Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Дәрігерлер елеусіз қалмаса екен…»

23.05.2020, 21:34 747

HALYQLINE.KZ Енді келесі айдың орта шенінде медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі тойланады. Осы салада 40 жылдан астам еңбек еткен дәрігер ретінде айтарым – мынау. Кәсіби мерекеде дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері марапатталып жатқанда, кіші медқызметкерлер, яғни санитаркалар, медавтокөлік жүргізушілері, санитарлар марапаттан тыс қалады. Әрине, олардың кейбіріне аурухана, емхана, тіпті облыстық басқарма тарапынан марапат қағаздар (грамота, алғыс хат, т.б.) беріледі. Менің айтайын дегенім басқа. Неге оларға «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгі берілмеске?! Кезінде облыс медицина қызметкерлеріне арнап кәсіби газет шығарып, оған медқызметкерлердің басым бөлігі жазылса деген ойыма бас дәрігерлер «санитарка, санитар, есепші, яғни бар саналы өмірін осы денсаулық сақтау саласымен байланыстырған, бірақ медициналық білімі жоқ қызметкерлер медицина қызметкеріне жатпайды» деген жауап алып, бетім қайтып қалған. Осы «Ковид-19» індеті кезіндегі санитаркалардың, медавтокөлік жүргізушілердің еңбектері бағаланып, төсбелгіні кеудесіне тағып жатса, қандай ғанибет! Бәріңіз білетіндей, бір апта елде болған қытайлық әріптестерге де бұл белгіні берді ғой.

ҚР ДСМ. Әрине, бұған ешкімнің көңіл аудармасы белгілі. Дегенмен, «айтпаса сөз атасы өледі» деген. Марапатқа ұсыну 1 ай бұрын берілетінін де білемін. Денсаулық сақтау министрлігі осыны ескерсе екен. Сөз соңында бұл белгі туралы ережені де еске салып отырмын.

«Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісі

45. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау жүйесіне айрықша үлес қосқан Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласындағы көрнекті әзірлемелері, белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі және мейірімділігі, қызметтік міндеттерін орындау кезінде көрсеткен кәсіптік шеберлігі мен жанқиярлығы үшін, кемінде 40 рет қан беруді және (немесе) кемінде 70 рет қан плазмасын беруді өтеусіз жүзеге асырғаны үшін марапатталады.

46. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен денсаулық сақтау жүйесінде 10 жыл еңбек өтілі бар денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлері марапатталады.

Серікбай СМАҒҰЛҰЛЫ,

медицина ардагері

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: