«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 432.23 (+1.72)

  • EUR: 506.79 (+1.07)

  • RUB: 5.45 (-0.06)

Әйелді ұрма…

23.01.2020, 8:03 266 0

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жылына 20 мыңға жуық әйел тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болады екен. Оған әр отбасындағы себеп те жеткілікті, салдар да көп. Дәл қазіргі күні қазанға салса, пісейін деп тұрған мәселе – ішімдік салдарынан құрдымға кетіп жатқан отбасылар. Бір адамның азғындық әрекеті салдарынан ең бірінші оның әйелі, балалары, кейде қоғам да зардап шегіп жатады. Отбасында шыбық тәрізді өсіп келе жатқан бала үшін әке мен ананың арасындағы жөнсіз қарым-қатынас, дөрекілік, сыйластықтың аздығы оның болашағына тікелей де, жанама түрде де әсер етеді.

«Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» демекші, шаңырақтың тізгінін ұстайтын ер бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қараған. Алайда осы тақылеттес жағдайлардың орын алуынан бүгінде ер балалар көбіне анасының тәрбиесінде қалып, жігерліліктен ада қалып жатқаны шындық. Оның болашағына қажет деп табылатын ерге тән ойлау жүйесі, жігіттік болмыс-бітімі, мінез-құлқы қалыптасуында әлсіздік отбасындағы шиеленіскен тағдырдың ықпалы болмай қоймайды. Айнаға қарап, шашын тарап өсіп келе жатқан қыз баланың да болашағына сенімсіздігі осындай көріністерден басталуы мүмкін. Анасының маскүнем атанған әкесінен көрген қорлығын өзінің өмірінде қайталану ықпалдығын ойлап тұрады. Күнделікті көріп отырған жайттарды тіпті ұл да, қыз да отбасында болуы тиіс қалыпты жағдай деп қабылдауы да ғажап емес. Сондықтан да қазақ халқы «Әйелді ұрма, сағы сынады, баланы ұрма, бағы сынады» деп анығы мен ашығын айтқан.

Ал, жыл басынан бері жұдырығын ала жүгіргіш еркектерге қатысты жаңалық қоғамды бір айналып өтті. Жағымсызы ма, жағымдысы ма, оны әркім өз керегіне жаратар, дегенмен наразылық тудырған тұсы – әйелін ұрғандарға айыппұлдың салынбайтындығы. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті мамандары мәлімдеді.

 — Әйелін ұрғандарға салынатын айыппұл көбіне отбасылық бюджеттен алынатындықтан кейде таяқ жеген әйел күйеуіне салынған айыппұлды өзі төлеген кездері де болды. Сондықтан айыппұл пайдасыз жаза түрі ретінде Заңнан алынып тасталды, — деді комитет қызметкері Ақмарал Серікбаева.

Есесіне, жазбаша ескерту беріледі. Сондай-ақ, зорлықтың деңгейіне қарай 24 сағатқа дейін қамауда ұстай алады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастағы зорлықтың бәрі бұған қатысты. Егер сот ескерту жеткіліксіз деп тапса, 15 тәулікке дейін қамайды. Сонымен бірге жәбірленушіге жақындауға, қару-жарақ ұстауға, тіпті, алкоголь тұтынуға тыйым салуы мүмкін. Бұл ретте әйелмен байланыстағы, бірақ заңды некеде тіркелмеген, ортақ отбасылық бюджеті жоқ азаматтар жазадан жалтарып кетпейді ме деген сұрақтар туындауда. Олай емес екен.

 — Отбасылық-некелік қатынасқа байланысы бар тұлғалар тұрмыстық зорлық туралы Заңда айқын көрсетілген. Оған тек әйелі мен күйеуі емес, азаматтық некедегі жұбайы да, ердің бұрынғы зайыбы да, бірге тұратын азаматтар, туысқандар да кіреді, — деп жауап берді аталмыш министрліктің басқарма басшысы Алексей Малюк.

Сала мамандарының айтуынша, Заңда екі жақтың татуласуына байланысты тұсы қатаңдатылған. Тұрмыстық қатынастағы барлық іс бірден сотқа жолданады. Істі тек сот тоқтата алады. Ал бұрын әкімшілік істер кез келген кезеңде жаба салатын. Тіпті бөлімшелік инспекторлар да істі жауып тастай беретін. Сондай-ақ, енді екі жақ татуласу үшін алған жарақаттың зардабы жойылып, медиация процесі өту керек. Оған дейін татуласу қарастырылмайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: