Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аңызға айналған барлаушы

15.11.2020, 11:00 776

HALYQLINE.KZ

Совет барлаушысы Николай Кузнецов жау ортасында жүргенде вермахттың 11 генералы мен жоғары дәрежелі чиновникті атып өлтірген болатын. Оның ерлігі туралы соғыс аяқталысымен «Барлаушының ерлігі» фильмі түсіріліп, бұл киноны Сталин жақсы көріп, сан мәрте көрген болатын. Содан бері бұл барлаушы туралы 6 фильм мен телесериал түсірілді, оның ерлігі туралы 17 кітап жазылды. Ол небәрі 33 жыл ғана өмір сүрсе де, есімі аңызға айналды. Идеялық жағынан әдейі үйленген жоқ. Ол барлаушының отбасы болмағаны дұрыс деп айтатын. Себебі, әйелі мен балалары барлаушының әлсіз тұсы болады деп, жақын адамдарының өмірін өзі сияқты қауіп-қатерге төндіргісі келмеді.

Н.И.Кузнецов 1911 жылы Свердлов облысындағы Зырянка деревнясында дүниеге келді. Мектепте үздік оқыды, әсіресе неміс тілін ерекше жақсы көрді. 1927 жылы орман шаруашылығы техникумына оқуға түскен де, өз бетінше неміс тілін жетілдіре түсті, комсомол қатарына өтті. 1930 жылы техникумды бітіргесін Коми-Пермяцкий ұлттық округіндегі Кудникар қаласында техник-таксатор болып жұмыс істегенде жорықтық өмірге бейімделе бастайды.

1935 жылы Уралмаш заводына техникалық бақылау бөліміне ауысады, осы заводта Германия фирмаларынан сатып алынған жабдықтарды орналастыру мен үйрету үшін келген неміс мамандары Николайдың бавариялық акцентпен таза сөйлеуіне таңғалады. Николай болса олардан неміс ұлтына тән жинақылық пен тазалықты бойына сіңіре білді.

НКВД-нің сыртқы барлау бөлімін басқарған Я.К.Березарин назарына іліккен Кузнецов барлау мектебіне алынып, дайындықтан өтеді. Кузнецовқа жалған фамилия табу қажеттігі туындай бастағанда, оның да сәті түсті. 1941 жылы Москва түбінде немістердің батальон командирі обер-лейтенант Пауль Зиберт тұтқынға түседі. Ең бастысы, Зибертке Кузнецов керемет ұқсайтын болып шықты, тіпті егіздің сыңары деуге келетін әрі бавариялық еді, таңғаларлығы қан тобы да бірдей болып шықты. Зибертке өмірінің сақталуына кепілдік береміз деп, НКВД-нің инструкторлары барлық мәліметті алып, сол бойынша Кузнецовты даярлай бастады, Зиберттің туғаннан бастап барлық туыстары мен таныстарымен қатар, өзін-өзі ұстауын, жүріс-тұрысын, тамақ ішуі мен темекі шегуін инструкторлар Кузнецовтың бойына қалыптастырды. Мысалы, немістер ешқашан жүріп келе жатып темекі шекпейді, міндетті түрде орындыққа отырып шегеді, неміс қонаққа шақырылса, дәл уақытында барады  қазаққа керек жері), қай жерге барса да кешігу – олар үшін ең жаман әдепсіздік. Бір сөзбен айтқанда, барлаушы бойындағы сәл қателік жау жағынан күдік туғызып, гестапо тарапынан тексеріледі, ондағылар да нанын босқа жемейтін.

1942 жылдың жазында НКВД-нің полковнигі Д.Н.Медведевтің партизан отрядына Н.Кузнецов алдымен парашютпен түсіріліп, жергілікті жермен жан-жақты танысады. Бұл партизан отрядының саяси жетекшісі С.Т.Стаков, барлау бастығы А.А.Лукин, штаб бастығы Ф.И.Паулин тәжірибелі чекистер еді. Отрядтың диверсия жасаумен қатар басты мақсаты фашистер Украинаның астанасы қылған Ровно қаласында барлау жұмысын жандандыру еді. Осы мақсатпен 1942 жылдың қазан айының басында Ровно қаласында обер-лейтенант Пауль Вильгелм Зиберт (Кузнецов) пайда болды.

Құжаты бойынша Зиберт Вермахттың 76 дивизиясының 230 жаяу әскер полкінің батальон командирі, большевиктермен соғыста 2 рет Темір крестке ие болған құрметті майдангер. Майданда жараланғаннан кейін шаруашылық бөліміне ауыстырылған. Ровно қаласына келген іссапарының мақсаты – майдан үшін шикізат дайындау үшін жіберілген өкіл. Обер-лейтенант Пауль Зибертпен неміс офицерлері танысуға өте құштар болды. Оның қолының ашықтығы туралы хабар тез тарады, ресторандарда ішкен арақтардың ақшасын көбінесе өзі төлей салатын. Керек мәліметтерді алу үшін офицерлердің басын жиі қосып, арақ ішуді ұйымдастыратын, орталық та ол үшін неміс маркасын аяған жоқ, Зиберттің жомартығы оның беделін өсірді. Жеке шофері Н.Приходько арқылы партизандармен байланыс жасап тұрды, ал өте құнды деректерді Кузнецов дереу Москваға жіберу үшін, радист Валя Осмолова екеуі орманға барып рация арқылы жіберіп бастарын қатерге тігіп жүрді. Шифрогараммада өзінің мәліметтерін Рух, Колонист, Рудольф, Грачев, т.б. аттармен жіберіп тұрды.

Рейхскомиссариатта хатшы болып жұмыс істейтін барлаушы қыз Валя Довгер мен Пауль Зиберт екеуі сырт көзге қалыңдық пен күйеу болып жүрді. В.Довгер Германияға жұмыс істеу үшін шақыру қағазын алады. Барлау үшін өте құнды ақпарат көзі болып табылатын хатшы қызды қалайда алып қалу керек болды. Бұл мәселені шешу тек Украинадағы бас рейхскомиссар Эрих Кохтың қолынан ғана келетін. 1943 жылдың 31 мамырында Зиберт пен Довгер осы мәселемен Э.Кохтың қабылдауында болатын болды. Мұндай мүмкіндік бола бермейтінің білген Москва Зибертке (Кузнецовқа) Кохты атып өлтір деген бұйрық береді. Кохты атып өлтірген жағдайда да, Зиберт Рейхскомиссариаттан тірілей шыға алмайтын еді. Кохты өлтіру үшін екінші «вальтер» тапаншасын қалтасына салып баратын болды. Кездесуде қалтасындағы беторамалын алып, бетін сүртіп болған соң, қалтасына қайта салып жатып ондағы «вальтермен» атпақшы болды. Кездесуге кірерде беліндегі «вальтерді» кобурасымен қоса күзетшіге тапсырып Кох кабинетіне кіреді. Алайда бәрі ойлағандай болған жоқ. Кохтың екі жағындағы тайыншадай екі неміс овчаркасы қолын қалтасына салмақшы болып апара бергенде, ырылдап қоя берді. Артындағы жеке күзетшісі артық қимыл жасауға болмайтынын сыбырлап ескерту жасады. Кохты өлтіре алмаса да, өте құнды мәлімет естіді. В.Довгерді Ровнада қалдыру туралы өтінішіне қол қойып жатып Зибертке Вильгелм Кох: «Обер-лейтенант тез арада өз әскери бөліміне сұранып барыңыз. Вермахт әскері екі айдан соң Курск түбінде орыс армиясын біржолата талқандайды. Ол шешуші шайқасқа қатысу – әрбір арийлік үшін қасиетті борыш» дейді. Осылайша 1943 жылғы Курск шайқасы туралы құнды ақпарды Москва Кузнецовтан білді.

Валя Довгермен қатар Кузнецовтың екінші ақпарат көзі Ровно қаласындағы офицерлер казиносындағы даяшы Лидия Лисовская болды. Осы сұлу келіншектің үйінде офицерлер жиі бас қосатын, кейде гестаподан да адамдар келіп Лидиямен төсектес болатын. Лидияның төсек арқылы алған мәліметтерін Кузнецов тексеріп қорытынды жасап, Москваға жіберіп отырды. Мас болған және оңашада оргияға берілген жоғары шенді офицерлер, осы сұлу келіншектің алдында көрініп қалғысы келіп, өздерінің құпия миссиясын айтып салатын. Осындай кештердің бірінде СС-тің майоры фон Дин өзінің Иранға аса жауапты миссиямен бара жатқанын айта келе: «Сондықтан Пауль менімен бірге фотоға түсіп қал, біз үштіктің көзін жойған соң, сен менімен бірге болғаныңды мақтанып, фотоны көрсетіп жүресің» деп құпияны мастықпен айтып қойғанын білмей қалды. Осылайша, 1943 жылы Тегеран қаласындағы конференцияда И.Сталин, У.Черчелль мен Ф.Рузвельтке жасалынатын қастандық жоспары Москваға белгілі болды.

1943 жылы Курск түбінде жеңілген фашистер ашуын бейбіт халыққа тап беру (облава) арқылы ала бастады. СС-тің әскерлері көшедегі кетіп бара жатқан адамдарға тап беріп тұрғызып қойып, әрбір үшіншісін атып отырды. Кей деревнялардың бүкіл халқын сарайға қамап тірілей өртеді. Осындай облаваны көзімен көріп қаны қарайған Кузнецов (Зиберт) Москвадан кек қайтару акциясын жасауға рұқсат сұраумен болды, олар да құнды барлаушыдан айырылып қалғысы келмей бастапқыда рұқсат бермеді. Кузнецов (Зиберт) өз талабынан бас тартпайтынын білген орталық ақыры Грачевке (шифрограммадағы есімі) рұқсат берді.

1943 жылдың 20 қыркүйегінде империяның финанс кеңесшісі генерал Ганс Гельді адьютантымен қоса өлтіріп кетті, 30 қыркүйекте Кохтың бірінші орынбасары генерал Пауль Даргельді гранатамен жарып кетті, немістер сүйегін де жинай алмай қалды. Келесі күні гестапоның майоры Гитель өз ажалын Кузнецовтың қолынан тапты. 15 қарашада көмекшілері Я.Каминский, Н.Струнский және М.Стефанскиймен бірге бейбіт халықты жазалау акциясын ұйымдастыру үшін келген генерал фон Ильгенді ұрлап алып «үлкен жерге», яғни Москваға ұшақпен жіберді. 22 қарашада украин халқының бас жендеті судья генерал Альфред Функені қарама-қарсы ұшырап қалғанда, қақ маңдайынан атып өлтіріп, өзінің қара түсті «мерседессіне» мініп ғайып болды. Бұдан соң Медведовтың партизан отрядында уақытша бой тасалауға тура келді.

1944 жылы қаңтар айынан бастап Кузнецов-Зиберт қайтадан кек қайтару жорығына шыға бастады. Ровно қаласында жүру қауіпті болғанддықтан, Львов қаласын таңдады. Әуелі вермахттың әуе күштерінің штаб бастығы Петеретті атып өлтіреді. 1944 жылдың 8 ақпанында опера театрында өткен құпия мәжіліске жалған құжатпен кіріп, алған деректі рациямен хабарлады. 9 ақпанда Галицияның вице-губернаторы Отто Бауэрмен мен орынбасары Шнайдерді бастарынан атып кетті.

Кузнецовты ұстау үшін Украинадағы бүкіл гестапо аяғынан тік тұрып іздеді. Амалсыз Я.Каминский мен И.Белов үшеуі орманда тығылуға мәжбүр болды. 1944 жылы наурыздың 8-інен 9-ына қараған түні Боротин селосындағы шаруа Степан Голубовичтің үйіне тоқтап, әбден қалжырағандықтан демалмақшы болады. Пауль Зиберттің басына тіккен ақшаға қызыққан Украина Ұлтшылдар Отряды (ОУН) да орманды тіміскілеп іздеп жүрген болатын. Үйге басып кірген ОУН-дықтар Кузнецовты тірілей ұстамақшы болғанда, ол аса шапшаңдықпен өзін гранатамен жарып жібереді. Келесі күні селоны біздің әскерлер азат етеді, батырдың бөлшектеніп кеткен денесін қапқа салып, уақытша Боротон селосына жерлейді. 1960 жылы батырдың денесі Львов қаласындағы Даңқ алаңына құрметпен жерленді. Львов пен Ровно қаласына ескерткіш орнатылды. СССР-дегі көптеген қалалардағы көшелерге, мектептерге есімі берілді. 1961 жылы 50 жасқа толуына байланысты Н.Кузнецовқа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Осы жерде «батыр атағы неге кеш берілді?» деген сұрақ туындауы мүмкін, жоғарыда Украина билеушісі Эрих Кохты иті кедергі болып өлтіре алмаған кезде, орталық оған күдікпен қарап, ақша үшін екі жақпен бірдей отпен ойнап жүр деген оймен, Москваға шақыртады, ол жақта НКВД жендеттерінің қолына түссе не болатынын білетін, партизан отрядының командирі НКВД-нің полковнигі Д.Медведев, Кузнецов жіберген мәліметі Кохты өлтіргеннен де құнды екендігіне жауап беремін деп, қайта тексеріңдер деп аман алып қалған болатын, НКВД-нің «қара тізімінен» батырды ақтап алу 15 жылға созылды.

Кезінде қатты дәріптелген Н.Кузнецовтың аруағына СССР тараған соң қайтадан тыныштық бермеді. 1990-1991 жылдан бастап батыс украиналық баспасөз батырды барынша қаралаған мақалалары өз нәтижесін беріп, Ровно мен Львов қаласындағы ескерткіштерін қиратамыз дегесін Ресейге әкеліп орнатылды. Моласына да тыныштық бермегесін, шашылып қалған сүйегін қайтадан қапқа салып, өзі дүниеге келген Зырянка деревнясына әкеліп қайта жерледі. 2015 жылы Украинаның Жоғарғы Радасы қабылдаған «Декоммунизациялауға жататын адамдардың Тізімі» деген Заңға ілінген Н.Кузнецов және оның ерлігі толығымен жоққа шығарылды.

Адамзаттың қас жауы фашизмге қарсы күресте қаза тапқан барлаушы Н.Кузнецовтың ерлігін СССР кезінде мектепте оқыған менің замандастарым ұмыта қоймас деп ойлаймын.

Бақытжан Түменбай,

тарих пәні мұғалімі,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Қазалы  ауданы

Cуретте: Пауль Зиберт және офицерлер казиносында қызмет еткен Л.Лисовская мен М.Микота. Барлаушыға фотоға түсуге болмайтын, кейде қинаған кезде амалсыз түскенде бас киімін басып киіп бетін көрсетпеуге тырысатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: