«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 423.87 (1.47)

  • EUR: 505.25 (2.47)

  • RUB: 5.59 (0)

Егіс алқаптары сусыз қалуы мүмкін

16.06.2020, 16:45 423 0

HALYQLINE.KZ Жыл сайынғы аптап ыстыққа төтеп беріп, Жер-Ананың құшағына дәнін сеуіп, бұйырған несібесін алып жүрген диқан қауымы үшін биылғы егіс науқаны сындарлы сынаққа толы болғалы тұр. Неге десеңіз, жүзіңді қақтап жіберуге дайын күн райының ыстығына адам баласы төзгенмен, тамырымен жерден нәр тартып тұрған өсімдік атаулының шыдас беруі екіталай. Сөзіміздің ыңғайын бажайлап отырсаңыз, Сыр диқандары су тапшылығына ұшырауы мүмкін деген қауіпті сезінесіз. Қызылорда облысы экономика тірегінің қарқынды дамуына байланысты бірте-бірте индустриалды бағытқа бет алғанмен, аграрлы аймақ ретінде атакәсіптен айналып өтіп, оны дамытуға назар салмай отырған ел емеспіз. Заман ағымына байланысты аграрлы-индустриалды облыс ретінде шаруасы шалқып-ақ келеді. Арагідік су тапшылығы, аптап ыстық секілді табиғи кедергілердің мәселе тудыратыны рас. Биыл да бұл мәселе мезгілінде шешім табуы тиіс. Аяқсу мәселесінің оң шешімін табуы – облыс экономикасы мен экологиясының бір кем дүниесі түгелденді деген сөз. Ал биылғы ахуал қандай болмақ? Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтылды.

Өткен жылы да осы тектес қиындықтарға тап болған егіншілер ала жаздай егістік алқаптарын кезекпен суарды. Сонда да республикалық «Агрокарта» шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып, ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар толастаған жоқ. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иран нарығына шығарылды. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері Қытай мен Ресейге жіберілді. Бір-бірімен келісе отырып, тұрақты мақсатына жетуге тырысқан Сыр диқандары егін жинау жұмыстарын орташа есеппен әр гектардан 60,3 центнерден өнім жинап, қамбаға 530,5 мың тонна Сыр маржанын құйған еді. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, 2016-2025 жылдарға арналған лимитіне сәйкес, Қызылорда облысына барлығы 5429 млн текше метр, оның ішінде ауыл шаруашылығы дақылдарын тұрақты суаруға 4159 млн текше метр су белгіленген. Бекітілген лимитке сәйкес облыс бойынша ағымдағы жылы 181,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 86,9 мың гектар күріш орналастырылған.

 – Бүгінде егістікке 1,5 млрд текше метр су алынды. Сондықтан Қызылорда облысының егістік жерлерін сумен қамтамасыз ету үшін 2,7 млрд текше метр су қажет. Осыған байланысты Үкіметке Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің өкілдерімен маусым-тамыз айларында Шардара су қоймасына 2,3 млрд текше метрден кем емес көлемде су жіберуге келіссөздер жүргізу қажеттігі жөнінде ұсыныс бердік. Бір айта кетерлігі, су тапшылығы шілде айында күрделенеді деп болжануда. Яғни егілген егінді суару процесі қиындайды. Тіпті 5,8 мың гектар күріш алқабы мүлде сусыз қалу қаупі бар, – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Б.Шаменов брифинг барысында.

Аяқсу экологиясы тек егістік алқаптарға тән емес. Қала орталығы, қалаға қарасты елді мекендерде де табиғаттың тамыршысы тапшы күйде. Бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстар да шама-шарқынша жүйеге келтірілуде. 2020 жылы облыстық клммуналдық меншіктегі 12 каналға су шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге 505,2 млн теңге бөлінді. Оның ішінде облыстық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралып, 20 канал тазаланып, өздігінен су бармайтын елді мекендерге сусорғы қондырғылары орнатылған. Өйткені жағдай осы әрекетке итермелеп отыр. Оған себеп Сырдария өзенінің су мөлшері Нарын-Сырдария су қоймасынан түсетін суға тәуелді. Ал ондағы тіршілік көзінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2508 млн текше метрге кем. Биыл да өткен жылғы әдістердің біршамасы қайталанады. Яғни, кезектесіп суару, су соратын сорғыларды пайдалану, су жүйелерін тазалау, қашыртқыларға тасталатын судың көлемін азайту, тағысын тағы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: