Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төскейді төлге толтырған…

28.05.2020, 10:41 1158

Атакәсіп  –  ұрпаққа  нәсіп

HALYQLINE.KZ  «Бек-Нұр» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрсұлтан Әлімбекұлы – әке жолын жалғастырған азамат. Олай деуіміздің себебі де бар. Осы шаруашылықтың іргесін қалаған Әлімбек ағамыз нақты кезеңде кәсіпті жалғастыруды ұлдарына сеніп тапсырып, өзі ақыл-кеңесін айтып, нақты қолдау жасап отырады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» қағидасын ұстанған іргелі шаңырақтың тұрмыс-тіршілігі де бөтен емес.

Аталмыш шаруа қожалығы «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі» ЖШС арқылы кәсібін жандандыруға 4,5 миллион теңге несие алған болатын. Небары 4 пайыз үстемемен берілген несие шаруашылықтың жұмысының алға жылжуына септігін тигізді. Қолдағы қаржыны ұқыпты пайдаланған «Бек-Нұр» шаруа қожалығы Ақтөбе облысының Ырғыз ауданынан 13 бас асыл тұқымды қошқар, жергілікті жерден 150 бас қой сатып алды. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп тегін айтылды деймісіз?! Төлдері есебімен көбейген қой саны көңіл қуантады. Десе де, қандай кәсіптің де өрге басуының астарында селдей төгілген тер, тынымсыз еңбек, ең бастысы, жұдырықша жұмылған ынтымақ жатқаны әмбеге аян.

Маң-маң басқан маң басқан, шудаларын шаң басқан…

Осы орайда еңбекқор әулеттің тірегі Әлімбек пен ұйытқысы Алтынкүл апайдың шаруа қожалығының төрт аяғынан тең тұруға сіңірген еңбегі зор екендігіне тоқтала кетсек. Өз басым Әлекеңмен тілдескен азғантай уақытта көп сырға қанықтым. Ағамыздың өзінің ататегі, ата-анасы туралы бүкпесіз ақтарған әңгімесі ұлтымыздың басынан небір сын кезеңдер өткенін, тар жол, тайғақ кешу таланына жазылған аға ұрпақтың рухының биіктігін тағы да дәлелдей түсті.

Әлімбектің әкесі Зейнеп 1909 жылы дүниеге келген екен. Бөгендегі ғасырдан астам тарихы бар білім ордасының алғашқы түлектерінің бірі. Әкесі Серікбай дүниеден өткен соң ойын жасындағы Зейнеп ата-анасыз қалған балалардың үйінде біршама жыл тәрбиеленеді. Жетімдер үйінде жеті кластық білім алып, Арал ауданының бір колхозында мұғалім болып жұмыс істейді. Сол жерде өзінен тәлім алған шәкірті Қатишамен бас қосады. Шаңырақ көтеріп, ес жинаған Зейнеп кейін туған ауылына оралып, дүкенші қызметін атқарады. Бірақ… тағдырдың бұған тартар сынағы әлі де таусылмағанға ұқсайды. Бір тексерісте дүкеннен 10 келі бидай кем болып шығып, жауапқа тартылады. Қазіргі өлшеммен салыстырғанда сорақылық саналуы мүмкін. Алайда сол тұстағы сот шешімі өзгеше өрбиді. «Мемлекеттің мүлкін талан-таражға салған» деген ауыр айып тағылып, Зейнеп 10 келі бидайдың өтеміне тұп-тура 10 жылға (бидайдың әр келісі үшін 1 жыл түрме) сотталады. Аяққа бұғау, қолдарына кісен салынған бір топ сотталғандары атқа мінген қызыл әскерлер Ақтөбе қаласына жаяу айдапты. Ұзақ жолда айдауылдардың көрсеткен зәбір-жапасы шектен шыққанға ұқсайды. Шаршап-шалдыққан, титықтап құлаған тұтқын пақырларды қызыл әскерлер табан астында атып тастай беріпті. «Алланың берген ғұмырын ешкім ұзарта да, қысқарта да алмайды» деген. Зейнеп жандәрмен Ақтөбедегі түрменің ауласына жетіп, жығылыпты.

Азапқа толы жылдар да артта қалды. Зейнеп Ұлы Отан соғысы басталғанда алғашқылардың бірі болып әскерге алынып, атты әскер полкының құрамына түскен еді. Бірақ… Соттылығы себепті алғы шепке емес, шаруашылық бөліміне жіберіледі. Жеңістен кейін туған өлкесінде түрлі салада еңбек етіп, абыройға бөленді.

– Әкеміз екі некелі болған. Қазіргі таңда барша бауырларымыз тонның ішкі бауындай жақын араласамыз. Тіл-көзден сақтасын, туыстар арасындағы сыйластыққа қылау түскен емес, – дейді Әлімбек ағамыз.

«Бек-Нұр» шаруа қожалығының толымды тірлігі мақтауға лайықты. Жазда көк майсасы жайқалған жайлауға шығып, күзге салым қыстауға оралады. Мұны естігенде сонау өткен ғасырдағы ата-бабамның кең даладағы мамыражай ғұмыры көз алдыма елестеп, кеудемді сағыныш сезімі кернеді. Біздің кейіпкерлеріміздің шаруашылығы замана көшіне сай бейімделген. Қыстауда қора-жай, құдық, еңселі де жинақы салынған тұрғын үй, өзге де шаруаға қажетті нысандар орналасқан. Ауызсу мәселесі де шешімін тапқан. Субсидия арқылы орнатылған күн сәулесімен берілетін жарықпен қамтылған. Алдағы уақытта бұлақ қаздыру да ойда тұр.

Шаруа қожалығының төрағасы Нұрсұлтан Серікбаевқа жұбайы Айтолқын, егізінің сыңары Нұртуған мен оның келіншегі Мариямкүл қолғабыс жасаудан тартынған емес. Төскейде төрт түлік төлдеткен қожалықта түйе сауу жолға қойылған. Мал азығына қажетті шөп көршілес Қазалы ауданы, оның ішінде Жанқожа батыр ауылының кәсіпкерлерінен сатып алынады  Тәулігіне сауылатын 25 литр түйенің сүті арнайы келісім жасалған мекемеге өткізіледі. Ит-құстың жоқтығы көңілге үлкен демеу. Түйе саууды әулеттің отанасы Алтынкүл апай терең меңгерсе, келіндері де еңбекқор жандар.

Талаптарыңыз оң болсын, құт дарыған әулет!

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: