Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сәнештің жоқтауы

07.12.2020, 10:45 1092

(Аңшының әңгімесінен)

«Еееей, қожайын есін білгенде,

Жәкешім есін білгенде-оу!

Алдыма әкеп сары майды үйер еді,

Қымбат кәмпит мына тіске тиер еді.

Қазы менен қартаға мені тойғызып,

Маңдайымнан жаным-ау деп сүйер еді!»

Сәнеш тағы жоқтау айтып отыр. Жоқтап отырған адамы (күйеуі) қайтыс болып кетсе жақсы ғой, оянбас ұйқыға кеткен. Осыдан бір ай бұрын Жәкеш мотоциклын бауырына алып, бізбен аң аулауға шықты. Аң аулаймын деп жүріп, бір сайға көлігімен қоса оңбай құлады. Содан жүгіріп барып қарасақ, құлаған жерінде қорылдап ұйықтап жатыр.

«Жәкеш, ау Жәкеш!» деп жұлқылаймыз келіп. Бірақ бір оянбайды. Содан бері міне, бір ай өтті. Дәрігерден сұрасақ, «Бұл жылдап оянбауы мүмкін, миға зақым келген» – дейді. Ал әйелі Сәнеш болса, бізге қарғысты үйіп әлек. Бізде зәре жоқ, дәрісін алып бердік, екі мезгіл күйеуіне барамыз, үйінің кеміс-кетігін дұрыстап бердік. Жәкешін де, Сәнешін де баптауындай баптадық. Тіпті, Сәнештің денесі толығып, жуандана бастаған. Ол толығып семірген сайын, жоқтауы онан сайын зарлы шығады. Үйіне барымызды апардық, Тоңазытқышында құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Енді жоқтауының мәтінін өзгертті.

«Ееей, қожайын есін білгенде,

Тонналап көмір әкеліп.

Тыным таппай далада,

Жүрер еді томар көтеріп!»

Иә, ана жоқтауды естіп, сай сүйегіміз сырқырап, біз енді отын тасыдық. Ол кезде кеңес заманы ғой, тонналап сарайына көмір толтырдық. Сөйтіп жүргенде Жәкешіміз қырық бір күн дегенде есін жиды-ау, әйтеуір! Бүйтіп есін жиғаны құрысын, біз тұрмақ, әке-шешесін, әйелін танымайды. Өткенінің бәрі есінен жоғалған. Жабылып жүріп алдымен анасын, сосын әкесін таныстырдық. Әйелімен зорға деп табыстырдық. Ол кез Сәнештің бізден асарын асап, әбден домаланып алған кезі. Жәкеш есін жоғалтқан аурумен пенсияға шығып, Сәнешпен қоса ол да домаланып алды.

«Уһ, жоқтаудан құтылып, құлағым тынышталды-ау» деп үйімде рақаттанып ұйықтай бергенім сол еді, жігіттерім кіріп келді.

– Ау, не болды?

– Сені Сәнеш шақырып жатыр.

– Не дейді?!

– Үйімнің алдынан сарай тұрғызып берсін дейді.

– Ой әкеңнің… сарайымен қоса кеткір, болды, Жәкешің де құрысын, Сәнешің де құрысын, олармен қоса сендер де құрыңдар, бәріңді де желкемнің шұқыры көрсін! – деп айқай салдым.

Менің айқайымды өмірі көрмеген олар жан-жаққа бытырай қашты. Содан бері ай өтті, жыл өтті, Сәнештің жоқтауы келмеске кетті. Хал-жағдайларын сыртынан сұрап біліп отырамын. Білмеймін, әйтеуір жұрт жақсы дейді.

Ләззат ЕСМАМБЕТОВА

Карикатура авторы – Ғалым Смағұлұлы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: