Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Институт оқып, ит бақты

21.01.2020, 12:53 2610

Ертеде бір байдың Төрткөз және Мойнақ деген екі төбет иті болыпты. Екеуінің ақылдылығы сонша, күндіз бекерден-бекер үрмей, адамға шаппай, қараңғы түсе салысымен қора-қопсыны, малды күзетіп, ұры мен қасқырды жолатпайтын көрінеді. Иесі де оларға бір дауыс көтермей, ұрып-соқпайтын. Бірақ, алдарына тамақ келгенде екеуі таласып тұрғанда өзге иттер келіп тостағандарын босатып кететін көрінеді.

Содан екі төбет тамаққа тойып алып, әңгіме-дүкен құрып, екеуі бір-біріне достық туралы айтып, «ажырамас, тату-тәтті, не болса соған ырылдаспайтын достықты сақтайтын ит болайық» деп бір-бірін құшақтап тұрғанда үй жақтан лақтырылған бір қу сүйек екеуінің ортасына түсіп, әлгі «анттары» ұмытылып, қайтадан қырылып, төбелесіп қалыпты. Бұлардың ырылын естіген қойлар қашып кетеді, сүйекті өзге иттер әкетеді, ал бұларды малшылар су шашып ажыратып, ақыры сабап тастапты. Бұдан аңғаратынымыз, иттер бір-бірімен дос бола алмаса да, адамға жақсы серік екені ежелден белгілі. Мұны «ит – адамның досы» деген тәмсіл де дәлелдей түскендей. Тіпті ХІІІ ғасырдағы қазақтар туралы жазбаларында Марко Поло да ойға сыймайтын алып денелі, ерекше күшті иттер жайында: «Тайыншадай биік денелі иттер – тағы аңдарды аулауда, күзетте және ауыр жұмыстарда тамаша серік» деп пікір білдірген.

Алабайдың ақылын-ай!

Жалпы, қазақы иттердің арасында қазақы ит, төбет ит, қазақы тазыдан кейін алабай иттер реттілікпен тұрады. Бұлардың әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері де жоқ емес. Мәселен, алабайды азиялықтар ғасырлар бойы мал бағу және сауда керуендерін күзету үшін пайдаланған. Кең далада отар-отар қойды алдына салып жүрген алабайлар өздерін де малшылармен қатар сол отардың иесі сынды сезініп, оған қауіп төнген кезде кез келген жыртқышпен аянбай алысқан. Ал бүгінде иттің бұл түрін қалалықтар тар аулада, торда бағып, баптайды. Біз де осындай қиын да қызықты шаруамен айналысатын итбаптаушыларды іздестіріп жүргенде Нұрәлі есімді жігіт жолықты.

1980 жылдан бері ит бағып, баптайтын Нұрәліні есік алдындағы тайыншадай алабайдың иесі ғана емес, бес уақыт намазын қаза етпейтін намазхан екенін төрдегі жайнамаз бен тәспісінен аңғардық. Әдепкіде қора ішіндегі дәу иттің арпылдаған даусы-ақ зәре-құтымызды қашырды. Бірақ, ақылдылығы сол, иесінің «тихо-тихо, ну иди сюда, иди ко мне!» деген бір ауыз сөзін жерге тастамады. Оның дәл осындай айтқанын мүлтіксіз орындайтын, алабай тұқымынан 20-ға тарта иті бар.

Алабайдың тағы бір ерекше қасиеті өзі қорғап жатқан территорияға ойы бөтен, ниеті жаман адам келе қалса, тек сол аумақтан қуып шығады. Одан әрі аспайды екен.

Исламда ит бағуға рұқсат бар ма?

Шынайы өмірде мінезі қолайсыз адамдарды «итмінезді» деп балағаттап жатамыз. Шынтуайтына келгенде, иттердің мінезі қандай? Бұл туралы біреу оң, біреу теріс пікір айтуы мүмкін. Сол секілді ит бағу турасында да әркімде әрқилы ой қалыптасқан. Біреулер тұқымы ерекше, қазақы иттерді сатып, пайда көру үшін, ақша табудың оңай жолы ретінде бағады. Ал енді біреулері ауласын, қорадағы малын күзету үшін арнайы ұстайды. Ал Нұрәлінің мақсаты қайсы? Ол өзі – Алланың ақ жолына түскен адам. Алайда оған бұл іспен айналысуға бола ма?

Иттерді аңшылыққа және үй мен үй жануарларын қору үшін асырау туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Бухари», «Муслим» хадисінде: «Итті мал бағу мен аң аулаудан басқа мақсатта ұстаған адамның игі амалдары күннен-күнге азаяды», – делінген. Ал Нұрәлі итті жеті қазынаның бірі болғандықтан, оларды тірі, пайдалы мақұлық ретінде жақсы көргендіктен және иттер арасындағы тәуір тұқымдар жоғалып кетпесін деген ниетпен асырайды. Әлбетте, сату мақсатында ит асырау – мәкрүһ. Имам Шафиғидің айтуынша, ит «нәжәсүлъайн», яғни «нәжістің өзі» болып есептеліп, өзге нәжіс тәрізді құнсыз затқа жатады. Осы себептен ит сауда заты бола алмайды екен. Енді бір хадисте ішінде иті бар үйге періште кірмейтіндігі айтылған. Сондай-ақ, итті сату және сатып алу, оның ақшасын пайдалану да құпталмайды. Осыны естіп-білген кейбір намаз оқитын достары өзінен теріс айналып, араласпай қойғандары да бар екенін жасырмады. Бірақ, 20 иттің иесі қала сыртындағы малшылар жағдай айтып, сатуын сұрағанда қолдарын қайтарған емес. оны сатқан ақша бақпадағы иттердің өздеріне жұмсалады. «Апта сайын базарға апарып, баққан иттерімнің құнын құнттап, пұлын пұлдап көрген емеспін» дейді алабайшы. Дегенмен, бұл асыл тұқымды иттердің күшіктерінің өзі 20-50 мың теңге аралығында сатылатынынан хабардар етті. Сондай-ақ, кезінде әжесі әулет адамдарына «өтірік айтпаңдар», «ит атпаңдар» деп өсиет айтқан екен. «Бәлкім, немересінің біреуі ит бағатынын білген шығар» деп қалжыңдап та алды. Бұрындары 40-50 ит асыраған оған қазіргі күні қалған иттерді бағу түк те қиын емес көрінеді.

Итталастағы «итжығыс»

Қазандай басына жараса орналасқан қос көзі шытынап, арқа жүні үрпиіп, төрт табаны жерден топырақ қазып ортаға шыққан алабайдың түр-әлпеті мен пішінінен қарсылас ит қорқып кетті ме, итшайқаста «ә» дегеннен-ақ арқасымен астына түсіп, «итжығыс» болды. Бұл – Нұрәлінің Қызылорда облысында басталған иттер чемпионатына қатысып, екі кезеңде де жеңіске жеткен Майбасының жеңісі. Бүгінде ол жуырда өтетін үшінші кезеңге дайындық үстінде. Айтпақшы, иттер де салмақ дәрежелері бойынша төбелеске шығады. Мәселен, 52 келіге дейін жеңіл салмақ, 52-ден 58 келіге дейін орташа, 58-ден 64-ке орта, ал 64-тен жоғары ауыр салмақ дәрежесі болып есептеледі.

Республикаға танымал алабайшы Нұрәлі кәсіптің осы түрімен айналысып келе жатқан 30 жылдан астам уақыт ішінде талай итталастың куәсі болып, талай мәрте иттерін чемпион атандырған. Бұрындары біздің аймақта мұндай шаралар шатқаяқтап қалғандықтан, 1986 жылдан бастап сырт облыстарға баруға тура келген. Бертін келе, 1999 жылы Қызылордада «Қазақы ит» баптаушылар қоғамы ұйымдастарған итшайқастан «Тасшайнар» деген алабайы чемпион атанған. 2003 жылы иттер төбелесінің 10 жылдығына орай Шымкент қаласында ұйымдастырылған Азия клубына «Аккош» есімді итін қатыстырып, жүлделі орын алған. 2011 жылы Атырауда өткен төбеттердің халықаралық байқауында Ақтабан есімді иті үздік дипломмен марапатталған. Одан бөлек, ел арасында «Қазанбас» деген лақап атымен таныс Көкбөрісі – 2010-2011 жылдардағы ҚР иттер арасын­дағы чемпионы. Ит баптаушы осы итін мақтан тұтатынын жасырмады.

Біздің көретініміз – күнделікті екі иттің бір сүйекке таласуы. Ал иттердің арнайы төбелесін (онда да шетелдік көрсетілімдер) бұрындары теледидардан тамашалап, аузымыз айға қарап, таңырқап отыратынымыз жасырын емес. Негізінде ит төбелестіру үрдісі Ежелгі Рим империясынан бастау алған. Римдіктер амфитеатрларында иттерді бір-бірімен, жолбарыс немесе арыстандармен төбелестірсе, кейде тіпті адамдарға айдап салып қызықтаған екен. Кейін бұл XIX ғасырда Англия мен Францияда кеңінен таралады. Сөйтіп, Еуропадан бастау ал­ған ит төбелестіру үрдісі біртіндеп бүкіл әлемге жайылды. Ал итті малды қасқырдан қорғайтын күзетші ретінде ұстаған қазақ үшін бір-біріне айтақтап, төбелестіру дегеннің жат нәрсе болғаны белгілі. Қазір бұл қазақтың көкпары іспетті үлкен маңызға ие болып бара жатқандай. Төбелестіруге адамдардың да қызығушылығы артқан, иттер де әбден машықтанып алған. Бірақ заманның көшіне қарай бұл үрдістен біздің еліміз де тыс қалған жоқ. ТМД елдерінің ішінде спорттың белгілі бір түрі ретінде төбелескіш иттер спортын заңдастырған жалғыз ел – Қазақстан. Қазір елімізде «Бөрібасар – қазақ төбеті» республикалық федерациясы жұмыс жасайды. Айтпақшы, әлемнің көптеген елдерінде ит таластыруға тыйым салынған. Бірақ, біздегі ит таластыруда хайуанаттарға зәбір көрсетпеуге баса мән берілгендіктен, әрі саятшылық өнерге қатысы бар болғанд­ықтан, оған әзірге тыйым жоқ.

Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал

Иә, орталарына сүйек түссе, достықты ұмытып таласа кететін иттерді тойдыру да оңай емес. Әр итке таңертең және кешкілік екі мезгіл тамақ беріледі. Егер қою тамақ болса, 1,5 келіден, сұйық тамақ болса, 3 литрден үлестіріледі. Ал көбіне ұрғашы, туған иттерге және жас күшіктерге етті асып береді. Кейде сорпа қайнатып, ұн шайып, тамақтың түр-түрін беріп бағу да біраз шыдамдылық пен қажырлықты қажет етеді. Арпылдап тұрған алабайлардың асқазанын толтыру үшін қаладағы құсханалар мен мал сою цехтарымен келісімге отырған. Адамдардың күнде-лікті асқа қолданатын еттерінен бөлек қалған қалдықтарды аптасына 2-3 мәрте тасып алып келеді. Ит тамағына қажетті еттің өзіне айына шамамен 30-35 мың теңге кетеді. Одан өзге де тамақ түрлерін алуды қоса есептегенде 100 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады.

Ал, баптап, баққан соң олардың денсаулығына да аса мән беру керек. Себебі, иттен жұғатын түрлі аурулар да бар. Сондықтан жылына екі рет жалпы екпе жасалып, бір рет құтыру қаупіне қарсы дәрі егіледі. Оған қажетті дәрі-дәрмектер де қосымша қаржыны қажет етеді. Есесіне қауіпсіздік мәселесіне алаңдамауға болады.

Бір ит көріп, екі ит еріп үреді

Қазақта ұлыған итті бірден «ату жазасына» кесу әдетке айналған. Себебі ол жамандық шақырады, өлім-жітімнің көбеюіне себепкер болады деген түсінік қалыптасқан. Жеме-жемге келгенде бұл біржақты ғана түсінік екен. Күнделікті есік алдында бағып жүрген иттеріміз де кейде осындай қылық көрсетіп жатады. Ал біз оларды ұрып, тас шөкелеп, айғайлап, тіпті атып әлекпіз.

 – Көшенің қарсы бетіндегі көршім қаланың шет жағына көшіп кеткен болатын. Ал иті күнде осында келіп ұлиды. Үйіне алып кетеді, алысқа да апарып тастайды, қайтып келіп тағы ұлиды. Не керек, бас-аяғы бір айдай осындай әдетін қоймады. Болмаған соң ит ататындарды шақырып, аттырып тастады. Өкінішке орай, бір аптадан кейін үйіндегі анасы жер жастанды. Сөйтсек, әлгі ит мақұлық сол үйге бір қауіптің келетінін жеткізе алмай жүр екен. Анасы сол мезеттерде ауырып жүрген, бірақ алыстағы қызына қонаққа жібермей қояды деп, балаларына айтпапты. Ақыры арманына жете алмады, – деп бір мысал келтірді Н.Өмірәліұлы.

Отыз жылдан астам иттің жанында жүріп, олардың тілін түсініп, жанын ұққан Нұрәлі иттердің үш түрлі жағдайда ұлитынын да айтып берді. Бірінші, иттер аспанға қарап ұлыса, жақсылықтың белгісі. Сол үйде жақында қуаныш, жақсылық болады деген сөз. Екінші, қандай да бір қауіп-қатердің келетінін аңғартатын иттер отырып алып, ұлуын жоғарыға қарап бастап, төменге қарап тәмамдайды. Ал үшінші түрі беталды ұли береді. Ұлудың мұндай түрі әдетте иттердің ұйығуы бас­талған кезде көбейеді. Ол иттің өзі немесе сол маңдағы иттердің бірі сыңар іздеп, ұйығып жүрсе, жақын-жуықтағы ит мақұлығы осындай белгі береді екен.

Институт оқып, ит баққаны несі?

Иә, көпшілік осылай ойлауы әбден мүмкін.

– Институт қабырғасында оқып жүргенде бір овчарка итім болды. Қайда барсам да ізімнен қалмайтын қасиеті бар. Оқу орнына еріп барып, сабақтан шыққанша күтіп тұратынды шығарды. Таңертең барам дегенше папкамды аузына тістеп барады, қайтарда тістеп қайтады. Содан бір күні дәріске кіріп, аудиторияның арт жағындағы партада отырды. Мұны көрген оқытушылар декан шақыртып, біраз шулаттық. Маған «неге кіргізесің?» деп ұрысқанда: «Ол – менің көмекшім. Папкамды ұстап келіп, ұстап қайтады» дедім. Сенбеді. Қайтар кезде ғимараттың алдында менің папкамды аузымен тістеп, маған қарап тұрған итімді көргенде барлығы таңырқаған. Кейіннен әлгі кісілермен ара-қатынасымыз жақсарды, қазіргі күні де араласып тұрамыз, – дейді Нұрәлі.

Осындай қызықты жайттарды басынан кешірген ит баптаушы аға халықаралық кинологтар одағынан кинолог-инструктор атағын алған.

1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Нұрәлі Абдуманов 1986-1991 жылдар аралығында Қызылорда агроөнеркәсіптік институтын (қазіргі Қорқыт ата атындағы ҚМУ) инженер-гидротехник мамандағы бойынша бітірген. Одан кейін Ресейде технолог мамандығын игерген. Отбасылы, үш баласы бар. «Ер адамның жеті қазынасы түгел болса, бақытты өмір сүреді» дейді атам қазақ. Нұрәлінің де жеті қазынасы түгел.

 «Біледі қарт тұрмысты, күле қарайд күйкіге: қыдырмалау келеді бұ қаланың иті де, мал айдау, ат жетектеу – ескі мода, ескі ұғым, жаңа мода мұндағы – ит жетектеу кешқұрым». Бұл – Жұмекен Нәжімеденовтің Мұздыбай қарт туралы жазған өлеңінен үзінді. Ал қазақта итке қатысты жағымды сөздерден гөрі «ит тірлік», «иттің итақайы», «ит өлім», «ит мінез», «ит терісін басына қаптау», «итше ырылдасу», «ит сілікпесін шығару», «ит байласа тұрғысыз», «күшік күйеу» секілді жағымсыз тіркестер айтылады. Дегенмен, біреуге ат баққан жағады, біреуге ит баққан жағады. Бастысы, қазаннан қақпақ, иттен ұят кетпесін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: