Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Егінді әртараптандыру – уақыт талабы

12.10.2020, 10:40 910

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданы – ауыл шаруашылығы саласына бейімделген өңір. Қырында төрт түлік төлдетіп, Сыр беткейінде жайқалтып бақша, егіс еккен ауданның жұртшылығы өзге де кәсіптің қыр-сырына қанық. Десе де, кейінгі жылдары аяқсудың тапшылығы қазалылықтарды алаңдатып отырғанын жеткізе кетсек.

«Су – тіршілік нәрі» деген қағида соңғы уақытта өзінің бәсін биіктете түскенін көзбен көріп те жүрміз. Биылғы жылы аяқсудың жетіспеушілі Қазалы ауданында қатты білінді. Соның салдары бірқатар жеке кәсіпкерлердің мал азығына қажетті шөп дайындауға, жеке иеліктердің ала жаздай бейнеттенген бақшасынан жиналатын өнімнің кемуіне әсерін тигізді.

– Ауызсуды қыстау басындағы құдықтан аламын. Ал иелігімдегі төрт түлікке суды сол маңайдағы ойпатқа күз мезгілінде су жығып, қыста суат есебінде пайдаланмын. Биылғы аяқсудың тапшылығы шаруашылыққа салмақ түсірді. Соның кесірінен малға қажетті шөп көлемі жылдағыға қарағанда аздау әзірленді, – дейді өзім тілдескен шаруа қожалығының жетекшісі.

Мұндай ахуал негізгі жұмысына қоса, жеке кәсіппен айналысатын маған да жақсы мәлім. Биылғы аяқсудың жетімсіздігінен шаруашылығымыз едәуір зиян шекті. Енді «алдағы жылы аяқсудың жайы қалай болады, ойға алған дала жұмыстарына (бақша, жоңышқа егіп, өзге де тіршілік жасауға…) білек сыбана кірісе аламыз ба?» деген сауал жиі мазалайды.

Жуырда Қазалыда өткен келелі басқосу жоғарыдағы күдікті аздап болса да сейілткендей болды. Аудандағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі мәжіліске облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев, «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Сейілбек Нұрымбетов, Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Дүйсембеков және аудандағы егін, мал және балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатысты.

Мәжілісті ашқан Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев су мәселесі жылдан-жылға күрделеніп, ауыл шаруашылығымен айналысатындарға көптеген қиындықтар туындатып отырғанын, бүгінгі кездесудегі егін, мал және балық шаруашылығы өндірісін дамыту, өңдеу мен өткізуге қатысты өзекті мәселелер жөнінде ұсыныс-пікір алмасып, оның шешу жолдарын бірігіп талқылаудың маңыздылығына тоқталды.

Жақында ғана облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған Шахмардан Қойшыбаев болса, шаруашылық басшыларының кез келген ұсыныс-пікірлерін тыңдап, талқылауға дайын екендігін жеткізді.

Басқосуда «Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесінің басшысы Сейілбек Нұрымбетов пен Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Бақытжан Дүйсембеков Сырдария өзені бассейнінде су тапшылығы орын алып, бұл мәселенің жылдан-жылға күрделене түскенін айта келе шаруашылық басшыларын егінді әртараптандыру бағытына бет бұруға шақырды.

Жиын барысында «Тілеп» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, «Сыр маржаны» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, «Жалаңтөс батыр» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Қасқырбай Әлімбай аудандағы шаруашылық иелерін толғандыратын мәселелерді ортаға салды.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: