Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қай мәселенің болмасын заңды жолы – біреу ғана

20.08.2020, 10:15 1502

Бүгінгі кейіпкерлерімізді жай таңдаған жоқпыз. Бұған дейін бұл айдарда бірдей мамандықты игеріп, ортақ салада қызмет етіп келе жатқан бірнеше жас отбасылар  туралы жазған едік. Әр отбасының өзіндік қыр-сыры, сәйкестігі, ортақ мүддесі  барына көз жеткіздік. Тамыз айындағы маңызы айқын­ арнаулы­ дата – Конституция күні. Биыл сол Ата Заңымызға – 25 жыл. Еркіндік, теңдік және татулық  мұраттарына  жетуге асық бейбіт қоғам үшін бұл күннің салмағы­ басым. Осы ретте тұрақты айдарымыздың қонағы ретінде  бір  шаңырақ  астындағы  қос  заңгер, ерлі-зайыпты Батыр Римов пен Ардақ  Смағамбетованы  кейіпкер  етуді  жөн  санадық.

– Қайырлы күн! Әңгімеміздің әлқиссасын танысты­қтан бастасақ… Батыр Бекболұлы, отағас­ы ретінде сөздің басын өзіңіз бастасаңыз…

– Мен – өңірі қасиетті, топырағы мен тасында тарихи естеліктер мен шежірелер тұнып тұрған Сыр елінің тумасымын. Балалық шағымыздың қызықты сәттерінің барлығына куә болып келе жатқан туған жеріміз әрқашан ыстық көрінеді. Өзім Шаған ауылында дүниеге келіп, мектеп оқып, болашаққа қадам бастым. Бала күнгі арманы­ма қанат бітіріп, заңгер мамандығ­ын игеріп, бүгінде осы салада қызмет атқарып  келем­ін.

– Ардақ, сіз бала күнгі арманыңызды  орындай  алдыңыз  ба?

– Әрине. Өзіңіздің де есіңізде болар, мектепте мұғалімдер «Кім болам?», «Егер де мен…» деген тақырыптарға шағын эссе жаздыратын еді ғой. Қарап отырсаңыз, сол шығарма арқылы әр оқушы түрлі арманына даңғыл қалыптастырады. Мен де сол кездері заңгер болуды қалап, тәтті арман жетегінде жүретінмін. Әрине, бұл – ес білген шақтағы естеліктер. Кейін жаңа ортаға бейімделер тұста осы заңгерлікті таңдап оқуға түстім. Үздік дипломмен бітіріп, осы арнада жұмысқа орналастым. Бүгінде осы таңдаған бағыты­мда халыққа қызмет етіп келемін.

– Екеуіңіздің ортақ салада жүріп, бір арнада тоғысуларыңызға қандай себеп әсер етті?

Ардақ:

– Негізі біз бір-бірімізді танымай тұрған уақытта да арамыз алшақ болмаған екен. Жолдасым екеуміз бір ғимаратта орналасқан екі түрлі мекемеде жұмыс істеп келгенбіз. Бірақ, жүзбе-жүз жолықпағанбыз. Алланың қалауы болар, кейін ортақ достар арқылы таныстық. Сол кезде ғана бір ғимаратта жұмыс істейтін бірдей маман иесі екенімізді білдік. Жаратқанның бұйрығы, адамның­ себепші болуы тағы бар, әйтеуір сол танысты­қтың соңы екеумізді осындай жарасымды жанұя қалыптастыруымызға жол ашты. Әр нәрсенің өз себебі болады, негізі.

– Бір үйдегі қос заңгер ретінде ой-пікірлеріңіз ортақ жерде түйісетін кез бола ма?

Батыр:

– Тағдыр өзі адам мен адамды жарастырып қосады ғой. Біздің де ортақ мүддеміз, ортақ мақсатымыз, ортақ арманымыз бар. Отбасында ата-ана ретінде, жұмыста заңгер ретінде ой-пікіріміз ортақ арнада тоғысатыны рас. Кейде ситуацияға байланысты әр адамда өзіндік пікір де болады.

Ардақ:

– Иә, әрине! Көп жағдайда ойымыз ортақ шешімге сұранып тұрады. Олай дейтінім, кез келген есептің бір және нақты шешімі болатыны секілді заң саласында да қай мәселенің болмасын заңды жолы – біреу ғана. Сондықтан заңгер­ ретінде ортақ пікірге жиі келеміз.

– Отбасылық жағдайларда ең бірінші болып шешім қабылдайтын кім?

Ардақ:

– Қазақта өзі қыз балаға тәрбие бергенде ең алдымен «отбасының тірегі – отағасы» деп үйретеді. Ер-азамат­ әрдайым бір саты жоғары тұрады деп санамы­зға сіңіріп өскен қазақпыз ғой. Одан ешкім жаман болып жатқан жоқ. Біздің отбасымызда да осы қағида орныққан. Сондықтан маңызды мәселелер бойынша шешімді отағасы қабылдайды.

– Жалпы, отбасы жарасымдылығы үшін жанұяда қандай құндылықтар болуы керек деп ойлайсыздар?

Батыр:

– Отбасындағы жарасымдық ең алдымен, ерлі-зайыптылар арасындағы сыйластық, құрмет және бір-бірін түсінуінде. Баласының көзінше әкесі анасына, анасы әкесіне деген құрметі мен сыйластығын, ілтипатын білдіріп тұрса, нағыз жанұя жарасымдылығы сонда деп есептеймін. Мұндай игі құрметті көріп өскен бала болашақта отбасын құрғанда да сол құндылықтарды негізге алатын болады.

– Қазір неке қию куәлігін ажырасу туралы куәлікп­ен  айырбастап  жатқан  жастар көп. Заңгер­  ретінде  ойларыңыз  қандай?

Ардақ:

– Өкінішке қарай, бұл – шындық. Менің ойымша отбасын құруға бел буған жастар түпкілікті шешім қабылдамас бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, барынша ойланып қадам жасаса, бұлай болмас па еді?.. Отбасын құруға қадам басқандардың көпшілігі, оның жауапкершіл­ігі туралы ойлай бермейді. Мойындау керек, қиын жағдайға ұшыраса, ажыраса сала­мын деп те ойлаулары мүмкін. Бұл жерде заңгер ретінде айтарым, заң бойынша ажыраса салу оңай әрине, белгілі бір мерзімде, процедурада ажырасу процесі бітеді. Ал адамның тағдырын қайда қоясыз? Ол отбасында дүниеге келген балалардың тағдыры ше… Неге екі адамны­ң қателігі үшін бала зәбір көруі керек? Міне, сондықтан мен ойлаймын, отбасын құрғанда жастар осыны қаперге алса екен. Әр іс-әрекеттің артында үлкен жауапкершілік бары­н  сезінсе  деймін.

– Бала тәрбиесінде әкенің, ананың орны қандай­  болу  керек?

Батыр:

– Бала тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейді. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей, есі кіріп, тілі шыға бас­тасымен-ақ баланы байсалды, ұғымпаз, тілал­ғыш етіп баулыған жөн деп есептеймін. Отба­сыл­ық құндылықтарды баланың бойына сіңіріп өсіруде әкесі мен анасының орны ерекше. Баланың­ бас ұстазы – әкесі мен анасы. Әрбір ата-ана өз перзентінің әдепті, саналы, иманды да ибалы, кішіпейіл азамат болып жетілуін қалайды. Ол үшін әрбір ата-ана өз баласының алдындағы осы жауапкершілігін түсініп, сезініп, баласын барынша жақсы қасиеттерге баулуға  тырысып, әуелі өзі үлгі бола білуі керек.

– Ардақ, осы сауалым сізге бағытталады. Ене мен келін арасындағы сыйластықты арттыру үшін сіздің ойыңызша екі жақтан да қандай қадамдар  жетіспейді?

– Отбасында, жалпы ене мен келін арасындағы ара-қатынастың мазмұнды болуы маңызды. Келін үшін ене мектебі – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлі мектеп. Себебі, бүгін мәпелеп өсіріп отырған қыз, ертең ұядан ұшып жатжұрттық болады, ал келін болып отырған орамалды ару ертең өзі ене атанып, келін тәрбиелейді. Ене мен келін арасындағы тату-тәтті қарым-қатынастың құпиясы бір-бірін түсіне білуінде деп ойлаймын. Енесі келінін қызындай бауырына тартып тұрса, келіні енесін сыйлап, сөзін екі етпесе, нұр үстіне нұр. Келіннің енесіне жасаған әрбір әрекеті өзінің  енелік  өмірінің  кірпіші  екенін ұғынулары керек. Өз кезегінде енелер де келіннің жаман­дығын жасырып, жақсылығын асырып отырса, еш  мәселе  болмайтынына  көзім жетеді.­

– Соңғысы – біздің дәстүрлі сұрақ. Жас отбасы­ ретінде  бала санына келгенде есепке жүгінесіздер ме әлде  қазақы менталитетке жүгінесіздер ме?

Батыр:

– Бала – отбасының шаттығы, Алланың берген­ сыйы ғой, сондықтан дәл бұл мәселеге есептің қатысы болмауы керек. Жалпы, отбасылық мәселелерге есеппен қарауға болмайды деген пікірдемін. Адамның емес, Алланың деген­і  болады.

Ардақ:

– Барлық нәрсені есепке әкеліп тіреу – қателік. Бала мәселесіне келгенде де осы ұстанымд­амын. Сәби – әр шаңыраққа берілген аманат. Жалпы, өзім баланың санын айтқанды онша ұната бермеймін. Әрбірімізге саналы, салиқа­лы  ұрпақ нәсіп етсін деген тілегім, ниетім­  бар.

– Уақыт  тауып, сұхбат бергенде­ріңіз үшін  алғысым­  шексіз!

Сұхбаттасқан

Нұрбике  ҚАЗИҚЫЗЫ

Пікірлер:

Нұргүл үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: