Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Періге тұтылған періште

13.09.2020, 10:00 683

HALYQLINE.KZ

Күн екiндiге ауса да аптапты ыстықтың аптығы әлi басыла қоймаған. Алып отты шар жер бетiн аңдығандай кiрпiк қақпастан шақшиып тұр. Қара жолдың бойындағы тарыдай шашыраған шағын ауыл момақан кейiпте мүлгiп қалған.

Жол шетiнде жан-жағына тағатсыздана қараған бойжеткен сағатына көз салды. Уақыт алтыдан асып барады екен. Мұндай кезде уақыт та өтiп болмайды, оның үстiне күнде ерсiлi-қарсылы ағылып жататын төрт дөңгелек те көрiнбейдi. Барлығы да сап тыйылғандай, жым-жылас. Бұрын бұл жолмен өзбектердiң оны-мұны тиеп алып күңiренген дәу машиналары дамылсыз ағылып жататын. Бiр-екi жыл болды, олар да көзден ұшқандай қарасын батырды. Ендi ауыл тұрғындары үшiн кiм келер екен деп екi көзi төрт болып, қара жолдың бойын торуылдау әдетке айналды. Онда да қазiргi шопырлар қалаға дейiн ала кет десең, әкесiнiң құнын сұрайды.

Сымбат тықыршыды. Уақыт болса, зырғып өтiп барады. Сағат жиырма минуты кем жетi. Бүгiн демалыс, қалаға барып, жуынып-шайынып, жақсылап демалып, ертең университеттегi сабағына баруы керек. Оның үстiне аптаның аяғында Алматы қаласына барып, докторантураға емтихан тапсырмақшы.

Ғылым жолын қуамын деп жүргенде жасы отызға келіпті. Ең кемi отыз бес жасқа дейiн докторлық диссертациясын қорғап алса, содан соң ерге шығып, бұйырса бiр-екi перзент сүйсем деген арманы тағы бар. Көзiне қара жолды қапталдай ұшып келе жатқан жеңiл машина шалынды. Қыз қуанып кеттi. «Бұйырса бүгiн жолым болады екен» деп ойлады. Апыл-ғұпыл қол көтердi. Ақ жигули қызбен қатарласа келiп тiзгiн тежедi. Оң жақ қапталдағы есiк ашылып, жас шамасы отыз бестердегi қоңқақ мұрын, қияқтай қара мұртты қара торы жiгiт:

– Сәләматсыз ба, қарындасым, жол болсын? – дедi.

– Асығыс қалаға бара жатыр едiм, ала кетiңiзшi, – дедi Сымбат.

– Ала кетемiн, қанша төлейсiз?

– Бұл жердiң таксиi үш жүз теңге.

– О-хо, жиырма шақырым жерге аздау емес пе?

– Аздау емес, автобустан үш есе жоғары баға, ағасы.

– Мақұл, отырыңыз, жолшыбай келiсермiз. – Жiгiт талдырмаш денелi, ашаң бойлы, аяқ-қолы балғадай ақсары қызға «сенi қайдан көрдiм» дегендей тесiле қарады. – Осы сiздi бiр жерден көрген жоқпын ба, түрiңiз таныс сияқты?

– Көрсеңiз көрген шығарсыз, тау тауға кездеспес, адам адамға кездесер деген.

– Есiмiңiз кiм болар екен?

– Сымбат.

– Менiң атым Таймас, – Жiгiт қолын ұсынды.

– Айып етпеңiз. – Жiгiт қыздың қолынан сүйдi. – Сiздей арумен танысқаныма қуаныштымын. Тек бiр айтарым: жолшыбай саяжайға соғып қауын ала кетуге қарсылық жасамассыз.

– О не дегенiңiз, бiзден рұқсат.

– Кеттiк, ендеше. – Ақ жигули зулай жөнелдi. Жолшыбай неше түрлi анекдот соғып жiгiт желпiндi, қыз көңiлдендi. Таймастың әжептәуiр қоңыр даусы бар екен. Әннiң де тиегiн ағытты.

– Келшi, келшi, бермен келшi құдаша,

Бiр сөз айтам көңiлiңе ұнаса.

Кетшi әрмен деп қуа ма деп зәре жоқ,

Неде болса келiп кетшi оңаша.

– Өзiңiз әжептәуiр әншi екенсiз, көңiл көтергенiңiзге рақмет, – дедi, оған деген сүйсiнiсiн жасыра алмаған Сымбат.

– Сiзге ұнаса болды да, бiздер сiздей сұлулардың садағасы болып кетсек арманымыз жоқ.

– Қой, олай демеңiз.

– Ақылыңнан сенiң, – Таймас бiр қолымен Сымбаттың арқасынан қақты. – Ризамын. Сендей жары бар жiгiттер бақытты ғой, шiркiн. Күйеу бала кiм болды екен? – дедi қызға ежiрейе қарап.

– Күйеу бала жағынан ұяттымыз, – дедi әнтек қысыла сөйлеген Сымбат. – Оқу-шоқу деп жүрiп, шаңырақ көтеруге қол тимей келедi.

– Iм, солай деңiз. Бiрақ, сiздей сұлуларға жалғыз жүру жараспайды. Нешедесiз?

– Қыздың жасын сұрамайды деушi едi, оқасы жоқ, сұрап қалдыңыз айтайын, биыл бұйырса, отызға толамын.

– Оқасы жоқ, қонақ үйiңе келгенiмен тұрмай, қызыңның жасын сұрар деген қазақпыз ғой.

Қыз дегенiң қып-қызыл гүл емес пе,

Қыздан жiгiт бiр тоят тiлемес пе?

Қыз қызыл гүл болғанда, жiгiт бұлбұл,

Бұлбұл құс қызыл гүлге түнемес пе?

Қалай ұнай ма?

Сыпайылық сақтаған Сымбат жымия күлiп, құптағандай үнсiз басын изедi де:

– Бiр көрген кiсiге ерсiлеу екен, – дедi.

– Е, оның несi ерсi, Сымбатжан, ол өмiрдiң заңы ғой.

Сымбат әңгiмемен байқамапты, жүйрiк жигули саяжайларға жақындап қалыпты. Машина оңға бұрылды.

– Бiздiң саяжай дарияның жағасында, қауыннан дәм татасыз. Күн әлi күйiп тұр. Шөлдеген шығарсыз, – дедi маржандай тiстерiн көрсете екi көзi шоқтай жанып маңғаздана сөйлеген Таймас, – Сiздей сұлулардың бұл өмiрде бар екенiне шүкiршiлiк етемiн.

– Үйдегi жеңгей де сұлу шығар.

– Өй, жеңгең болдырып қалған.

– Қойыңызшы, әзiлiңiз болар.

– Әзiлiм емес, шыным, Сiздей сұлу «сүйемiн» десе, бәрiн де тастап, соның соңынан бұйдалы тайлақтай ерiп жүре берер едiм.

– Оныңыз жарамайды, бiр көрген сұлудың соңынан ерiп кете берсеңiз, махаббат деген үлкен сезiмге опасыздық жасағандық болады.

– Ту, сiз де, сол бiр махаббат деген ақын-жазушылардың ертегiсiне сенесiз бе?

– Әрине!

– Ал, мен сенбеймiн! Махаббатыңыз айналып келгенде, еркек пен әйелдiң төсекте табысуымен тәмамдалады. Махаббаттың бар қызығы сол ма?

– Ағасы қателесесiз, сезiмсiз жатып-тұру – хайуандық.

Машина шоқ жиденi жиектей жүрiп келiп кiлт тоқтады. Таймас есiктi ашты.

– Ал, келдiк, бос әңгiменiң қажетi не, түс, қауын жеймiз. – Сымбат аң-таң. Әзiлi ме, шыны ма? Әлде ауыш па? Айдалада ненiң қауыны?

– Өй, ағасы, әзiлдiң де жөнi бар шығар. Мен сiздi түсiнбей тұрмын.

– Немене, сенбей тұрсың ба? Ана бұтаның арасына барып, қауынды жарамыз. Өзi әбден пiскен, тiлiңдi үйiредi. Өмiрi есiңнен кетпейтiндей болады. Қорықпа, қыздың бетiн бiрiншi болып кiм ашса, сол ыстық демекшi, менi бiр көрсең болды, содан соң өмiр бойы аңсаумен өтесiң. Кел, түс, қауынымызды жейiк. Аузынан арақ иiсi мүңкiген жiгiттiң дөрекiлеу сөзiнен iшiн тартып қалған Сымбат ендi шындап қорқайын дедi. Мынау алаңғасар күнi бойы «қауын, қауын» деп қақсап, өзiн келекелеп тұрғандай ма, қалай-қалай сөйлейдi? «Е, жiгiтiм, «аспандағы еттiң сасығын-ай» демекшi, есек дәмең зор екен. Пiскен қауын жегiң келген екен, жегiзермiн».

– Ағасы пiскен қауын езуiңiздi жырып кетпес пе екен? – дедi ашуланып.

– Қарындас, былшылды қояйықшы, бүгiн сенi Құдай маған бұйыртқан шығар, – Таймас ыржалаңдап қызға қарай қолын созды.

– Қойыңыз, жынды суды iшiп алып құтырмаңыз, тартыңыз қолыңызды! – Ашуланған Сымбат жiгiттiң қолын қағып жiбердi. – Бейбастақтыққа көнбеймiн, ұят болады.

– Қойшы-ей, солай ма?

– Қылжақтамаңыз!

– Бол, түс, одан да шаруаны тездетiп бiтiрейiк, машинаға мiнген ақыңды төле.

– Мә, мына үш жүз теңгенi алыңыз да, басты қатырмаңыз.

– Паһ, паһ, үш жүз теңге! Оныңды өзiң алып артығын артыңа тық, маған сен керексiң, сенi бiр көремiн, сосын баратын жерiңе жеткiзiп тастаймын.

– Қой, жiгiтiм, мен арын ақшаға айырбастайтын жезөкше емеспiн!

– Жасың отызға келiптi, осы кезге дейiн еркек көрмеген перiштемiн дейсiң бе?

– Ия, перiштемiн!

– Онда тiптi жақсы, қазiр тексеремiз. – Жiгiт қолын соза бергенде Сымбат оның жағынан шапалақпен тартып жiбердi.

– Ұятсыз, тарт қолыңды! – Сымбат дереу есiктi жапқысы келген, бiрақ үлгере алмады. Жүзi өрт сөндiргендей түтiгiп кеткен Таймас қызды қос қолымен екi иығынан қапсыра құшақтап, сүйрей-мүйрей жерге алып ұрды.

– Мен саған ұрғанды көрсетейiн, ұрған олай болмайды, былай болады! – Таймас жерге қолын тiреп, орнынан көтерiле берген қызды кiндiк тұсынан тоқпақтай жұдырығымен қойып жiбердi. «Ой!» оқыс жұдырықтан ыңқ етiп, көзiнiң оты жарқ ете қалған Сымбат iшiн басып, төрт бүктетiлiп кирелеңдеп қалды. Сол мезетте арт жағынан келген жiгiт шалт қимылдап қыздың шәйi көйлегiн басына қарай көтерiп түрiп жiбердi. Бөксесi жалтыраған Сымбат тыпырлады да қалды. Бұл кезде Таймастың қолы iшкиiмге қарай жылжыған-ды. Қыз бар күшiн жиып аяғын артқа қарай қатты сермеп бiр тептi. Қатты тепкi өкпе тұсынан тиген жiгiт шалқасынан түстi. Iле-шала басына түрiлген көйлегiн қайта киiп үлгiрген Сымбат жиде-жиденiң арасымен зытып ала жөнелдi. Жерге бiр аунап түскен Таймас та тұра сала «бәрiбiр менен құтыла алмайсың сен қаншық» деп қыздың соңынан тұра жүгiрдi. Ышқынған қыз жиденiң үстi-басын жырғанына да, көйлегiнiң жыртылғанына да қарамастан дарияға қарай төтелей салды. Тұла-бойын ашу буып, ызаланған Таймас та қалар емес. Қызды ақыры ұзатпады. Қалың жидеге жете бере, шап берiп көйлегiнен ұстап алды.

– Жiбер, оңбаған! – Қыз қайырылып жiгiттi қос қолымен төмпештедi. – Өлсем де, арымды таптатпаймын!

Сол кезде Сымбатты өзiне қарай оқыстан тартып қалған жiгiт қыздың кiндiк тұсынан күрзiдей жұдырығымен тарс еткiзiп соғып жiбердi. Талдырмаш дене кескен теректей сұлап түстi. Көзi қанталап ентiге аласұрған Таймас қыздың көйлегiн түрiп, iшкиiмiн сыпырып тастап, үстiне жүрелей шөктi де, ауының түймелерiн асығыс ағыта бастады.

– Асау екенсiң, мiнiс көрмесең, көрмеген шығарсың, қазiр мiнемiз, – деп қыздың екi аяғын ажыратамын дегенде қайта тiрiлген Сымбат екi аяғын айқастыра қосып алып:

–  Оңбаған, бетсiз, қарабет! – деп ашына айқайлап қос қолдап жiгiттiң бетiн тырналады.

– Ә, қаншық, қаныңды iшемiн! – Таймас жылан көргендей орнынан атып тұрып, қызды тепкiнiң астына алды. Шашы уда-дуда болып ақ шаңдақта аунаған қыз төрт бүктетiлiп ыңырсып көзiн тарс жұмған күйi сылқ түсiп, қозғалмастан қалды. Былқ-сылқ еткен қызды екпетiнен аударып, оның жарқыраған домалақ бөксесiн алдына өңгере шөккен жiгiт ойындағы арам ойын iске асыруға кiрiстi. Бейне бiр алып қара құс ақ қоянды жәукемдеп жатқандай басы кекшеңдеп өз қызығы өзiмен болып аласұрды.

Бұл кезде күнi бойы төңiректi тiмiскiлеп тұрған алып қызыл шар да жер бетiндегi арсыздықтан ұялғандай қысылып-қымтырыла, үн-түнсiз бетiн басып ұясына енiп бара жатты.

***

Сымбат есiн ауруханада жиды. Бiрақ, қанша ойласа да қайда келiп, қайда тұрғанын есiне түсiре алмады. Қос жанары жаутаңдап төрт қабырғаға қарай бередi, бiрақ қайда жатқанын бiлмейдi. Ауық-ауық көзiне жалаңаштанып алып өзiне қарай төнiп келе жатқан қара мұртты адамның сұлбасы елестейдi. Сондай кезде Сымбат жанын қоярға жер таппағандай дiрдектеп «апа» деп шыңғырып жiбередi де, сәлден соң бұл дүниенi түгел ұмытқандай бiр нүктеге қадалады да, мелшиiп отырып қалады.

Сымбаттың қалада атбекет болып iстейтiн апасы бүгiн тағы да келдi. Өткен жолы сiңлiсiнiң ауыр халде жатқанын көрiп, жан дүниесi күйзелiп кеткен едi. Бүгiн бас дәрiгермен көзбе-көз сөйлесiп, жағдайды оның өз аузынан бiлуге ынтықты. Әйтпесе, күнi кеше ғана университетте сабақ берiп, докторантураға түсуге дайындалып жүрген сiңлiсiнiң аяқ астынан зорлықтың құрбаны болып, меңдуана жегендей меңiреу күйге түсуi жанына тыныштық бермей жүр. Бас дәрiгер өзiнде екен.

– Сәлеметсiз бе. Сiздiң уақытыңыз болса, оңаша сөйлесейiн деп едiм. – Көзiлдiрiктi бас дәрiгер қарсы алдында тұрған жас келiншектi көрiп, абдырып қалады. «О, тоба, адам мұншалықты бiр-бiрiне ұқсай бередi екен-ау».

– Төрлетiңiз, әлгi бiзде емделiп жатқан Сымбаттың апасы емессiз бе? – дедi бас дәрiгер. – Содан аумайды екенсiз, құдды бiр судың тамшысындай.

– Жобаңыз дұрыс, Сымбат екеумiз егiзбiз, үлкенi мен боламын, менiң атым Қымбат, – дедi.

– Өте жақсы, менi Мейiрман аға десеңiз болады, құлағым сiзде, қарындасым.

– Мен сiңлiм туралы сөйлесейiн деп едiм. Қалай, ол толық сауығып кете ала ма?

– Бұл өте қиын мәселе, оны уақыт көрсетедi. Бiз қолдан келгенше емдеп жатырмыз, алайда Астанадан бiлiктi дәрiгерлер шақыртқан да дұрыс шығар. Қыз есте сақтау қабiлетiн жойған, жүйке ауруына ұшыраған, жағдайы қиын. Бiр арамза ұрып-соққан, оның үстiне зорлаған, бәрi де сол айуандықтың салдары болар. – Бас дәрiгер көзiлдiрiгiн түзеп қойды. – Iшкi құрылысына көп зақым келген. Полиция қызметкерлерiне айтылды. Олар бұл iспен айналысып жатыр.

– Дұрыс қой, бiрақ Сымбат есiн жиып, әлгi зорлықшының түр-түсiн айтпайынша, оны табу да мүмкiн емес.

– Бiлмесем де шамалаймын. Менiң шамалауымша зорлық дарияның Бозарқаш өңiрiнде болған сияқты. Полицияға сол жерде егiн егiп жүргендер хабарлаған. Олар хәлi ауыр Сымбатты бiзге әкелiп салды, одан кейiнгi жағдайды өзiңiз көрiп отырсыз.

– Сонда қанша уақыт емделуi керек деп ойлайсыз?

– Ол уақыттың еншiсiндегi шаруа. Қыз әуелi есiн жиып өзiне-өзi келуi тиiс. Асықпайық, аптықпайық.

– Оқиға қалай болған, бiлесiз бе? Сіңлім есін жинай ала ма?

Дәрiгер ойланып қалды.

– Шынымды айтсам, сiзге пәлен уақыт емделедi деп кесiп айта алмай отырмын, оған кешiрiм сұраймын және бiз қолдан келгеннiң бәрiн жасап жатырмыз.

Қымбат бас дәрiгерден көңiлсiз шықты. Жүрегi құрғыр сiңлiсiнiң жағдайы тым ауыр екенiн бiрден сездi. Сымбат өте әсершiл едi, денсаулығы түзелгенiмен ақыл-ойды бағыттап отыратын басы бұрынғыдай жұмыс iстеп кете ала ма, жоқ па? Қымбаттың санасын осы бiр қорқынышты ой тұсаулап тастағандай. «Үмiтсiз – шайтан» дегендей сiңлiсiнiң екi аяғына мiнiп кетуiн тiлеген Қымбат бiресе аурухана, бiресе жұмыс, бiресе дәріханаа деп зыр жүгiрдi. Жатса да, тұрса да Құдайдан «осы еңбегiм қайтса екен, он екiде бiр гүлi ашылмаған тетелесiм әрi сыңарым тезiрек жазылып кетсе екен» деп тiледi.

Әйтсе де, пенденiң ойлағаны бола бере ме? Ауруханада өзiне-өзi келе алмай екi көзi жәудiреп, осы бiр арамдығы мен аярлығы мол, тазалығынан гөрi былғанышы көп мына дүниеде не боп жатқанын түсiне алмай пұшайман болып жатқан Сымбат арада бiр жетi өткенде дүние салды. Отыз жылға толар-толмас ғұмырында айналасындағыларды перiштедей тiрлiгiмен тәнтi еткен қыздың өмiрден ерте кеткенiне оны бiлетiндер қатты қайғырды. Адамға титтей арамдығы жоқ, барынша ақкөңiл де, аңқылдақ жанды бiлетiндер күңiренiп кеттi. Әркiм өз лебiзiн бiлдiрдi. Бiреулер:

– Өмiр гүлiнiң қауызы ендi ашылып келе жатқан жас ғалым едi, перiште едi, перiнiң құрбаны болды, – деп егiлдi. Екiншiлер:

– Қайран Сымбат, айдындағы аққу iспеттi едi-ау, жердегi қатыгездiктен шошынып, зеңгiр көкке ерте ұшып кеттi-ау, – дестi. Үшiншiлер:

– Ақ сұңқарымыздан айрылдық. Ол мынау фәни жалғанға сыймай кеттi-ау! – деп тебiрендi. Төртiншiлер:

– Бейкүнә қыздың арын таптаған арсызды қара жер тартсын! Құдайтағала оның зауалын берсiн! – деп қарғады.

Амал қанша, адамның тiлегi болған ба, көлiнен безiп кеткен аққу оралмады, қолдан шығып кеткен ақсұңқар тұғырына қайтып келiп қонбады. Ол мәңгiлiкке кеттi. Қыз Сымбатты бiлетiн әрi сүйетiн жүректерде пендешiлiктен асқақ перiштенiң пәк бейнесi ғана қалды. Дамыл таппай тыпыршыған беймаза уақыт та ешкiмдi күтпедi, алға қарай зулап кете барды. Арсалаңдап айлар өттi, жылап-сықтап жыл да кеттi. Перiге жем болған кешегi перiште қыздың өкiнiштi өлiмiне аяныш бiлдiрiп күңiренгендердiң жүрегiндегi Сымбаттың сұлу елесi де көмескiлене бастады. Алғашқы айларда Бозарқашта болған жауыздық iстi ашамыз, зорлықшыны табамыз деген желеумен жанталаса қимылдаған полицияның да аптығы басылып, тығырыққа тiрелiп тынды. Iс кейiннен бiржолата тоқтап, шаң басқан архив қағаздарының iшiнен бiр-ақ шықты.

***

Сүт пiсiрiм уақыт өткенде, ебiл-дебiлi шығып, бойы дел-сал босап, жынын алдырған бақсыдай әбден болдырған Таймас қып-қызыл ала қанды көрiп: «Мен не iстегенмiн, ойбай-ау» деп шошып кеттi. Алдына өңгергендей қос қолымен демеп ұстап тұрған қыздың қып-қызыл ала бөксесiн жiбере салып, жердегi шаң-шаң шалбарын ала-мала тұра қашты. Жаны тәттi жас перi осы бiр қылмысы арқылы жазатайым қолға түссе, ұзақ жылдар бойы темiр тордың аржағында жатып телмiретiнiн ойлағанда, одан сайын ышқынды. Талай қыздың бiтеу қауынын жарып, жолын ашып дәнiккен Таймастың тойымсыз тұмсығы алғаш рет қара тасқа тигендей болды. Тауаны қайтып, тауы шағылып, ендi арты бiр уыс болғандай. Қолдары қалш-қалш етiп, ақ жигулидi әзер от алдырды да, iңiрдегi апақ-сапақты пайдаланып, жым-жылас тайып тұрды. Жұмыста да берекесi болмады. Дүниесi ағыл-тегiл келiп жатқан фирманың байлығы да онша қызықтырмайтын сияқты ма қалай? Қолымен iстегендi мойнымен көтеруге жүрегi дауаламады. Жан азабына ұшырап, мұның соңы не болар екен, «құтыламын ба, әлде тұтыламын ба» деп, елегiзiп иненiң ұшында жүргендей iшкенi iрiң, жегенi желiм болды.

Бұрын қыз бiткен еркекке төсек болу үшiн жаралған деп ойлаушы едi. Сол ойы iс жүзiнде де солай болып шығатын. Небiр бетi жылтырағандар Таймастың «Ақшаршы» фирмасына жұмыс сұрап келгендер, төсек десе ыржалаңдап жата кететiн. Сондай талай-талай шүйке баспен мауқын басқан Таймас басқалар да сондай шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, қателесiптi. Бұған осы кезге дейiн төсек болып жүргендер күнкөрiстiң қамы үшiн арын ақшаға айырбастаудан да қашпайтын ұрғашылар екен. Бiр фирманы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, боқ дүниенi оңды-солды шашып, байлықты белден кешiп жүрген Таймас тектi ұрғашыға өмiрiнде бiрiншi рет кездесiп, төбесiнен жай түскендей болды. Жанын арының садағасы тұтатын қаракөздер баршылық екен. «Ал мен болсам, тыз етпе бiр сәттiк нәпсiнiң тойымы үшiн адалдыққа жуса кетпестей қара дақ салдым-ау» деп iштей өзiн-өзi мүжiдi. Жан дүниесi жабырқап, жасып, сiркесi су көтермей ақ жауынның астында қалған молда торғайдай бүрiсiп, быж-тыжы шығып жүргенде «облыс әкiмi Елшiбек шақырып жатыр» деген хабарды естiп, одан сайын зәресi ұшты. Күнi ертең Елшiбек: «Ау, депутатым-ау, айдын-күннiң аманында қылмыс жасарлықтай басыңа не күн туды? Бар байлықты да, мансапты да мiсе тұтпай, екi елi қима үшiн арыңды да, абыройыңды да сатып, бiздi қара жерге қаратқаның не қылғаның? Әлде, саған көшеде сатылатын небiр сылқымдар кекiрiгiңдi аздырып, көзiңдi шел бастырды ма? Айналайын, араша түсе алмаймыз. Депутаттық мандатты тапсырып, түрмеге өз аяғыңмен бар» десе не дейдi? Тiрiлей өлмей ме? Таймастың тұла-бойы тiтiркендi. Әкiмге не деп уәж айтады?

Бес қабатты зәулiм үйге тiзесi дiрiлдеп зорға кiрдi. Кiре берiстегi қызыл жағалы атақты бизнесмен-депутатқа қалт тұра қалып, қолын шекесiне қойып құрмет жасап жатыр. Оның сәлемiн мақұлдағандай кейiпте Таймас басын изедi.

Әкiм кең кабинетте теңселiп жүр екен. Мұны көрiсiмен:

– Әй, осы бизнесмендердiң жайбасарлығы-ай, iшiңдi пыстырады. Ал, бұлар әкiмнiң шаруасы басынан асып жатыр-ау деп әсте ойламайды.

– Ассалаумағалайкүм, не дегенiңiз, ойлаймыз, аға! – Таймас дауысын көтере сөйледi. Екеуi атшаптырым кабинеттiң орта шенiнде түйiсiп қол алысты.

– Осы сен не iстеп жүрсiң, түсiнбеймiн? – дедi орнына жайғасып жатқан әкiм бұған сынай қарағандай. Таймастың жұдырықтай жүрегi зырқ ете қалды. «Өлген жерiм осы шығар». Таймас төмен қарады.

– Сен төмен қарама, базардың салығын шамалы көтеремiз. Мен сенiң несие ақшаңды шешiп қайттым, соны айтып сүйiншi сұрағалы отырмын.

– Оныңызға үлкен рақмет, сүйiншiмiз дайын, – дедi басына үйiрiлген бұлттың сейiлгенiн сезiп көңiлденген Таймас. – Қанша бересiздер?

– Қанша? 45 миллион. Бұл теңгеге шаққанда…

Таймас төсқалтасынан калькуляторын шығарды.

– Оныңды салып қой. Мен де экономистпiн, бәрiн есептегенмiн, – дедi әкiм. – Бiзге еркiн экономикалық аймақ деген ат берiлiп, айдар тағылған соң үкiмет бiраз ақша бөлiп отыр.

– Өсiм қайтарымы қанша?

– Жеңiлдетiлген, бар-жоғы – 10 процент. «Тамаша» деп ойлады Таймас. Калькуляторды шырылдатты. «45 миллион 75 теңгелiк курспен есептегенде 600 000 доллар, маған қалатыны 320 000 доллар».

– Аға, 45 миллион теңге аздық қылады, жақсылық қылсаңыз бүтiн қылыңыз, – дедi.

– Онда ойланайық, ол ақшаны қайда сiңiресiң?

– Сiңiремiн, аға, қаладағы ет зауыты, сүт зауыты, құс фабрикасы, одан қалды күрiш зауытын сатып алып, iске қоспаймын ба? Бұл ақша еселенiп қайтпай ма? Сiздi де, бiздi де асырамай ма? – дегенінде әкім елжірей қарады.

– Басқа бизнесмендер не iстейдi, топырақ жей ме?

– Менi тыңдаңызшы, аға. – Таймас сыбырлай сөйледi. – Қолыңыздан келiп тұрғанда көмектесiңiз, менiң фирмама 90 миллион теңге бөлiңiз, өзiңiздiң үлесiңiз 30 процент, қалған жұмысқа жүз процент өзiм жауап беремiн.

– Әкiм ойланып қалды. Iштей ол да есепке берiлдi: «90 миллион теңгең көк қағазбен 1 миллион 200 мың, оның отыз процентi болады 360 000. Елп ете қалмау керек».

– Таймас, онда менiң үлесiм 400 000 көк қағаз болады, саған 7 процент өсiмiмен бергiземiн. Осыған келiссең ал, келiспесең өзiң бiл.

– Келiсемiн, аға! – дедi орнынан атып тұрған Таймас. «Сонда да маған 700 мыңның үстiнде қалады екен, тәуекел». Екеуi қол алысты. Таймас ертеңiне Астанаға суыт ұшып кетiп, сол жақта бой тасалап бiр апта болып қайтты. Содан елге келiсiмен несие алу шаруаларын реттестiрiп, беретiнiн берiп, алатынын алып, көңiлiн бiр демдедi.

Бiр күнi үй iшiмен жергiлiктi теледидар хабарын көрiп отырған. Бiр кезде экранда «еске алу» деген сөз жазылып баяғы өзi зорлайтын Сымбаттың суретi жарқ ете қалды. Таймастың жүрегi тоқтап қалғандай отырған орнында кiрпiк қақпастан сiлейдi де қалды. Көз алды тұманданды. Көзiн сүртiп жiберiп қайта қарады. Сол қыздың өзi. Үлбiреп тұр. Ажары айдай болып, күлiмсiрей қарап тұр. «Таймас қанiшер, тыңда, мен бұл дүниеден кеттiм, жалған дүниенiң барлық азабын саған тастап кеттiм, естимiсiң жауыз Таймас» деп сылқ-сылқ күлiп, мұны құдды бiр мазақ қылып тұрғандай, оның үстiне жүргiзушiнiң мұңлы дауысы жүрегiне қанжар сұққылап жатқандай: «Бейкүнә Сымбатымыздың обалына қалып, мойнына қан жүктеген қандықол жауыз Құдайдың қарғысына ұшырап, екi дүниеде де оңбасын» деп тебiренедi.

Тiл-аузы байланған Таймастың аяқ-қолы мұздап сала бердi. Көз алдында – Сымбаттың бейнесi. Таймас басын қос қолдап ұстап, орнынан тәлтiректей тұрды… «мойнына қан жүктеген қанды қол жауыз Құдайдың қарғысына ұшырап, екi дүниеде де оңбасын». Теңселдi. Көзi қарауытты. Бетiн басып, екпеттей жатып қалды… Арада тағы бiр жылдай уақыт өттi. Өзiн қанатының астына алып, қамқоршы болып жүрген әкiм Елшiбек Астанаға министр болып кеттi. «Шамасы баяғы долларлар қызметiн өсiрдi-ау» деп ойлады Таймас. Өмiр өзгерiп жатты. Доллар теңгенi жалмап қойды. Бұрын 75 теңгеге бағаланатын доллар шарықтай өсiп, құны 140 теңгеге дейiн көтерiлдi. Таймастың шақшадай басы шарадай болды. Баяғы несиеге алған 90 миллион теңгенi банкi доллардың құны өстi деп екi есеге жуық көтерiп жiбердi, одан қалай құтылу керек? Басы қатты. Сол екi ортада Парламент сайлауы да келдi. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткендей алашапқын басталды. Алашапқыннан Таймас та қалмады. Парламент мәжiлiсiне өзiн-өзi ұсынып депутаттыққа кандидат болып тiркелдi.

Таймастың кандидаттыққа түсуiн күтiп тұрғандай кандидатқа түсушiлер көбейдi. Бiр округтен он адам сайлау алдындағы айтыс-тартыс көкпарының жалына жармаса кеттi, бәрi де анау-мынау емес, кiлең ығайлар мен сығайлар. Iшiнде арам ақшаның буына мастанған алыпсатар да, бизнесмен мен кәсiпкер де, мұнайшы да, орнынан түсiп қалған әкiм де, жаулығын қолына ұстап депутат болғысы келген қатын да бар.

Таймас саспады. «Бәлем, тұра тұрыңдар, ақшаны судай шашып, дауысты сатып алсам да өтемiн» деп өзеуредi. Содан ақшаны оңды-солды шашты келiп, шашты келiп… Қанша шашса да алғашқы турда шаң қауып қалды. Есептеп көрсе, үш-ақ процент дауыс алыпты, 25 мың доллар ақшаны босқа шашыпты.

Сайлау өткен күнi жүйкесi жұқарып ұйықтай алмады. Таңға жақын көзi iлiнiп кеткен екен, түсiнде баяғы Сымбатты көрдi. Сымбат Таймастың iшiн жарып операция жасап жатыр. «Әуелi сенiң жүрегiңдi алмастырамын, содан соң миыңды алмастырамын» дейдi. Бұл сорлы жалынып жылап жатыр. Жылап жатып оянып кеттi. «О тоба, зауал деген осы шығар, кешегi сайлауда ақшаны оңды-солды шашып, елге күлкi болғаным да соның қарғысынан шығар» деп тұла-бойы тiксiндi.

Сол күннен бастап ұмытылды ма деген Сымбаттың бейнесi көз алдынан кетпей қойды. Оның үстiне баяғы несие бөлген банк те қыса бастады, қолда бар барлық қозғалмайтын мүлiктерiн хаттап, мөр басып кеттi. Таймастың шаруасының қыры қашып, өзi азып-тозып берекесi кеттi. Оның үстiне қайда барса да, Қорқыттың көрiндей болып Сымбат қыздың бейнесi көз алдынан кетпей қойды. Дүниеден түңiле бастады. Соңғы кездерi соңынан сұм ажал қуып жүргендей «өлетiн шығармын» деп қорыққан Таймас iшкiлiкке бой ұра бастады. Бiр күнi «Мерседеске» мiнiп басы мәңгiрiп келе жатқанда, жол шетiнде тұрған тiрi Сымбатты көрiп шошып кеттi. «Баяғы түсiм тегiн емес, бұл қыз о дүниеден жүрегiм мен миымды алмастырғалы келген шығар» деп зәресi зәр түбiне кеттi. Жын ба, шайтан ба, әлде, елес пе? Басы жетпедi. Содан көзiн уқалап жiберiп, жол шетiнде тұрған қызға қайта көз салды.

Баяғы Сымбат. «Менiң жанымды алу үшiн келген екен» деп газды басып қалғанда зу ете қалған машина қарсы келген «Камаздың» астына кiрiп кеттi. Аялдамада автобус күтiп тұрғандар шу ете қалды.

– Ойбай-ай, өлдi-ау ана байғұс, өлдi-ау!?

Анталаған жұрт айра-жайра болып жатқан «Камаз» бен «Мерседестiң» жанында үймелеп қалды. Көше бiтелiп, көлiктер қаңтарылды. Көпшiлiктiң солай қарай еңсерiлгенiн көрiп, әуестiк жеңген адвокат Қымбат та жақындап барған. Мыж-мыж болған «Мерседестен» бет-аузын қан жуып кеткен бiреудi екi-үш адам зорға дегенде суырып алды.

– Скорый шақырыңдар, скорый! – Бiреудiң жарғышақтанып шыққан дауысы жиналып тұрғандардың денелерiн тiтiркендiрдi.

Бет-аузын қан жуып, дiрдек қаққан жiгiттi әлгiлер көтерiп әкелiп жолдың шетiне жатқызды. Осы жерде жол апатына ұшыраған бейшараның кiм екенiн бiлгiсi келген Қымбат жiгiтке жақын барды. Көзiн зорға ашқан Таймас қарсы алдында тұрған Сымбатты көрiп «к… к… кешiрiңiз» деп ықылық атып, көзiн жұма бердi.

Сәлден соң ышқынған скорый да келдi. Қолына шағын шабадан ұстаған ақ халатты жiгiт жол шетiнде жатқан «Мерседестiң» жүргiзушiсiнiң екi көзiн айналдыра көрiп шықты, одан тамырын ұстады. Басын шайқап:

– Поздно, он ушел в тот мир, – деп орнынан тұрып кеттi.

– Жалко, какой молодой, ой жалко, – дедi Қымбаттың қасында тұрған егде әйел.

– Екi жылдан берi өзiн сыңарынан айырылған аққудай сезiнiп жүрген Қымбаттың жүзiн ащы жас жуып кеттi.

Бiр жағынан жiгiттi аяды, екiншi жағынан «менiң сыңарымды өлтiрген жауыздың да Құдай зауалын берсе кәнеки» деп кiжiндi. «Өмiрдi қорлауға бола ма, болмайды! Бұл бейшараның ажалы тағдырдың жазуынан болды. Ал, менiң Сымбатымды адам атын жамылған айуан өлтiрдi». Қымбат Алла тағаланың сiңлiсiнiң арын аяққа басқан арамзаны алдына әкелiп, кешiрiм сұратып, жанын жаһаннамға жiбергенiн сезбеген едi.

Қымбат машина iздедi, үйiне жетуi керек. Бүгiн Сымбатты еске алатын күндерi, тағдыры аянышты сыңарының бақилық болғанына екi жыл толатын күн едi. Қымбат әлгi жiгiттiң өлерiнде қиналып жатып не үшiн кешiрiм сұрағанын түсiнбедi. «Мүмкiн, ол байғұс бұл дүниедегi күпiрлiктерi үшiн кешiрiм сұрады ма екен» деп ойлады.

Таймас өлер алдында Қымбаттан емес, баяғы өзi азар берген Сымбаттан кешiрiм сұрап едi. Бiрақ, бәрi де кеш болатын. Сымбаттың о дүниелiк болғанына тура екi жыл, дәл айтқанда жетi жүз отыз күн толған едi.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: