Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазалыда егінге орақ түсті

14.09.2020, 14:10 1076

HALYQLINE.KZ

Күні кеше Қазалыда егінге алғашқы орақ түсті. Өңін жел қақтап, күн сүйген дала перзенттерінің жаз бойы төккен терінің өтеуін таразылайтын шақ келді. «Егінші жылда арманда». Осынау бір ауыз сөз диқан қауымның әр маусымды үкілі үмітпен қарсы аларын аңғартып тұрғандай.

Жоғарыда атап өткеніміздей, аудандағы ірі шаруашылықтардың бірі саналатын «Рза-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Ү.Түктібаев ауылындағы егін алқаптарындағы егінге алғашқы орақ түсті. Танап басындағы басқосуда аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай стенд арқылы ауданның егіншілік саласы бойынша көрсеткіштері мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәліметтермен таныстырды. «Рза-Агро» ЖШС бас аграномы Нұрлан Наурызбаев шаруашылықтың егіс орағына дайындығы барысы туралы айтып өтті.

«Тоғызарқан» учаскесінде Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев, Қазалы ауданының құрметті азаматы Айтбай Көшербайұлы, еңбек ардагері, Ү.Түктібаев ауылының тұрғыны Бағзалбай Қалышев диқандарға сәттілік тілеп, егінге орақ салу рәсімінің лентасын қиды.

«Рза-Агро» ЖШСжыл сайын жаңа технологияларды өндіріске енгізуге баса назар аударады. Нәтижесінде күріштен мол өнім алуға негіз қалануда. Бұл күні рәсімге қатысушылар жер тегістейтін итальяндық «Мара» лазерлік агрегатының қарқынды жұмыс процесіне куә болды.

Ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17 675 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Негізгі дақыл күрiш 6496 гектарды құрайды. Күріш орағына қатысатын 42 комбайн, 29 жатка, 115 трактор, 40 жүк көлігі және 59 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізіліп, егіс алқаптарында жұмыс атқаруда.

Әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілудің нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі (жаздық бидай 140 га, арпа 108 га, тары 4 га, сүрлемдік жүгері дақылы 200 га) 452 гектарға артыпты. Шаруашылықтар минералды тыңайтқыш пен зиянды организмдерге қарсы күрес жұмыстарын жүргізуге пестицидтер сатып алуды басты назарда ұстаған. Биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарынның өндірістік негіздегі егіс көлемі еселенген.

Мәселен, Сарыкөл ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы мен Ақжонадағы «Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығы картоп пен көкөніс, бақша дақылдарын (қос қожалық 43 гектарды игеріп отыр) егіп, нарыққа өз өнімдерін өткізді. «Дүзбаев Асет» шаруа қожалығының жетекшісі өз қаражатымен Ақжона ауылдық округінде барлығы 23 гектар жер учаскесіне егін шаруашылығымен айналысуда. Оның ішінде 5 гектарға картоп, 6 гектарға көкөніс, 12 гектарға бақша дақылдарын егіп, жаз бойы төккен терінің жемісін көруде. Ал, жеке кәсіпкер «Н.Нұрқожаев» болса, ауданда су үнемдеу технологиясы бойынша 3 га жерге тамшылатып суғару тәсілімен бақша дақылдарын егіп, күтімге алған.

Жаздық бидай, арпа, мақсары түгелімен жинап алынған. Мал азығын дайындауға баса көңіл бөлінеді. Күтімге алынған ескі жоңышқаның 600 гектарын тұқымға қалдырып, екі рет орылған қалған гектарынан 10 728 тн жоңышқа шөбі жиналыпты. Орташа өнім алғашқы орымда 12,4 цн/га болса, келесі орымда 16 цн/га) айналған. Алдағы мал қыстату науқанына қажетті табиғи шөп дайындауға да күш салынуда. Шаруашылықтар бойынша егін жинау науқанына қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер мен қою май және жанар-жағармайдың қосымша қорлары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: