«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 418.67 (-1.65)

  • EUR: 507.64 (-1.7)

  • RUB: 5.71 (0.01)

Айтуға оңай емес, қиын…

21.05.2020, 11:00 369 0

Мектепте оқитын  шағымда  майл.ру агент  арқылы танымал­  тележурналист  Бейсен  Құранбек  ағаға  хабарлама жазған едім. Өзінен мың шақырымнан астам алыс ауылда­  тұратын  мені  жатырқамай, жанына  жақын көргеніне  таңғалғаным  бар. Енді көзім жетіп отыр. Ол барлы­ғына бірдей болған екен. Сол уақытта «Рыскелді батыр, Талдықорғ­анға келсең, хабар бер» деп нөмірін жолдағанда, қызық  көріп, даусын  есту  үшін  бірнеше  мәрте хабарласқанмын. Телефонды қолыма алып, алғашқы қоңырау  барғанш­а  жүрегім  соғысын  он есе үдете түскендей күй кешкенмін. Алдын ала не айтарымды үсті-үстіне қайтала­ғаным да есімде тұр. «Айтуға оңайдың» айтулы жүргізушісімен телефон арқылы тілдескенімді сыныптастарыма сан мәрте мақтаныш ретінде айтатынмын. Сонда деймін ғой, қаланың қыж-қыж қайнаған қауырт тірлігін біле тұра, журнали­стикадағы  ақпараттың  жарықтың  жылдамды­ғындай  уақытта  «ескіріп» кететінін сезе тұра маған және мен сияқты еліміздің түкпір-түкпіріндегі жүздеген жанға осылай  алтындай  қымбат  уақытын, кіршіксіз көңілін, ыстық ықыласын  бөледі екен. Неткен  кеңдік  еді  десейші?!

«Естіген бетте аңырып қалдым. Бөлмемде отырып аңырап жыладым. Дауыс сап кіріп, дамылдап жатқан  ағамды көрдім. Көріп, көңіл суыттым. Одан абыр-сабыр тірлікке араласып кеттік. Келгендермен көрісіп, ас-су қамдап… Астанадан Ерлан (Жүніс) хабарласты. Ақын ғой, екі көзінен Есілдің суын ағызып тұр. Жұбатарлық сөз айта алмадым, қосылып жылауға көзден жас та шықпады. Бірінші күні ыстық болды, екінші күннің таңы түнеріп атқан. Күн көзі көрінбеді, уақытты сағаттан ғана білдік. Жиылған­ жұрттың қарасы қалың. Жаназа намазға тұрғандардың соңғы қатары имамның даусын әзер естіді. Қара көлікке салып, Қараталды кесіп өткенде жаңбыр себеледі. Зиратқа жеткенде сап тыйылды. Ардақ имам мұңлы мақам­мен құран оқыды. Екі же­рінде даусы дірілдеп, булығып қалды. Шыдай алмадым, қасымдағы азамат тіземнен қағып сабыр­ға шақырды» деп жазды жазушы, журналист Есболат Айдабосын желідег­і  парақшасында.

Иә, бұл – ұлты жоқтаған ұл Бейсен Құранбек еді. 49 жасқа қараған шағында дүние дидарымен қош айтыс­ып кете барды. Ол «Qazaq­stan» ұлттық арнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» сынды бағдарламаларды жүргізіп, қалың көпші­ліктің сүйіктісіне айналған болатын. Оның өзіндік жазылмаған заңдары­, қағидалары  бар  еді. Туған­-туыс, әріптестері мен ұжымы арасында  өте  сыйлы  болатын.

– Қазақ журналистикасына бота тірсек бозбала боп келіп, бар қазақтың Бейсеніне айналып кетіп барады… Бүгін оны бүкіл Ұлт жоқтап жатыр! Халық ақ пейілімен беріле сүйген ұлын ғана дәл осылай жоқтайтын  шығар… Теңдессіз талант, шын шебер, адал азамат! Іні Бейсен, ірі Бейсен, бақұл бол!, – деп жазды пуб­ли­цист, жур­налист  Бауыржан  Омаров.­

Иә, ер Бейсеннің бейнесін тек шығармашылық адамдарының жазбасынан ғана көрмедік. Мұның өзі Құранбектің құлынының қандай дәрежедегі адам екенін айғақтай түссе керек. Мемлекет басшысы­ Қасым-Жомарт Кемелұлы да журналистің  жақындарына  қайғырып, көңіл  айтты.

«Белгілі журналист, танымал тележүргіз­уші Бейсен Құранбектің дүниеден өтуіне байланысты ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Бейсен Құранбек қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалып­тастырған азамат еді. «Qazaq­stan» ұлттық телеарнасындағы «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламаларын жүргізіп, елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды. Ол Алматы облыстық «Жетісу» арнасын­ың директоры ретінде білікті басшы, ұтқыр ұйымдас­тырушы екенін де көрсете білді. Марқұмның  топырағы  торқа, жат­қан жері жайлы, иманы саламат болсын!», – делінген жеделхатта.

Журналист Бейсен Құранбек 1971 жылдың 9 желтоқсанында Алматы­ облысы Кербұлақ ауданы Қызылжар ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. Ал қалған ғұмырын қазақ телевиде­ниесімен  байланыстырып,  «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент  телерадиокешенінде­ қызмет  атқарған.

2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары  «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға­ оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді.

2014 жылдың қазан айында Алмат­ы облыстық «Жетісу» теле­арнасының бас директоры болып қайта тағайындалды. Өмірінің соңғы күніне дейін осы қызметті атқарып  кетті.

– «Қызмет, мансап, атақ қусам, Алматы мен Астанада қалар едім. Талай-талай кісілер қасына шақырды. Осы кезде біраз жерге де жетіп қалар едім. Бірақ маған шешемді бағу керек. Апама қарау қажет. Ертең өледі де қалады. Сосын артынан өтірік жылғаннан не табасың? Одан да тірісінде қадірле, қасиетін таны. Қас-қабағын бақ, көңіліне қаяу түсірме. Адамдық, перзенттік парызың да сол болмақ. Солай, Ержантай, сенің де Алматыда жүре бермей, Қызылордаға қайтқаныңды Талдықорғанда жатып құптадым» деп еді сонда, –  деп 5 жыл бұрынғы ескір­мес естелігін, ағалық ақылын есіне алды әріптесі Ержан Байтілес.

Жалпы, әлеуметтік желілер мен ақпараттық сайттарда Бейсен Құранбек жайлы жазбалар, өлеңдер мен естеліктер өте көп. Әлі де талайы жазылар. Әттең, ағамыз оның ешқайсысын оқи алмайды. Бірақ, ол өзі жайлы осындай жақсы естеліктер жазылатынын білді. Өйткені соған лайық өмір сүрді. Бақұл бол, Бейсен аға! Жарқын бейнең көз алдымы­зда…

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: