Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ХАЛЫҚ» газеті қандай тақырыптарды қаузады?

31.12.2020, 11:30 884

Иә, тақырыптың тым ауқымды екенін жақсы білеміз. Көтере алатын шоқпарды ғана белге байлау – өте маңызды шешім. Десе де, жыл бойы 51 нөмірге жазылған өзекті материалдарды бір ғана мақалаға сыйдыра алмайтынымыз анық. Сондықт­ан,  біздің  әр  нөмірден 1-2 ғана материалды алуымызға тура келді. Онда да, Қызылорда облы­сына, қаласына, әкімдеріне қатысты  мәселе  көтерілген  мақа­ла­ларға  ерекше  мән  бердік.

Республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз «Халық» газетінің 2020 жылғы №1 санына «Бір жамбастап отырып алған орынбасар ескер­ту алды» деген мақала жарияланды. Онда шиелілік шенеуніктің мәселесі Әдеп жөніндегі кеңесте майшаммен қаралғаны туралы­ жазылған. Естеріңізде болса, көп­балалы аналармен кездескен ақжағалының әрекеті әлеуметтік желілерге тез тарап, қоғамда­  үлкен  резонанс  тудырған  еді.

№2 санында «Билік еріктілерді қолдан жасай­ ма?» деп сұрау салдық. Оның да себебі бар. Мақалада «Аты ерікті бола тұра көмек көрсету мен қайырымдылық жасау арқылы ақша табу дұрыс емес секілді» делінсе, енді бір сөйлем «Екінші жағынан қарағанда, еріктілер де еріккеннен немесе жұмысы жоқ болғандықтан жүрмейді. Олардың да өз мақсаты, жоспары, іздеушісі, асыраушысы бар» деп басталад­ы. Десе де, елдегі  пандемия  жағдайы билікке  еріктілерді  қолдан  жасауға  мүмкін­дік бермеген  секілді.

Газетіміздің №3 санында «Жолаушы мен жолақы» деген материал жарияланды. Әрине, қоғамдық көлікке қатысты мәселені жыл бойын­а назардан тыс қалдырмадық. Оған дәлел №8, 34, 37, 47 сандарында «Қоғамдық көлік неге кешігеді?», «Жолақы мұңы һәм жолақы жыры», «Қоғамдық көліктерге неге көп сын айтылады?», «Қоғамдық көліктердің саны неге азайды?» т.с.с. сыни мақалалар газет­ бетіне басылды. «Аңдамай сөйлеудің ақыры» атты материал №4 санның жүгін арқалад­ы деуге болатын шығар. Сол уақыттағы Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Ғалым Әміреевтің «журналистер мәселе көтермейді» деген сөзі қызылордалық БАҚ өкілдерінің ашуын тудырған еді. Аңда­май­ сөйлеген шенеунік кейіннен журналистерге берген уәдесін біржола ұмытып кетті.

«Бүгінгі әкімнің бұрынғы «әлегі». Бұл да – «Халық» газетіне шыққан мақала. Тақырыбы қызықтырса, архивті ақтаруыңызға әбден болады.­ Газеттің №6 және 7 саны «Хан ісі қарашаға қарасумен сыналады», «Қолда барды­ ұқсату – аманат арқалаған әкімнің ісі» атты  материалдармен  толықты. Мұнда  облыс­ және қала әкімдерінің жұмысы бастан-аяқ жазылды. Уақытында «Билік блогерлерді жақсы­ көре ме?» деп сұрау да салдық. Сауалнама қорытындысы біз ойлағаннан да қызықты­  болып  шықты.

Газеттің №9 санына «Асау өзен арнасынан қауіп бар ма?» десек, №29 санында «Сырдария­ның табаны көрініп жатыр» деген тақырыптағы мақаланы жариялауға мәжбүр болдық. Жыл сайын­ көктемде дүйім жұртты дүрліктіріп, арнасынан асатын Сыр өзені биыл тобықтан келіп, табаны шаңлаққа айналғаны бізді бейжай қалдырмады. «Ха­лық» – халықтың газеті» деген баға алған басылымның №10 саны «Қазалының құзыреттілері қашанғы қатынайды?» деген сыни мақаламен толықса, «Мақашевтың жанында кімдер жүр?» деген зерттеу мақала оқырмандар тарапынан жоғары бағаланғаны анық. «Қызылордада карантин режимі  қалай  сақталуда?». Бұл да – газеттің алғашқы бетіне шыққан, өзекті тақырыпты қаузаған кезекті материалымыз. 13-ші нөмірмен шыққан газетте «Әкімдерге тықыр таянды», одан кейінгі нөмірде «Мінсіз орын­басарлары бар әкім» атты мақаламыз жарық көрді. Тықыр таяну­ жайындағы әңгіменің Жалағаш ауданындағы 7 миллион теңгеге қатысы барын айта кетейік. «Жауда­й тірліктің уақытында мемлекет басшысы аймақ тізгі­нін Гүлшара Әбдіқалықоваға тапсырды. Бұрынғы әкім туралы хабардың шет-жағасы елге аян. Сондықтан ол жөнінде сөз қозға­мадық. Құзырлы орган ақ-қарасын анықтап, шешім шығара жата­р. Бүгінгі тақырып төңірегі мүлде басқа…» деп басталатын екінші мақалада тілші түйіні тақыр­ыпқа жол бастайды. Мақала қызылордалық оқырмандар үшін «бұрынғы әкім» дегенінен-ақ түсінікті болар. Ал, «Әбді­қа­лықова «ескі гвардияға» сене­ді» атты материалдың маңызын саясат­қа қызығатындар жақсы біледі және олар бұл мақаланы оқымай  өтпес еді.

Қызылорда: 9-әкім, 10-орын, 11-аймақ. Бұл – 20-шы нөмірге жарияланған мақаланың тақырыбы. «Кәсібі мен нәсібін ауыл шаруашылығы мен индустрия-инновация саласынан айырып отырған Сыр өңірінің абыройына соңғы кезде қылау түскені кімді де болса қынжылтқаны рас» деп бастайды тілші өз мақаласын. Иә, ол уақытта қандай қылаудың түскені көзіқарақты оқырманға түсінікті шығар. Тақыр­ыптың тартымдылығы оқырманды еріксіз баурап аларлықтай.

«Қала мамандарына облыста орын бар ма?» деген мақаладан соң «Салмақты саланы кімге сеніп тапсырады?» деген мате­риал жазылды. Қос материал біраз жайттан хабар береді. Ол сол уақыттағы ең маңызды тақырыптың бірі болатын. Облыстық Әдеп жөніндегі кеңесте талай шенеуніктің тәртібі таразыға тартыл­ып, көбі жіберген қате­лігіне сай жазасын алған-ды. «Шектен шыққан шенеуніктер» атты мақаламызда бірқатар ақ­жағалының ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс алғаны баяндалады. Мате­ри­ал қызықтырса, «Халық» газе­тін­ің тігіндісін немесе Halyq­line.kz  сайтын бір шолып шығуы­ңызға әбден болады.

Газеттің №24 санында «Еламановтың жолымен жүргісі келе­ді» деп жаздық. «Еламанов деген кім, оның жолымен кімнің жүр­гісі келеді?» дейтін болсаңыз, сіз­ге мақаланы мұқият оқу керек. Ал, бәрін бес саусағыңыздай біліп отырсаңыз, тақырыптың шебер қойылғанын мойындар едіңіз. Біз көтерген кезекті тақырыптың маңызы өте жоғары әрі оқырманға өте қызық болды деп ойлаймыз. «Аудан әкімдері қайда тұрып жатыр?» деп аталатын мақалан­ы біраз адамның оқы­ғаны анық. Өйткені, ел ішінде «анау қайда тұрады, мынау қайда тұрады?» деген сұрақтардың әртүрлі нұсқалы жауаптары қоса еріп жүреді. Біздікі – ресми жауап­. Қажеттілік туа ма деген оймен материалдың сілтемесін осында қалдырып отырмыз. (http://halyqline.kz/sayasat/awdan-aekimderi-qajda-turyp-zhatyr/)

«Қызылорда коронавируспен қалай күреседі?» деген тақырыптағы мақала газеттің алғашқы беттер­іне басылды. Бұл уақыт – індеттің індеп тұрған шағы. Сондықтан, жергілікті биліктің ат­қарғ­ан жұмыстары, атқарылар істері облыс әкімінің брифин­гінде  айтылды.

«Бұл ән – бұрынғы әннен өз­герек» дегендей, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газетінің 20 жылдығы қарсаңындағы «Халық – Құдайдың бір аты» атты мақа­лада газеттің осы жылдардағы белестері, қызметкерлері, көтерген тақыры­птары сараланады. «Ақиқаты сол, баспасөз қашандағыдай өз қызметіне адал. Оның міндеті – елдің мүддесін, халықтың мұң-мұқтажын, бағыт-бағдарын жұртшылыққа жеткізу, бір сөзбен айтқанда, билік пен бұқараның арасына алтын көпір болу. Бұл бағытта тәуелсіз саналатын БАҚ-тың да қоғамға берер пайдасы барын жасырып-жабудың еш реті жоқ» делінген мақалада. (http://halyqline.kz/halyk-bet/halyq-qudajdyng-bir-aty/)

«Көптің тілегі және көлденең ниет» деген мақала облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың назарына жазылды. «Тағдыры тағы да талқыға түсе бастаған Солтүстік Арал теңізі жайында облыс басшылығына төмендегі жолдау-хатты жаздым» дейді автор. Одан соң жолдау-хатта бәрін бүге-шігесіне дейін баяндайды, ой салады.

Газеттің №31 санында «Ха­лық­тың» сауалнамасы жария­ланды. Тақырып – «Дәрі-дәр­мектің тапшылығына кім кінә­лі?». Мұнда тілші пандемия уақытында облыс көлеміндегі медициналық заттардың аз болуы­ және қымбат бағада са­тылуы турасында ой тол­ғайды. Ал, «Білім саласындағы бірінші мәселе қайсы?» атты материалда жаңа оқу жылына дайындық шара­лары тақырыбы қозғалады. «Бір білгеніміз білім саласында бірінші не екінші деген мәселе болмайды екен. Тіпті, ірі не ұсақ деген пікір де жүрмейді. Өйткені, бұл – білім саласы. Ол – болашағымыз. Мұндағы қай мәселе де болмасын маңызға ие. Барлығы да өзекті. Бәрі де өз шешімін табуы­ тиіс» деп аяқтайды тілші мақаланың түйінін. Оған алып-қосарымыз  жоқ.

Газет тігіндісін ақтарып отырғанда мақалалар легі сол кезеңде маңызға ие, қоғам тарапынан резон­анс тудырып жатқан тақырыптарға арналып отырғанын байқаймыз. 33-ші нөмірдегі «Кредиттің кешірілгені дұрыс па?» деген сауалнаманың да маңыз­ы бар. «Уәж орынды ма, айып негізсіз бе?» деген мақала «Елге елеулі еңбек ететін де, жұмыстың жүйелі түрде атқа­рылуына жауап беретін де – мемлекеттік қызметкерлер. Ал олардың заңға бағына отырып, қызмет жасауы – ең басты міндет. Осы орайда мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін қадағалап отыратын ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызыл­орда облысы бойынша департаменті Әдеп кеңесінің отырысы өтті. Оған 7 мәселе арқау болды» деп басталады. Мақалада фактісі жоқ «қаржы жымқыру» да сөз болады­.

Жалпы, тағайындаудың түр-түрі бар. Мұны бәрі білетін болар. Десе де, газеттің №36 санында «Тағайындаудың неше түрі бар?» деген тақырыптағы мақала жарияланды. Мұнда біршама ауыс-түйістер сөз болады. «Желге­ ұшқан миллиондар немесе­ қыстыгүні төселген асфальт», «Электр энергиясының бағасы неге өсті?» деген мақалаларда да біршама мәселе көтеріл­ген. Газеттің №40 санында «Қылмыс деңгейі төмендемей тұр» атты мақала былай басталады: «Құқықбұзушылықтың азаюына карантин режимі де тосқауыл бола алмады. Әсіресе мал ұрлы­ғы, қоғамдық тәртіп бұзушылық, жол-көлік оқиғасы, есірткі егу және т.б. белең алды. Той-жиын­ға да тосқауыл болмай тұр. Тазалық мәселесіне атүсті қарайтындар көбейді». Иә, мұнымен келісуге әбден болады. Десе де, карантиннің кейбір қылмыстардың азаюына себеп болғанын да айта кетейік.

«Аққу, шортан һәм шаян неме­се диқандар дауы», «Облыс әкімі кітап оқи ма?» және «Жол азабын кім тыңдайды?» деген материалдар – бір-бір газеттің жүгін арқалауға лайық мақалалар. Біздің пікіріміз – осы.

Газет тілшісі кезекті нөмірге «Мемқызметшілер неге жиі тәр­тіп бұзады?» деген сауалға жауап іздеп көрді. «Жыл басынан бері мемлекеттік қызметшілердің 445-і тәртіптік жауапқа тартыл­ған. Олардың 291-іне ескерту, 128-іне сөгіс, 26-сына қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. «Заң – бәріне ортақ» деген­ қағиданы қаперінен шы­ғарып алғандардың қатарында басшылық лауазымдағы тұлғалар да бар» деп жазады ол. Сол секілді «Қызылордада аса ауыр қылмыс неге көбейді?» деген тақыры­пта жарық көрген мақалада нақты дерек пен дәйектер келтірілген.

«Халық» газеті жыл бойына «Назардағы нысан» айдарымен бірнеше мақала жариялады. Соның бірі – «Жолы болмаған тым қымбат жоба». Мұнда «Қорқыт ата» әуежайы сөз болады. «Қазалыдағы «Құдайдан қорықпайтындар». Осы тақырып төңі­регіндегі мақала да газетке басылды. «Қызылордалықтар неге жарықсыз қалды?» деп те толғанып  көрдік. Жалпы, алғашқы абзацта жазғанымыздай, бұл бір жыл көлемінде «Халық» газеті көтерген тақырыптардың бір парасы ғана. Біз мысал еткен тақырыптардың барлығы газет тілші­лерінің ғана еңбегі емес. Кейбір мақалаларды сол саланы бес сау­сағындай білетін адамдар жазды. Қырда жүрген дуадақ су қадірін білмейді ғой, сондықтан мәселе­нің мән-жайына үңілерде «Ха­лық» газетінің тұрақты оқырмандарына да арнайы орын бердік. Бұл үрдіс келесі жылы да жалғасын табатын болады.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: