Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Галочка» қоямыз!

02.02.2020, 15:55 535

(Сатира)

Сонымен… Шаһардың «менмін» деп тұрған беделді басшысы есеп берді, өткен жылы не істеп, не қойғанымен бірге, әкімді көре сала «қалтырап» кететін сандық көрсеткіштер есептелді.

Бірінші…

  • Басшысы бар барлық сала бойынша қағаз жүзінде жұмыс істелді ме?
  • Істелді! «Галочка» қоямыз!
  • Енді есептейміз…
  • Бізді әрлі-берлі тасып жүрген автобустың барып-қайтқан 100 шақырымына 2 миллионға бензин алынды. Картоптың 150 килограмын 70 теңгеден импорттап, 160 теңгеден сатылымға шығарып, 24 000 теңге пайда таптық. Қарап отырсаңыз, бір ғана автобус пен картошкадан 2 миллион 24 мың теңге кіріс кірді. Халықтың қалтасын жыртып, тесіп алған бұл қаржының бір бөлігіне жыл бойына «сандалып» жүрген «командировкалардың» шығынын жаптық. Осының есебінен қаладағы саябақтарда ұрланған, сынған орындықтардың орнын толтырып, дарияның бойынан тынығу орнын салдық. Ол жерде сынған екі трактор мен жоғалған жеті күректі де өзіміз төледік. Оның жалпы сметалық құны 500 мың теңгені құрады. Есесіне бөлімдердің күнделікті жоспарды орындай алмауы салдарынан бюджетке 120 миллион теңге шығын келтірдік. Қорытындысында қоғам белсенділерін санамағанда, мұғалімдер мен дәрігерлердің қатысуымен өткен сенбілік қымбатқа түскен жоқ, – деп баяндама жасады ішкі идеология жұмыстарына жауапты басшы.

Екінші…

«Денсаулық – зор байлық» акциясының аясында асханадан пайдалы тағамдарды жеу мен табиғат аясына серуендеу, тауға шығып тас жару, бауға барып қамыс ору жұмыстары да жылдық есептің тамшысын да құрамады. Оны жабуға жеңіл және тоқыма өнеркәсібіне бөлген қаржы «көмектесті», – деген беделді дәрігердің сөзін тергеп-тексере қоймады.

  • Тексерілді ме?
  • Тексерілді!
  • «Галочка» қоямыз!

Үшінші…

Үйден-үйге «секіріп», көшіп-қонып жүрген баспанасыз халыққа тұрғын үй пайдалануға берілді ме? Берілді! «Галочка» қоямыз!

Залдағы түкпірдің бір бұрышында жиналып отырған жұрттың арасында баспанаға қолы жеткен тұрғындардың жылу мен газға, су мен жарыққа қолы жетпей жүр деген сыбыс тарады. Оны әкімнің құлағына жеткізбей жарты жолдан көмекшісі «қағып» алды, «мен – оның жарты құлағымын» деген қағаз тағып алды. Сөйтіп тұрғанда арғы жақта біреу талып қалды, көмекшінің құлағында сарсып тұрған әңгіменің мәтінін әкімнің көзі шалып қалды.

  • Неге жетпейді?! Бәрі қолжетімді жерде орналасқан, – деді ол.
  • Мәселе онда емес, мәселе коммуналдық қызмет құнының қымбаттағанында!
  • А-а-а-а! Қымбаттады ма?
  • Қымбаттады!
  • «Галочка» қоямыз!

Үш сағатқа созылған есепті кездесуден кейін әкімнің өзі сөйлеуге кірісті.

  • Қала ішіндегі тұрғындарды үйінен – жұмысқа – базарға – жұмысқа – дүкенге – үйіне таситын қоғамдық көліктердің жолақысын көтеру туралы уәде бердік пе, бердік! Олардың жанар-жағармайы мен газына төленетін қаражат кредит төлеуге жетті ме?
  • Жетті!
  • Автокөлік газының бағасы 56 теңгеден 62 теңгеге жоғарылады ма?
  • Жоғарылады!
  • «Галочка» қоямыз!

Әкім бұдан кейін де берген уәдемізде тұрамыз деді, жаңа басталған жылға жаңа жоспар құрамыз деді. Айтқанға көнбей, айдағанға жүрмегендерді «ұрамыз» деді, теріс пікір айтушы тұрғындарды оң көзқарасқа бұрамыз деді. Аузын жаба алмай жүргендердің көмейін топырақпен жабамыз деді, сақалына сүрініп жүргендердің сақалын шабамыз деді.

Залда отырған қарапайым халықтың жүрегі дүрсілдеп кетті, мынадай есебің құрсын деп кетті.

  • Сонымен… Қалыс қалғандар жоқ па?
  • Жоқ!
  • Онда «Галочка» қоямыз!

Сонымен, биылғы жыл сенбі күні – тазалық дедік, таза ауа – денсаулық дедік, әйтеуір тыным болмады, көшеде бейберекет жатқан шылым болмады. Мұң айтатын халық болмады, әбіржіген тұрғынның жүзін көретін жарық болмады. Жаңадан кәсіп бастағандар танысты болды. Елілеп өлшейтін ішек қарысқа жетті, бәрінен де бюджеттің «желінін» сауып, бүйірін кеміргендер табысты болды. Әне бір адам жабырқап сөйлейін деп еді, уақыт құрғыр таяп қалды, есепті кездесу осылай аяқталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: