей берік қиюласқан. Адуын күшке мойынсұнбай, Исатайдың жорығынан тәлім алып, Махамбеттің алмас қылыш жүзіндей өлеңінің мән- мағынасымен суарылып, болаттай қайнап піскен жолдар «Алтын зер салсам жарасар, қара мауыт жағаға, арғымақ жексем жарасар, күймелі күміс шанаға, әке, өзің кеткен соң, атаңа нәлет тоғыз би, қызылы сөнбей сәуленің, жетімге келіп қол салып, дұшпанға қойды табаға», – деп төгіліп тұрған ыза-кек, батырлық туын сөнбейтін жарық жұлдыздай көтерер еді. Кейбір жасық жандай сағы сынып, бүгежектеп тірліктен түңілу поэмада мүлдем жоқ. Аңсаған асқақ ғасырларға кететін арман бар, ел қорғанына әлі жарармын деген ұшқыр қиял бар, сарыла сағынған еркіндікке қол жеткіземін деген болаттай берік үміт бар, қантөгістен титықтап, қалжырағандықты әрбір өлең жолы байқатпайды . “Дегеніме келгенше, мекен етіп тұрмадым адыра қалған Нарында “мен” деген қазақ баласы, келешегі артық деуші едім кешегі әкем барында» деп ақ жауындай ерлік жолын өлеңмен төгіп-төгіп өтсе, он бес жасының өзінде аса таланттың Қазақ аспанында тағы бір айы туғанын сипаттайды.

Қайғымен басы дал болған Алмажан суға кеткен тал қармайтындай, “зұлымдықты тоқтатар Жәңгір хан” деп жеті жастағы інісі Төрежанды ертіп жаяу-жалпы жолға шығады. Азапты сапар әрбір минуты қауіп-қатерлі ауырлықпен арпалысып хан сарайына келсе, билері “Ханға кірем десең, пара бер?” – деп жетімді алқымынан алады. Оны ақын тілімен былайша жеткізеді. “Келіп едім даңқымен, Жәңгір ханның құзырына, күндіз-түні барсаң да, есігім бар кең деген. Қалай еді билері, арызға келген жетімді, жібермей жолдан тоқтатып “параң болса, бер дегені!” – қоя бер, билер жөніме, қалжыңдасып тұратын, үйіңдегі жеңге емен” – деп дегені жүрегіңді тырнап өтеді. Сонау тарих койнауындағы Жәңгір заманындағы әлсізге деген зұлымдық, қысастық, бүгінгі нарық жендеттері қимылында қайталанып отыр. (Әкім не басшыға кіру үшін, жетім-жесірлер мұң-шерін айтып тілек етейін десе қаншама оққағарлар, өңменінен итеріп түсін суытып, ызғар шашады. Темір сандықтың ішінде отырғандай сымақтарына тегін жолатпайды. – Т.Қ.). Жәңгір хан, мыңдаған адамның қаны төгілуіне себепші болуының қасіреті өз алдына, жетім-жесір, әлсіздердің көз жасын арқалады. Бұл қылмысы ол дүниеде алдынан шықпады деймісің? Қарғыс алғанның тұқымы жуадай солмады деймісің? Жетімдерін жұбатудың орнына зар қақсатқан билер қайбір бүйірі шығып, мұратына жетті дейсің. Ажал жеткенде шыңғырғанын естігендер «жан дауысы шықты» деген сөз қалдырған болар.

“Ханға жақындама қарасы жұғады, биге жақындама пәлесі жұғады”, деген ащы сөз сол сұрапыл жылдардағы түңілуден қалды ма екен? Ханнан әділдік күтемін деген Алмажанның бір зұлымнан құтыла алмай басына қара төнгендей кезде, хан сарайындағы билердің қара жүректігі түңілдірмей қайтеді. Аскақ ақын қыз: “Қараша құс мекендер, қарағай-қайың тал басын, әкекем, өзің кеткесін, атаңа нәлет тоғыз би, ұмытып кетті-ау, Алласын”, — деуі адам тағдырын шыбын құрлы көрмейтін қанішер жауыздықты Жаратушының жазасына тапсырады. Торыққан жүректің жұбануына демеуші болайық демейді, керісінше қаскөй, зұлымдық иелері әлсіздің тағдырын ойыншық етеді. Соны түсінген Төрежан қарап тұрмай:

Апатай, әне, күн шықты,

Үреймен сонша тұншықтым.

Мына жерде қансорғыш,

Пара сұрар жын шықты, тез кетелік, ел қарасына жетелік, – деп тақылдап еді. Онысы Алмажанның өлеңдері Күн сөнгенше тұрарын меңзеген Алла аузына салғаны ма еді. Әйтеуір, қара түнекті серпіп күн шығарына пенденің үміті үзілмейді. Үміт, сенім дегенің ажалдан кейін өлсе керек.

Алмажан Азаматқызы Исатай-Махамбет көтерілісінің жеңіліске ұшырып, одан тірі қалғандарының азапты өмірін осылай баяндаған екен.

– Алмажанның “Жетім қыз” поэмасынан басқа да көптеген шығармалары болыпты. Ел аузында да, жазбаша сақталған өлең-жырлары күні кешеғе дейін келіпті деседі. Бірақ, Орынбор мұрағаттарын ақтарып еркіндік аңсаған күрескер қыздың еңбегін іздеп жарыққа шығарып жанашырлық көрсету жағы жоқтың қасы, – деп Орынбор қаласындағы “Айқап” газетінің редакторы, ақын Аяған Нұрман: “Оян, қазақ, ойлан қазақ, аз емес кой көрген азап, жан-жағыңнан жаулар қамап, тартыс өтті қаншама ұзақ”, – деп тақпақтата жөнелген еді.

“Қазақ поэзиясының қайталанбас ақ алмасы” делінетін Махамбеттің ізбасарларының бірі – Алмажан Азаматқызының он бесінде от кешіп жүріп айтқан, жазған мұң-шері, төгілген өлең-жырлары – бүгінгі ұрпаққа қазақ ұлтым дегізетін, қанатты да, қайратты жігер беретін, жаныңды ұйытатын өшпес өнеге. Ерліктің құйма шындығы. Ол шындық Әлия, Мәншүктердің дүниежүззілік екінші соғыстағы ерлігімен жалғасып, 1986 жылғы желтоқсан көтеріліснеде де қазақ қыздары еркіндік жолындағы көтерілісте талайы өмірін қиды, күллі әлемді ұлтымыздың намысы таңғалдырды… 

АҒЫП  ТҮСКЕН  ЖҰЛДЫЗДАРҒА  ҚАРАП

Әкем Бекқазы ашық аспандағы жұлдыздар ағып түскенде дұғасын оқып: «Әне, бір адам о дүниелік болды» деп жаны күңіренгендей болатын еді.

– Әттең, дүние-ай, бір тойынып өлсем арман болмас, – деді ме? Жанындағы қорбаңдаған жұпыны киімді жүдеулер оның сөзіне жауап қатпайды. Жаутаңдап кең далаға қарайды да ой толғайды:

Қазыналы кең дала,

Көңіл күйі, сен ғана.

Құшсам, әттең сыймайсың,

Құшағыма, жырға да.

Жазылмаған жырымсың,

Айтылмаған сырымсың.

Бесігім болып тербеттің,

Сенде еді өмір тынысым,

Тынысыңды тарылтсаң,

Тірілік еткенің құрысын.

Туған жерің қашанда,

Байлығың, бағың, ырысың, – деді де туған жерімнен айырғасын, тірі жүргенім құрысын-деп қырсыққан жылдарды келістіріп айтқысы келсе де пікірін бүгіп қалды. Жыртық көйлек, жыртық шалбарлы әбден жүдеген адамның сөзін кім тыңдайды. Екіншісі есін шақырып күбірлеп:

– Жаратушы Адамның қай тілегін орындапты, – деп іштей толғанған да болар. Кейде пенде қызық, жақсылық көрсе ұмытады, жамандық көрсе өзімнен демей Құдайды қарғайды. Не деген ессіздік, кей адам не деген күлкілі, иланатынға иланбайды, ақиқатқа жүгінбей, қыбыр-қыбыр, күйтің-күйтің тірлікке мәз-тін. Оның да ақыры барын алдын ала түсінсе ғой. Үрейден басқаны сезбейді. Байлық бар, жер құнарлы, пендесін асырауға жетеді, бірақ құр қол күрмеулі, байларда асып, төкпе дәулет болса да жоқ, ақымақ емес, неге кедейлерге тегін береді. Адам өмірде жолаушы емес пе, бар тамақты, ол-пұл керек-жарақты бірімен-бірі бөліспес пе? Әлді әлсізге қараспаса иттік демейсің бе? Байлыққа масыққан залым аз ба, сұмпайы иттен сорпасын да қызғанады дейсің бе? Дей бер, баршылық жоқшылықты мүсіркей бермейді, неліктен? Өзі тамаққа ыңқая тойған Адам өзгенің аш жүргенін білер ме? Іштен шыққан баласы болса да өзін-өзі асырай алмаса, тірлігіне жетер азығын үнемдей білмесе обалы өзіне! Не қара көрініпті көзіне. Жалғаншының сеніп жүрсе сылдыр-сұйық сөзіне. Байлардың мақсаты да, қалың қайғысы да – өзгелерден асып тұру, дәулетіне масығып, күржиіп, әлсіздің пысын басып тұру. Жолаушы дедік-ау, о да бар мен жоқты біліп, тірлікті терең ойлап, маңындағыға көзін түсіре бермес. Қай заманның да, зар-мұңын дала қаншалық білсе де, төгілген қанның иісімен тұншықса да суық қалпында жасырып, үнсіз жатады. Ағып түскен жұлдыз көлге құласа, көл де үнсіз… Бәлкім, жел ызыңдар. Аштықта қырылғандардың соңғы үнін жеткізер.

Сол Орынбор даласын шарлап, тірі жүруді армандап еңсесі түсіп келе жатқандар. Алдарынан күн шыға ма, түн шыға ма, ас ішіп өздеріне өзі келе ме, әлде қабағы айқасып, қарыны қабысып, жанын бере алмай арпалысып өле ме, бәрі белгісіз. Жұбанғысы келіп кейбірі әндететеді:

«Болады түс қайтқанда ұлы бесін,

Ажалдың кім біледі ерте, кешін.

Әлеумет, құлақ салып тыңдасаңдар,

Айтайын Ертілеудің әңгімесін.

Келемін Орынборға арып, ашып,

Үстінде көк арбаның түсім қашып.

Осыдан аман-есен елге барсам,

Анашым қарсы алады есік ашып.

Қазақтың мен өлгенде несі құлар,

Қансұлу қарындасым, шешем жылар.

Ертең де оралар-ау ұлы бесін,

Кім білген адамзатқа ажал өшін.

Үдей түскен аштықтың әлегінен,

Үгіліп тұр бойдағы қайрат, күшім… – деген оқу іздеп, ашқұрсақ жүріп, өкпе ауруымен қан құсып дүниеден өткен Ертілеудің зарын еске алып, айтатындар да жоқ.

– Жас шағымда көргенім, көкірекке түйгенім, ашыққан көпшілік ажал алдында тым жуасып қалатындай екен, – деп орынборлық Зәйіт Мерғалиұлы сексеннің сеңгіріне шықса да өзінен гөрі өзгені бақытты ететіндердің аздығына қынжылыс білдіріп: «Қазақи тәлім, тәрбиенің негізі әлсізге мейірім, жарты құртты жарып жеу, деген татулық неге азайды. Бәрін құртқан қоғамның үрейі ме? Кеңес үкіметі құлады, жаңа қоғам екпіні қайратты, бірақ, қарапайым халыққа зияны тимеуі керек қой. Оқыған, тоқығаны мол көзі қарақты билеушілер халқы үшін қиянаттыққа ұрынбауы керек емес пе? Аталарымыздың аштыққа, қуғын-сүргінге ұрынуы, басқыншылықтан, ұлтын қорғай алмайтын намыссыздықтан, надандық, білімсіздіктен дедік. Бүгінгі оқығандарға не көрінді? – деп өткенге де көңілі көншімейді, бүгінгіге де көңілі олқыланады.

– Жұрттың біразы неге мазасыз, әлемнің тынышы кетулі. Дүлей күшті бар, оның маңында бұғып жүретін аянышты әлсіз бар. Теңсіздік…

– Біз өткен қоғамда билеушінің үлкені болсын, кішісі болсын, алдына ісіміз түсіп барғанда дауылда қалтыраған ағаш жапырағындай сескеніп тұрдық. Айтқанын орындадық, жөнсізін жөн көрдік. Ақыры неге кеп соқты, қоғам құлады. Сол әлсіздікті жекешелену тұсында дерегі барлар пайдаланды, биліктің іші кеппейді, оның оң, терісіне ақылың жетпейді, – деді дастарқан басында қара торы, жігіт ағасы, өткір көзді Алтай. – Сол Ертілеудің зарын анамыз айтушы еді. Бақсақ елін сағынады екен. Жайық өңіріндегі жастығын сағынады екен. Туған жерін қадірлеу, жоқтау ұрпақтың қанында қалсын дейді екен. «Өлсем рухым ата-баба зиратына қосылар-ау, бірақ аруақ о дүниеде денесі жат жерде қалғанына өкініп тыныштық таппас. Қазақтың сүйегін далаға тастамас дегені тегін емес» деуші еді. Қайтеді, тәркілеудің зұлымдығында Орынборға қашып, бетегеден биік, жусаннан аласа боп, үреймен күн өткізіп, қорқыныштан жаны тырнағының ұшына іліккен аналар, әкелер, ағалардың біразы о дүниелік. Орынбор топырағында, негізі қазақ жері, алғашқы астамыз ғой».

Алтайдың да, Зәйіттің де ойларын байқап отырмын. Ажал жетті, туыс, туғандар топырақ бұйырған жерді мәңгілік мекен етті, саясаттың зұлымдық құйыны айдады, желге ұшқан қаңбақтай тірілері туған жерден аулақта дәм, тұз татты. Сақтанып сақ жүрді, өгейлік көргендей өкінішін ішінде тұншықтырды. Зарықтырулы мұң көкіректе жатты. Ауыр тірлік, рақымсыз тағдыр. Сенім, үміт теріс айналған үрейлі уақыт.

Дәм дегеннен шығады, байларды тәркілеу кезінде аш құрсақ, жетім қалған балаларға тамақ жоқтықтан қойдың құйрығын жіңішкелеп турап, шиге түйреп еміздік есебінде сорғызатыны, кейбір аналар, қозы, лақты көрпе астына тығып, жасырып қалғанын, түрлі зұлмат оқиғаны Зәйіт Мерғалиев білсе де Алтайдың есінде жоқ. Алтайдың албырт жастығы Орынборда өтті, оқыды, алғыр маман атанды. Орыс тілді адамдармен тең сөйлеседі. Ешкімді жатырқамайды, қазақи қанында мейірім, инабаттылық нәтижесінде қатар, құрбысының құрметіне бөленді. Қанаты күйген шыбындай тыпыршып зарлаумен өткізген үлкендер өмірін жастардың көбі ұмытқан. Саясат қалай құбылса, пенде солай тез икемделеді. Замандасы жақсы десе, кәдімгідей серпіледі. Әрненің ыңғайын күтіп, ой жіберіп, жан-жағына көз салмаса бола ма?

Осындай ойымызды есіктен кірген Ақбілектің жұмсақ жүзі назар аудартты. Қолындағы хатты әкесі Зәйіт Мерғалиұлына Ресей Президенті Путиннің Ұлы жеңіс күнімен құттықтаған сөзін оқыды.

– Рақмет қызым, ақшасы жоқ па?

– Зейнатақы да жетеді ғой.

– Көп ақшаны қайтесің?

– Е, Сарықтас ауданы, бесінші бөлімшедегі туыс, туғандарымыз жатқан қорымды қоршап, сосын ауыл молдасына қайырым жасасақ артық па? – деді Зәйіт. Қайтеді, алты баласы осы жерде дүниеге келді. Алтауын да анасы Зылипа бауырына басып, өсіріп, тәрбиеледі. Інісі Сақыш екеуі мал бақты. Жері қандай құнарлы еді, отыз мыңға тарта егістігі бар-тын. Үш мыңдай ірі қара өсірілді. Малды нарық басталысымен күйедей сыпырды. Бүгінде шаруашылықты Черномординнің үлкен ұлы жекешеледі. Қазір егін шаруасында немістердің техникалары, баптау, күту технологиясы да жаңарған. Егін шықпады деген әр жылдың өзінде гектарынан он центнерден өнім алынады. Былтыр Найл Гибадуллин басқаратын шаруа қожалығы бір жарым мың гектар алқаптан 17 центнерден өнім алыпты. Ал «Орынборг-Иволга» агроөнеркәсіп бірлестігі бір жылда егіншіліктен үш жүз миллион рубль табыс тауыпты, – деді Алтай Жоламанов өзінің астық шаруашылығындағы қызметін айта отырып.

– Аһ ұрып, көз жасымызды тия алмай, қайғы кешіп жүріп армандаған еркіндікті көруге зар болып өткен кезеңді ойласақ, қабырға қайысады, – деді Зәйіт. – Талайдың жарығы күнінен бұрын өшті, көлге құлаған жұлдыздай ағып түскені қанша ма? Бүгінгі қиындықтың бәрі түк емес қой… Дастарқан толы тамақ, бір үзім нанға зар болған үрейлі жылдарды ұмытпаймын. Орынбор өлкесі өлілердің ашылмай жатқан тарихы.

Оның ойын тірілтіп, Орынбор мұрағатын зерделедік… Төбе шашың тік тұратындай оқиғаларды тарих бетін ақтара берсең, іздей берсең бүкпейді. Кеңес үкіметі жарылқайды, дедік, құба-құп. Өйткені, қара халық отарлық езгі, байлар мен кулактардың зұлымдығынан көзі ағарды. Кедейдің көңілін табамын, бақыт шырағын жағамын, деген үкіметтің кірісі әлсіздің ойынан шығып жарасса да, үстемдік иелері бай, кулакқа жараса қоймасы анық-тын. «Стапная правда» газетінің сарғайған беттерін парақтап көріңіз. 1922 жылғы аштыққа үкімет кінәлі емес дей аласыз ба? КССР бойынша 53 уезд 1127 болыс, 8136 елді мекенде 5 миллион 212 мың 651 адам болса, (1918 жылғы аштықта 2,5 мллион адам аштыққа ұрынды деген деректі қосыңыз) аштық зобалаңынан әке-шешесінен айырылып жетім қалған 219 мың 326 бала және 1 миллион соғыс мүгедегі өлім халінде деп есептеліпті. Осы газеттің №82 санында КЦИК басқармасы С.Меңдешов пен КЦИК хатшысы С.Садуақасов жетімдер мен мүгедектерді қамқорлыққа алуға үндеу тастапты. Губерниялық комитетте қызмет істейтін 94 басшы жетімдерді тікілей бақылуға алады, өздері жүрген жеріндегі аш балаларды үйлеріне паналатады. Демек, 1922 жылғы аштықта 1 миллионға жуық қазақ қырылды деген дерек шындыққа саятыны жетім балалардың есебі анықтағандай. Өйткені, түрлі құжаттарда Ресей патшалығының ХVІІІ ғасырдың 30-жылдарындағы кіші жүздің өзін отарлауды жымысқы саясатпен жүргізуіндегі санақта Байұлы – 500-550 мың, оның ішінде Адай – 80-90 мың, ал Әлімұлы – 300-350 мың делінсе, Семейде 604564, Сырдарияда-741811, Жетісуда-515001, Ақмолада-389204, Маңғышылақ уезінде-63795, Астархан губерниясында-207299, Омск уезінде-38185, Томскіде-26643, Тобыл облысында-5148, Ташкент уезінде-163105 осынша қазақтардың өмір сүргені руларын атап-атап, олардың ері, әйелі қаншалығы есепке алынған. Бұл Ресейдің отар халқынан салық алуы үшін нақты есеп екені даусыз. Осыншалық жіктеп, тәптештеп санау отарлық езгіге, тіпті бір руды бір руға айдап салып, бас көтертпей ойрандап отыруға әбден қажетті тәсіл. Әлдіні әлсізге езгілету қырылдырып, құртудың алыстан ойланған зәлімдік амалы. Мұның бүгінгі ел тарихы үшін қажеттілігі қызыл коммунистік басқыншылықта аштық, соғыс, халық жауы делінген зобалаңында қаншама адамның жазықсыз қырылуын сипаттайтын дерек. Өткенді ұмытпау, сақтануға мезгеуді ұрпақ жадына сіңіру үшін қажет. Ауыр да, ащы кезең өреліні арам қатырған, кісідегінің кілті аспанда, деп өзгеге емес, өзіңе сену, бұлтылдап тұратын саясатқа алданбау. Қилы-қилы тірлікті түсіністікпен қабылдау, жатқа жалбарынбауды есіңе алдырса құба-құп. Осыны дала даналары, Қазақ аспанының жұлдыздар шоғыры атанғандардың бәрі де ойлады. Рас, ата-бабаларымыз ғылым, білімді аңсады, қолы жеткені ашқарақтана ойға түйді, өзгені де соңына ерітті.

Орынбордағы оқу орындарында 1850-1869 жылдарда 30 қазақ жастары оқыса, кейіннен оның саны 57-ге жетеді. Үш ағайындылар Айшуақов, Арғынғазиев, екі ағайындылар Алдияров, Бірімжанов, Сүйіншқалиевтер және Жансұлтан Шумақов 1877-1891 жылдардың білімді түлектері екен. Айта кетелік, А.Бірімжанов мемлекеттік думаның 1-2 шақырылымының депутаты болған. Ал Орынбор гимназиясын бітірген 18 қазақ жасы Қазан университетінің заң факультетіне түседі. Осында ұстаздық білім алған Балғынбаев, Тақтабаев, Залиевтер Ақтөбе, Қостанайда мектеп ашып жастарға білім береді.

– Олардың қай-қайсысы да Қазақ ұлтының оқу, білімге ұрпақты алғашқа ұйытқан жарық жұлдыздары еді, – дейді орынборлық қарт Имаш Исағалиұлы. – Орынборға әкем, ағаларым 1928 жылы байды жаппай тәркілеуде бассауғалап қашып көшіп келген. Ата-бабаларымыз Ойыл өңірінен еді. Төрт ағайынды Есенғожиндер де тәркілеудің қанды тепкісімен Сібірге жер аударылса, Дәукен ағамыз тұтқыннан қашып шығып, Орынбор елінің халқының арасына сіңген. Бұлар аты-жөндерін өзгертіп үреймен өмір сүрді. А.В.Федорованың мұрағат қорындағы құжаттарда Қания Исахметованың отбасы отызыншы жылғы аштықта қырылып қалған. Қания 5 жастағы інісімен екеуі балалар үйіне алынған. Ал, Орынбордың елді мекендеріне алғашқы қазақтардың қоныстануы 30-жылы Кеңестің қуғын-сүргін зобалаңынан жер ауған Сатаев, Атаев, Есенбаевтар өздерінің аты, жөндерін жасырып итшілеп тірлік еткен…

Міне, бесінші ауылдың бүгінгі тірлігі қақында Маржан Дәрітова былайша ой қозғады: «Жас кезімізде осында мыңға тарта ағалар мен апалар бар еді. Үлкендер тіл мен ділді, дінді үйретті. Орысша оқысақ та қазақи қалыптан жаңылған жоқпыз. Қазір кеңшарымызда қариялар аз…», -деп ойға шомды.  

Қазір Орынбор облысында 111477 қазақ, яғни облыс халқының үштен бірін құрайды. Орынбор қазақтары Мұқтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Беймбет Майлин, Сәби Мұқанов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллин сықылды ұлт жұлдыздарының білім алып, алғашқы астанаға қызмет еткеніне мақтанады. Ал, қалада «Кәрімов, Хұсайынов К» баспаханасынан 1900-1915 жылдың өзінде 117 қазақша кітап шықса, бүгінде «Айқап» газеті, және 12 қазақ мәдени-ағарту орталығы ұлттық рухты насихаттап келеді. Олардың бәрі де Қазақстанның өсіп, өрлеуін біліп көңілдерін көтеріңкі ұстайды. Әйтпеске шарасы жоқ, бабаларының көз жасын көрді, ажалынан бұрын өлгендердің қайран өмір-ай деген соңғы сөзін тыңдады. Қазақ ұлты данышпандығымен әлемге танылғанын біледі, қабілеті жоғары бола тұра қатал зұлымдыққа жаншылғанын ұрпақтан аулақ болғай деп күңіреніп кетеді. Ұлылық жаңарар, даналық оралар деген үміттерін пасықтық пен сұрқиялық қастандықпен үзгеніне өкініші о дүниелік болғандардың қайсысы айта алды дейсің. «Өзіңнен зорлар шықса, жаның сонда шығар» деген сөз қалды.

Өткен ғасырдағы алып тұлғалардың ағып түскен жұлдыздай аруағы бүгінгі еркіндікке риза болғандай түсінеді. Қайтеді тағдырдың бұйырған дәмін татып қандастардың шат жүзінен ақжарқын күлкі, көңілінен қуаныш сезім арылмасын деп аттандық. Олардың қай-қайсысы да атқаратын қызметтерінде жұртқа күлкі болмай, кісіліктерін көкке көтеріп абыройлы атанса, аруақтардың жебеген, Алланың көзі түзу болғаны шығар деп түсінесің… 

Табыл  Құлияс,

сатирик-жазушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: