Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлік – экономика драйвері

05.03.2020, 11:56 702

МҰНАЙ  САРҚЫЛЫП,

КӘСІПКЕРЛІК  КЕМЕЛДЕНІП  КЕЛЕДІ

Облыс экономикасындағы мұнай өндірісіне тәуелділік өнеркәсіптік өнімнің 10 пайыздан жоғары азаюына әкеп соқтырды. Соңғы 7 жылда мұнай өндірісі екі есеге дейін азайғандығы салдарынан өңдеу өнеркәсібіне бет бұрғанымыз жасырын емес. Яғни, шағын және орта бизнесті әртараптандыру бағытында жұмыстар істелуде. Нәтижесінде өткен жылдың 9 айында шағын және орта кәсіпкерлік саласында 2,5 пайыз өсім қалыптасқан.

 – Мұнай өндірісінің азаюы аймақ кәсіпкерлерін дәстүрлі ауыл шаруашылығы саласына қаражат салуға әкелуде. Аймақтың климаттық ахуалы бақша дақылдары, жеміс-жидек пен жылыжай өндірісін жетілдіруге қолайлы. Дақыл егуге дария бойындағы суармалы тәсілді пайдаланса, аяқ судан шалғай аумақтарда жерасты суын пайдалануға толық мүмкіндік бар. Биыл Палата тарапынан пилоттық негізде қолда бар өнімдерді консервілеу шағын цехтарын, өнімдерді бірлесіп өткізу сервистік дайындау ұйымдары мен қабылдау пункттерін жетілдіру жоспарда бар, – деді бизнес-қауымдастық алдын­да есептік кездесуін өткізген Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов.

Есеп басталмас бұрын аталған жобалар бойынш­а қайтарымсыз грант ұтып алған кәсіпкерлер  фойеде  көрме  өткізді.

«ҚАРА  ТІЗІМГЕ»  НЕГЕ  ІЛІКТІК?

Грант демекші 2019 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысын­да мемлекеттік гранттар ұсыну үшін 1 367 млн теңге бөлінген. Бұл ретте шағын кә­сіпкерлерді қаржыландырудың тиімді жолы – шағын несиелендіру. Одан кейінгі мәселе – өндірілген тауарды өткізу мен кадр мәселесін шешу.

– 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында қысқамерзімді кәсіптік оқыту процесі «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының реестріне енген оқу орталықтарының өндірістік алаңдарында өткізіледі. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның жағдайында жұмысшы кадрларды дайындау қысқа мерзімде сапалы, білікті жұмысшы маман­дарды дайындау мүмкіндігін береді. 2017 жылы реестрге кәсіпорындардың жанында ашылған 8 оқу орталығы енген болса, 2019 жылы мұндай оқытатын кәсіпорындардың саны 19-ға, жеке оқу орталықтары – 7, ал колледждер саны 4-ке жетті. Барлығы реестрге 30 оқу орталығы еніп, қысқамерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік алды. Айта кету қажет, оқу орталықтарында оқыған азаматтардың жұмыспен қамтылу деңгейі 60 пайызда­н төмен болған жағдайда, оқу орталығы қысқамерзімді оқытуға қатыспайды, – деді Ғалымбек Жақсылықов.

Өздеріңізге белгілі, бәсекеге қабілеттілік ең алдымен адами ресурстардың ұшталуына байланы­сты. Осы ретте білім саласындағы модерни­зация кәсіпкерліктің негізгі драйверіне­ айналып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруға­  «Дуальд­ы   оқыту  жүйесінің  Жол картасы», «Кәсіптік бағдар беру жұмысының Жол картасы», оқу орындарындағы жаңадан енгізілге­н «Кәсіпкерлік негіздері» пәні де  септігін тигізуде. Екі жылдан бері «Атамекен» ҰКП еңбек нарығы мен ЖОО қызметі арасындағы айырмашылықты теңестіру мақсатында білім беру бағдарламаларының рейтингісін жүргізіп келеді. Қызылорда қаласынан 3 жоғары оқу орны қатысты.

– Өкінішке қарай өңіріміздің ЖОО төмен деңгейдегі көрсеткіштерге байланысты «қара тізімге»  енді, – деді палата директоры.

«ҚАРАПАЙЫМ  ЗАТТАР  ЭКОНОМИКАСЫ»

ИМПОРТТЫ  АЛМАСТЫРАДЫ

Өздеріңізге белгілі, 2025 жылға дейін республика бойынша қарапайым заттар импортын 37%-ға азайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметінің қаулысы қабылданып, өнеркәсіп өнімін шығаратын кәсіпорындарға жеңілдетілген шарттармен 600 млрд теңге бөлініп, қаржыландыру басталды.

– Осы бағыттағы қызылордалықтардың баст­ы жұмыстарының бірі – жеңілдікпен несие­лендіру. Аймақта арнайы құрылған өңірлік жобалы­қ кеңсесінің ұсынысымен басым жоба­лар­ тізіміне жылқы, түйе, қой, ешкі, құс, тауық, қаз, балық өсіру, тұзды қайта өңдеу, бетонн­ан материалдар, силикат кірпішін шығару сияқты қызметтер енгізілді. Ал Қызылорда облысы бойын­ша бүгінде жалпы құны 11,2 млрд теңгені құрайтын 110 жобамен тиісті жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде құны 6,5 млрд теңгені құрайтын 49 жоба мақұлданды, – деді палата директоры  Ғ.Жақсылықұлы.

«Қарапайым заттар экономикасын»  дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықты­ру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілетт­ілігін ынталандыру және халық тұты­натын тауарлардың кең номенклатурасын шығару­. Оны дамытудағы басты мақсат – халық­тың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілет­ті  өндіріс  орындарын  құру.

ТАУАРДЫ   ӨТКІЗУ  ДЕ – БІР  ЖҰМЫС

Несие алып, жобаны іске асырғаннан кейінгі негізгі проблема – өндірілген тауарды өткізу. Осы мақсатта кәсіпкерлер палатасы аймақтағы ірі кәсіпорын басшыларымен келісім арқылы «Бастау-бизнес» бағдарламасы аясында кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлердің тауарын өткізу үшін арнайы ғимарат бөлгелі отыр. Бұл бастама­ біраз кәсіпкерге қолдау болары анық. Одан өзге мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 36,9 млрд теңгені құрайтын 142 жоба әртүрлі деңгейде  жүзеге  асырылуда. Жалпы сомасы 15,1 млрд теңгені құрайтын 42 жоба бойынша келісімшарт жасасқан. Бұл жобаға кәсіпкерлер де қызығушылық білдіріп отыр. Дегенмен жергілікті өкілетті орган жеке қаржылай бас­тама арқылы іске асырылатын жобаларды қолда­мауда. Одан өзге тағы бір мәселе – ауыл халқының 70 пайызға жуығы айналысып отырған агроөнеркәсіп кешенінің дамуындағы кедергі­лер. Бүгінде палата тарапынан атқарылған  жұмыстар  нәтижесінде бірқатар мәселелер өз  шешімін  тапты.

Қызылорда облысының кәсіпкерлер пала­тасы қызметінің басты бағыттарының бірі – кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделе­рін қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту.

– Жалпы, 2019 жылды 2018 жылмен салыстыратын болсақ, палатаға келіп түскен өтініш­тердің саны 41 пайызға артса, оң шешімін тапқан өтініштер саны – 43 пайыз. Кәсіпкерлерге қатысты сот отырыстарының саны 21 пайызға артқандығы кәсіпкерлік қызметтегі проблемалық мәселелердің артуын аңғартып тұр. Көп кездесетін кедергілер жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, салық және мемлекеттік сатып алу салаларында орын алып отыр. Палатаның бастамасымен азаматтарға кәсібін жүргізуге кедергі жасаған 11 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартыл­ды, – деп мәлімдеді есепті жиын өткізген палата  директоры.

МАЛ   ТЕРІСІ   ЭКСПОРТТАЛАДЫ

Палата басшысының айтуынша, облыста қазірдің  өзінде түйе сүтіне деген сұраныс артып­ отыр. Оған себеп, сүт қабылдау пункттерінің ашылып, түйе сүтінің тұрақты қабылдануында екен. Ендігі жерде түйесі бар шаруалар мал басын­ көбейтуге көшсе, өзгелері сатып алып  жатқан көрінеді. Бұған дейін литріне 700-800 теңге  болған түйе сүті енді көтерме бағада 1000 теңгеден сатылуда. Бұған дейін бір сауын түйе 550 мың теңге болса, ендігі жерде  1 млн теңгеге дейін көтерілген.

Мал шаруашылығындағы түйткілді мәселе­нің­ де түйіні табылыпты. Бұған дейін ірі қара малдың терісін шетелге экспорттауға тыйым салған еді. Индустрия министрлігінің  2019 жылы 6 айға шектеу қоюы, осы кәсіпте жүрген қанша адамның бизнесін тоқтатқан. Ал мал сою пункттерінде, аулаларда сойылған теріле­р қоқысқа тасталып, қолайсыз жағдайлар тудырған. Жыл соңында мемлекеттік орган шектеуді 5 жылға созуды жоспарлаған екен. Аталмыш мәселе Министрлікке, «Атамекен­нің» орталық аппаратына дейін көтеріліп, шекте­у жыл соңында алынып тасталды. Одан бөлек, ауыл-аймақ, елді мекен тұрғындарының мал жаюға және шөп шабуға жер учаскелерінің жетіспе­ушілігі мал басын одан әрі көбейтуге кедергі­ келтіретінін айтып келген. Атаулы проблема­ны шешу барысында Палата мамандарымен «Орман кодексіне» сай облыс кәсіп­керлеріне мемлекеттiк орман қоры учас­келерiн 10 жылдық мерзімге пайдалануға беру тетігі анықталып, облыс басшысының көмегімен орман­ қоры жерлерін ұзақ мерзімге арендаға алу мәселесі шешілген. Нәтижесінде 110 азаматқа 55 мың гектарға жуық орман қоры жерлері мал жаю және шөп оруға келісімшарт негізінде табыста­лған.

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы көмек сұрап келген азаматтарды идея ұсынған кезден бастап қолдауға дайын. Дәлел ретінде айта кетейік,­ 2019 жылдың соңына дейін «Бизнес мектеп» жобасының аясында 403,5 млн теңгені құрайтын 284 жоба қаржыландырылған. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 858,8 млн теңгенің 1223 жобасы қолдау тапқан. Жобаның соңы бұл емес. «Жас кәсіпкер» жобасы негізінде 500-ден астам жоба қаржылай қолдауға ие болды.­

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: