Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасындағы табысты дұрыс жұмсап жүрміз бе?

28.01.2021, 10:30 469

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елдегі халықтың 90-95 пайызы қаржы тапшылығын айқын сезінеді. Отыз күн бойы сарыла күткен жалақы қолға тиген кезде, көбінің дүкенге немесе супермаркетке жүгіретіні жасырын емес.

Бұған қаржы сауатсыздығы тікелей себеп болып отыр. Еліміздегі соңғы жылдары жас отбасылардың көбеюіне байланысты мұндай  кеңестер  сіз  үшін маңызды. «Ақшаны үнемдеуді ең әуе­лі неден бастау керек?» деген сауалға жауапты бірге іздейміз. Өмір сүру деңгейіңіздің төмендігіне арыздана берудің орнына тапқан табысыңызды үнемдеп, жинақтауды үйренгеніңіз абзал. Себебі, жалақыдан бөлек жиналған ақша ертеңгі күніңізге деген сенімділікті арттырады. Жалақыңыз анау айтқандай көп болма­са, қосымша табыс табу жолдарын іздестіріңіз. Қазір интернет арқылы тұрақты түрде ақша табудың бірнеше тәсілі бар. Иә, әлемде болып жатқан пандемияның әсерінен, карантин жағ­дайында онлайн жұмыстардан табыс табу қазірде кең таралған.

1. Ақшаның құнын біліңіз

Біреулер ақшаны фриланс арқылы үйде отырып табады, ал біреу айлық жалақыны күндіз-түні аяғынан тік тұрып алады. Сол себепті қолыңызда тұрған ақшаны бірдеңеге жаратпас бұрын, оны алу үшін қанша сағат жұмыс істегеніңізді есептеңіз.

2. Қарыздардан құтылыңыз

Қарызға белшесінен батқан, банктерде бірнеше несиесі бар адам қаржысын  басқара  алмайтыны  анық. Егер сіз сондай адам болсаңыз,  демек  ең әуелі қарыздардан құтылғаныңыз жөн. Ал, егер ол әзірге мүмкін болмаса, барлық табысыңыздың 5%-ын жинақтай бергеніңіз абзал.

3. Отбасылық шығындарыңыз бен кірістеріңізді есептеңіз

Жалақы алған күннен бастап оны неге жұмсағаныңызды дәптерге жазып жүріңіз. Чектерді сақтап, кез келген тіпті ұсақ шығынның өзін түртіп жүрген маңызды. Табысыңызды коммуналдық төлем, азық-түлік, ұялы байланыс секілді міндетті төлемдерге бөліп тастаңыз.

4. Азық-түлікке ақша үнемдеу

Адам ақша үнемдегісі келсе, ең әуелі тамақтан бастайды. Яғни, арзан, сапасы нашар азық-түліктерді сатып алып, денсау­лығына нұқсан келтіріп жатады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Егер сіз ас мәзіріңізге назар аударатын болсаңыз, түкке пайдасы жоқ өнімдерді тұтынатыныңызды байқайсыз. Мәселен, тәтті бәліш, фаст-фуд, торт. Бұлар тек денсаулығыңызға кері әсерін тигізіп ғана қоймай, қалтаңызды да қағады. Сол себепті пайдалы өнімдерді көбірек тұтынып, дұрыс тамақтануға тырысыңыз.

5. Дүкенге ер адамның барғаны абзал

Ғалымдар ер адамдардың әйелдерге қарағанда саудаға суыққанды болып келетінін дәлелдеді. Яғни, еркек нәзікжанды секілді жоспарсыз кез келген затты сатып алмайды. Сол себепті дүкенге екінші жартыңызды жіберіп тұрыңыз.

Дәл осындай кеңестерді ала отырып сіз отбасыңыздағы табыс­ты арттырып, жұбайыңыздың, өзіңіздің маңдай термен тапқан адал табысыңызды дұрыс игере аласыз. «Несиеге ет жесең, сүйегі ішіңді жыртар» деген сөз бар, қарыз алып, тыныш ұйықтамасыңыз анық. Қазірде банктерден оның өсіміне қарамай қарызға ақша алып төлеуге құлқы жетпей жүрген отбасылар қаншама!? Өткен жылғы есеппен Қазақстан халқы банктер мен қаржы ұйымдарына 26 трлн теңге қарыз екен. Бәрін өзіңізден, отбасыңыздан бастаңыз, айтқан кеңестерді орындап, қар­жылық сауаттылық туралы көп­те­ген кітаптар  немесе әлеуметтік желілерден дәл осы қаржы саласы туралы білетін мамандардың кеңестерін оқыңыз.

Нұрай БОЛАТБЕКҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы

ҚУ-дың 4-курс студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: