Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қатынның астында қалай жатпақсың?»

29.04.2020, 9:51 1003

HALYQLINE.KZ

– Қызылордадан Астанаға пойызбен жолға шықтым, – дейді Мамыр (Байдәулетов – ред.) аға, – сапарға шыққанда адам көңілі кеңіп сала береді ғой, маңайымдағы қазақ болса болды, самбырлап әңгіме айта жөнелем. Сөйтіп келе жатқанымда бір елуді еркін еңсеріп қалған денелі, семіз әйел маған келіп, «Аға, сөзіңіз өтімді, ер мінезді кісі секілдісіз, анау жігіт үстіне жатса деп едім, мен қайта-қайта сыртқа шығуым керек болып тұр, түнде ұйқысұрайтыным тағы бар еді…» деп жалынғандай болды.

Орнымды бере қояйын десем, мен де үстіңгі төсектемін. Сәл бөгелдім де, «Жарайды, шапанымды шешіп алмас» деп көрші купеге бас сұқтым. Ауру да емес, мас та емес, кәдімгі қазақтың жиырма беске келген зіңгіттей жігіті. Арыстай болып алдымда жатыр. Адамша амандасып ем, орысша жауап қайтарды. Не керек, ана тілінен іште жатқанда-ақ айырылып қалған тұл «жетім» екен. Өмір бойы жинап-терген елу шақты орысшамды миымның бұрыш-бұрышынан әрең іздеп тауып тіл байғұсты иліккенінше бұраңдаттым келіп. Қызылордада жүре берген соң «бағы» ашылмай оларды да әбден шаң басып қалған екен, алғашында өзім қақалып қала жаздадым. Анау көнер емес, тіпті миығынан күліп, иығынан жауап қатады. «Осы жерге жату үшін арнайы сатып алдым» дейді. Торығып кеттім. Анау әйел де қысылды. Тұла бойды шымырлатып ашу да келе жатыр лықсып. Өз жайым өзіме аян… өне бойдың қуатын өңешке қайыра тұрып соңғы сөзімді айттым: «Ей, ез неме! Еркек басыңмен қатынның астында қалай жатпақсың? Шықпаймысың жоғарыға!». Әрине, орысшалап айттым. Анау селт ете қалды. Селт еткенде жай емес, орнынан ытырыла түрегелді. Манадан сұрланып отырған сұп-суық жүзіне қазақы қан теуіп демде шырайланып шыға келді. «Рас айтасыз» дегендей ұялып тұрғаны анық байқалады. Заттарын жинастырды да, жоғарыға лақтырды. Мысықтай ырғып төсегіне шықты да «рақмет, аға» деді.

О, Алланың әмірі! Таңғалдым. «Сонда қазақтық таным, түйсік дегені оңай өлмейтін дүние болды ғой» деген ой келді. Тамырын тап бассаң, бас көтереді екен ғой. Қайран, қазақы түйсік! Танымайтын жігітті орнынан жұлып алды ғой, Ұлашжан-ау, – деп мәз болады Мамыр ағам. Кезінде осы сынды үш-төрт әңгімесін жазып, «Дайағашшы» деген кітабыма енгізіп едім, біраз жұрттан алғыс алдым.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: