Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құмалақ

02.11.2020, 12:10 1191

HALYQLINE.KZ

(мысал)

Кабинетіме бір құмалақ кіріп келді.Кәдімгі қойдың қара құмалағы.

– Амансыз ба бәсеке, – деп тіл бітті. Шошып кеттім. Құмалақ та сөйлейді екен-ау.

– Саған не керек?

– Ештеңе керек емес, тек мені кабинетіңізге столдың үстіне «сувинер» секілді қойып қойыңызшы, – деді жалынып.

– «Бір құмалақ бір қарынды майды шірітеді» деген бар, – дедім.

– Кешіріңіз, ол басқа құмалақ қой. Мен таза құмалақпын, – деп домалап алдыма келді. Майға піскен шемішкідей жалтырап тұр. Көңілін қимадым, үстелімнің бұрышынан орын бердім. Арада бірталай күндер өтті. Бір күні бір қызметкерім келіп: «Ағай, кабинетіңізден жағымсыз иіс шығады» -дейді. Бірден ойыма құмалақ түсті. Қарасам орнында жоқ. Содан іздеп таба алмадым. Түстен кейін әкімшілікке жиналысқа бардым. Жиынды жүргізіп отырған мәдениет басшысы мұрнын басты. Ол кісінің жаман иіске аллергиясы бар еді.

– Құрметті әріптестер, осымен жиналыс бітті, – деп қысқа қайырды. Директорлар бір-біріне күдікпен қарады. Иіс жақын маңнан аңқып тұр. Сүйтсем, әлгі қара құмалақ менің құйрығыма кенедей жабысып алыпты. Жүгіріп әжетханаға бардым.

– Түс! – дедім құмалаққа айғайлап.

– Неге?

– Сасымаймын дегенің қайда?

– Сіз де қызықсыз, құмалақтан жаман иіс шықпағанда хош иіс шығу керек пе? – деп менімен ұрыса кетті.

– Менің артыма қашан жабысып алдың?

– Біраз уақыт болды. Талай адамның артын боққа былғадық қой, – деді құмалақ шіреніп.

Құмалағым бұрынғыдай емес өзгеріп кетіпті. Бәсе, соңғы кездері неге сасып кеттім десем. Мынау екен менің ауа райымды бүлдіріп жүрген…

– Ее, басқан ізімді бағып, тың тыңдап жүр екенсің ғой. Сен сияқтылар талай адамды ұятқа қалдырады, – деп, құмалақты шап беріп ұстап алып, әжетхананың «унитазына» салып ағызып жібердім.

Құмалақ енді өз орнын тапты…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: