Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Моншақтай әңгімелер

09.07.2020, 9:50 1251

МАНСАПҚОР

Жалпиып отыр. Құр отырған жоқ. Креслосын бағып отыр…

НҰСҚАУЛЫҚТЫ   ЖҮРЕК

Кей адамдардың жүрегінде сенім жоқ. Параграфтары көрсетілген нұсқаулық­тары ғана бар.

ЖАСЫРҒЫШТАР

Біреулер халықтан байлығын жасырады,­ біреулер әйелінен айлығын жасырады…

БАСҚАРУДЫҢ   ТҮРІ

Алыстан оқытудың шыққаны бүгін. Ал алыстан басқару бұрыннан бар: дәусемен көкелер кішкентай «бөпелерді» алыстан басқарып, тәй-тәй басқызып, қадамын ұзартады…

ОРЫНДАЛМАС   «АРМАН»

Көңіліңнің бір жайланған кездерінде әйеліңнің тізесін басып отырып, шай ішкің келеді, бірақ үнемі стол басында орындықта отырғандықтан да, бұл «арманыңның» орындалуы мүмкін емес екен.

ЖЕЗДЕМНІҢ   МӘТЕЛІ

Ас жақсысы қарта еді, негізіне тартады.­

ДАҢ-ДҰҢҒА  ТОЛЫ  ӨМІР

Еркегі – бақылдақ, әйелі – шаңқылдақ, шалы – ысылдақ, кемпірі – пысылдақ, баласы – тарпылдақ, қызы – жырпылдақ, келіні – сымпылдақ, көршісі – шыңқылдақ, туысы – мыңқылдақ, достары – тырқылдақ, абызы – аңқылдақ, ақыны – саңқылдақ… Думандатып өмір сүріп жатыр…

ИІС  АЛМАС

Түртіп түсіндірмесең, түктің мәнісін білмейді…

АУЫЗБІРЛІК

Бір бөлегі көсіп-көсіп ұрлап жүр. Бір бөлегі ұрыларды жырлап жүр…

ӨМІР  ӨЗГЕРТЕДІ

Тәртіпті, тымпиған, моп-момақан жігіт еді. Тентек, дегбірсіз, дәлду, сойқан, сотанақ, шытыркөз шал болыпты…

ҚЫЗБА  БЕЛСЕНДІ

Ұран көтерсең, әкесін ұруға бар…

ДАРА  БАҚЫТ

Жұлдыз болу – әншілердің ғана маңдайы­на  жазылған  дара  бақыт.

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР

Кішкентай қызметті үлкен құлшыныспен атқарып, төбеден көрініп, көгеріп, көктеп жүргендер бар. Үлкен қызметті қоқыр-соқырға рәсуа етіп, күн жаумай су болып жүргендер де бар.

Ерғали  АБДУЛЛА,

Арал  қаласы

(Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: