Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Даладағы еңбек дүбірі

25.08.2020, 13:00 616

HALYQLINE.KZ

«Жылдан жылдың жүгі ауыр». Осынау қанатты қағида танаптардағы жайқалған дақылды, дала қосындағы тынымсыз еңбекті, ерсілі-қарсылы ағылған техника, астыққа толы қырманды, диқандардың шаттыққа толы күн қақтаған жүзін қаз-қалпында көз алдыңызға еріксіз елестетеді.

Қолдағы дерекке сүйенсек, ағымдағы жылы Қазалы ауданында 17 675 га жерге (меже 17 511 га) ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Яғни, өткен жылғы егіс көлемінен біршама гектар артық егілген. Негізгі дақыл күрiш 6496 гектарды құрайды. Әртараптандыру бағытындағы дақылдарға ерекше мән берілудің нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда аталған дақылдар көлемі (жаздық бидай 140 га, арпа 108 га, тары 4 га, сүрлемдік жүгері дақылы 200 га) 452 гектарға артыпты. Егістен межелі өнім алуды мұрат тұтқан шаруашылықтар минералды тыңайтқыш пен зиянды организмдерге қарсы күрес жұмыстарын жүргізуге пестицидтер сатып алуды басты назарда ұстаған. Бір қуаныштысы, биыл картоп, көкөніс, бақша дақылдарының өндірістік негіздегі егіс көлемі еселенген. Мәселен, Сарыкөл ауылдық округіндегі «Данияр» шаруа қожалығы мен Ақжонадағы «Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығы картоп пен көкөніс, бақша дақылдарын (қос қожалық 43 гектарды игеріп отыр) егіп, қазіргі таңда нарыққа өз өнімдерін өткізуде. Осы ретте кейбір кәсіп иелерінің қарқынды тірлігі туралы аз-кем тоқтала кетсек.

«Дүзбаев Әсет» шаруа қожалығының Ақжона ауылдық округі, Майдакөл ауылында мал шаруашылығын дамыту бағытындағы жобасы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен мақұлданып, құны 23,9 млн теңге несие қаражатына 53 бас жылқы, 10 бас түйе алып, шаруашылығын дамытуда. Сонымен қатар, шаруа қожалық жетекшісі өз қаражатымен Ақжона ауылдық округінде барлығы 23 гектар жер учаскесіне егін шаруашылығымен айналысуда. Оның ішінде 5 гектарға картоп, 6 гектарға көкөніс, 12 гектарға бақша дақылдарын егіп, жаз бойы төккен терінің жемісін көруде.

Жеке кәсіпкер «Н.Нұрқожаев» болса ауданда су үнемдеу технологиясы бойынша 3 га жерге тамшылатып суғару тәсілімен бақша дақылдарын егіп, күтімге алған.

Бүгінгі таңда ауданда жаздық бидай, арпа, мақсары түгелімен жинап алынған. Дала перзенттерінің тіршілігінің қайнар көзі төрт түлік саналатындықтан, мал азығын дайындау басты мәселе екені жалған емес. Осы орайда күтімге алынған ескі жоңышқаның 600 гектарын тұқымға қалдырып, екі рет орылған қалған гектарынан 10728 тонна жоңышқа шөбі жиналыпты. Орташа өнім алғашқы орымда 12,4 цн/га болса, келесі орымда 16,0 цн/га айналған. Алдағы мал қыстату науқанына қажетті табиғи шөп дайындауға да күш салынуда. Оған қоса, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүргізілуде. Көкөністің әр гектарынан 110 цн, бақшадан 115 цн өнім алынуда. Сүрлемдік жүгері жинау әні-міне дегенше басталады деп күтілуде.  

– Күріш алқаптарының суын байлау жұмыстары ағымдағы жылдың 5 тамызынан басталды. Толық су байлау белгіленген мерзімде аяқталады деген ойдамыз. Қазіргі таңда орақ салу жұмыстарына қызу дайындық жүргізілуде. Ауданда күрішке орақ салу жұмыстары жекелеген шаруашылықтарда қыркүйек айының 1-жұлдызынан, жаппай ораққа кірісуді 6 қыркүйектен бастау жоспарланған. Күріш орағына түсетін жатка мен комбайнның бірқатары шетелдің жоғары өнімді, сапалы жаңа техникаларымен жасақталған. Шаруашылықтар бойынша егін жинау науқанына қатысатын техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер мен қою май және жанар-жағармайдың қосымша қорлары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген, – дейді Қазалы ауданы ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: