«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (1.47)

  • EUR: 505.25 (2.47)

  • RUB: 5.59 (0)

Төтенше жағдай режимінен зардап шеккен кәсіпкерлер 8 пайызбен несие ала алады

08.06.2020, 17:15 372 0

HALYQLINE.KZ

Қымбатты оқырмандар, бүгін «Карантин жағдайында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілуде, соның ішінде қандай жеңілдетілген несие берілуде?» деген тақырыпта сөз қозғамақпыз. Сауалдарымызға Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Мұрат Балабаев жауап берді.

         – Мұрат Сұлтанғазыұлы, кәсіпкерлерге арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасының алғы шарттары қандай?

         – Төтенше жағдай, одан кейін карантин режимінде мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Осы шаралардың аясында шағын және орта кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие беру бойынша бағдарлама іске қосылды. Аталмыш бағдарламаға шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері, сондай-ақ дара кәсіпкерлер қатыса алады. Бағдарламаның негізгі шарты жылына 8 пайызбен бір жылға несие алуға болады. Оған шектеусіз, кез келген кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субъектілер қатыса алады. Салалық шектеу жоқ. Бұл несие айналым қаражатын толықтыруға беріледі. Оның ішінде шикізат, тауарлар мен қызметтерді сатып алуға, келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға, ағымдағы шығындарды: салық, жалақы бойынша берешектерді өтеуге жұмсауға болады. Жалпы, бұл бағдарламаға республика бойынша 12 екінші деңгейлі банк қатысуда. Оның сегізінің біздің облыста филиалы бар. Олар: «Halyk Bank», «Сбербанк», «АТФБанк», «CenterCredit Банкі», «Forte Bank», «Eurasian Bank», «Jysan Bank» және «ВТБ Банк».

– Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады?

– Бұл бағдарламаға төтенше жағдайды енгізу салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері және дара кәсіпкерлер қатыса алады. Қаржылық жағдайының төмендеуінің негізгі критерийі: өткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтердің көлемінің төмендеуі, сатып алушылар тарапынан төлемдердің кешіктірілуі, қызметкерлердің штаттық санының қысқаруы – жеңілдетілген несие алуға себеп болады. Төтенше жағдай енгізілген кезең мен тоқтатылғаннан кейінгі екі ай ішінде жоғарыда аталған критерийлердің бірі болса, кәсіпкерлердің жеңілдетілген несие алуға мүмкіндігі бар. Жалпы қаржылық жағдайдың төмендегенін дәлелдейтін бірнеше құжаттар бар. Соның біреуі болса жеткілікті. Кәсіпкерлік субъектісінің қызметін тоқтату бойынша растайтын құжатқа басқару есептілігі, дебиторлық қарыздар бойынша үзінді, қызметкерлерді жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберу туралы өтініштері, сондай-ақ облыстағы бас санитарлық дәрігердің қаулылары да негіз бола алады.

– Кәсіпкерлер аталмыш бағдарлама аясында қанша қаржы ала алады? Арнайы лимит бар ма?

– Лимит бар. Дара кәсіпкерлерге бекітілген лимит – 50 млн теңге. Заңды тұлғалар 3 млрд теңгеге дейін несие ала алады. Жалпы банктер тарапынан жеңілдетілген «каникул» кезеңі үш айға дейін берілуде. Сонымен бірге бұл бағдарламада кепіл мүлік талап етіледі. Дегенмен, кепіл мүлік жеткіліксіз болса, «Даму» Қоры арқылы несиенің 50 пайызына дейін кепілдендіру тетігі қарастырылған.

– Аталмыш бағдарламаға қатысу үшін кәсіпкерлер қандай құжаттар тапсыру керек?

– Банктер талап ететін құжаттардың негізгі тізбегі: несие алушының жеке жасын куәландыратын құжат, құрылтай құжаттары, мемлекеттік тіркеу туралы куәлік немесе тіркеу есебіне алғандығын растайтын өзге құжат, қол қоюдың үлгілері және мөр бедерінің үлгісі (мөр болған жағдайда), соңғы есепті жылдың қаржылық есептемесі, салықтар бойынша берешектік болуы немесе болмауы жөнінде растайтын құжат, басқа банктерде несие болуы/болмауы туралы мәліметтер, кепіл мүлкі бойынша құжаттардың топтамасы және қаржылық жағдайының төмендегенін растайтын құжат. Сонымен қатар, банктердің ішкі несие саясатына қатысты өзге де құжат талап етуі мүмкін.

Сұхбатыңызға рақмет!

Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: